Жексенбі, 08 Қазан 2023 20:52

Түркістандық айтыскер ақын республикалық жыр додасында бас жүлдеге ие болды

Түркістанның тумасы Бекарыс Шойбеков Павлодар облысы, Баянауылда өткен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдық мерейтойына арналған «Алты Алашқа жайылып кеткен атым» республикалық ақындар айтысында бас жүлдеге ие болды.

Айтыстың алғашқы айналымы С.Торайғыров атындағы мәдениет үйінде өтсе, мәре айтыс Ескелді алқабында жалғасты. Дүбірлі доданы белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтай жүргізді. Айтысқа Бекарыс Шойбековтен бөлек, Дидар Қамиев, Нұрмат Мансұров, Айым Асылбекқызы, Аспанбек Шұғатаев, Қабдолла Бейісхан, Абзал Қабдраш, Тілек Сейітов, Рауан Қайдаров, Мәрес Байрон сынды жалпы саны он ақын қатысты.

Биыл елімізде, соның ішінде Павлодар облысы Баянауыл ауданында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдығы кең көлемде тойлануда. Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов салтанатты іс-шараға қатысып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы халқымыздың ауыз әдебиетін, шежірелі тарихын және салт-дәстүрін жан-жақты зерделеп, ұлт руханиятын дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Ұлы ойшылдың мол мұрасы әлі де талай ұрпақтың қажетіне жарары сөзсіз. «Салған мені бейнетке ғылым-білім» деп ақынның өзі жырлағандай, терең таным мен телегей білімнің арқасында елге танымал болып, «Мәшһүр» атанған абызды ұлықтап, еңбектерін жұрттың жадында жаңғырту – баршамыздың ортақ парызымыз» – делінген Президент құттықтауында.

«Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков Павлодар облысындағы бірінші рет айтысқа барғанын, Мәшһүр Жүсіп бабамыздың мерейтойына арналған айтыстың тартысты өткенін жеткізді. Мерейтой аясында облыста республикалық ақындар айтысы, жыршы-термешілер байқауы, көкпар, бәйге мен қазақ күресінен жарыс өтті.

Атақты ақын, ғұлама оқымысты Мәшһүр Жүсіптің көп қырлы талант екені елге мәлім. Қаршадайынан оқыған, оқып қана қоймай, көңіліне мол дүние тоқыған білімдар. Ақынның 1907 жылы үш бірдей кітабы – "Көп жасағаннан көрген бір тамашамыз", "Хал-ахуал", "Сарыарқаның кімдікі екендігі" атты жыр жинағы жарық көрсе, "Миғраж", "Хаятбақшы", "Қорқыт", "Гүлшат-Шеризат" деп аталатын қисса-дастандарын, публицистикалық этнографиялық еңбектерін, халық ауыз әдебиетін жинаудағы қыруар жұмысын атасақ та жеткілікті. Мәшһүр Жүсіптің ақындығына тоқталсақ, оның нәзік те отты, ойлы өлеңдері халықтың өз ішінен қайнап шыққан талант екенін көрсетеді. Ел ішінің жағдайына жастай қанық ақын ағайын-туыс, бауырдың жан сырын терең жырлайды, нәзік тербейді. Олардың мінез-құлқын салмақты баяндап, сабырлы түйіндейді. Бір қызығы, әрқайсының мінезі әртүрлі, бірі біріне кереғар, күле салуы да жылдам, ренжи салуы да оңай.

Мәшһүр Жүсіп 1858 жылы өзінің айтуынша (қазақша қой жылы, арабша ережеп айында, жұма күні, бесін кезінде), Қызылтауда, Найзатас деген жерде дүниеге келеді. Нәресте туған соң ата-баба салтымен азан шақырып, атын Адам Жүсіп болсын деп қояды. Ал, оның Мәшһүр Жүсіп дейтін атқа ие болуы жайы да қызық. Сегізден тоғызға аяқ басқан шағында қалың топтың алдында бірде-бір мүдірместен мақамына келтіре отырып "Төрт жігіттің өлеңі", "Ер Тарғын", "Қозы Көрпеш – Баян сұлу" лиро-эпос дастандарын жатқа толғайды. Жиылған қауым дән риза болып, "баланың аты – Мәшһүр болсын, тіл-көзден аулақ болуы үшін басына үкі тағып қойыңдар", – дейді. Қара өлең, қайым өлең, жар-жар, аужар, сыңсу, батырлар жыры, лиро-эпос жыры, шешендік сөздің неше алуан түрін жастайынан жаттап өскен Мәшһүр өзі де он бес жасынан бастап өлең шығара бастапты.

Ақын үзбей өлең жазып, халықты өнер-білімге шақырғаны мәлім. Мәшһүр Жүсіптің түпкі арманы – халықты жаппай сауаттандыру еді. Алайда, ол мұндай игілікті іс тек сөзбен ғана іске аспайтынын, ол үшін қолда билік болуымен қатар, мол қаражаттың қажет екендігін кейін сезінді. Амалсыз ішкі мұң-шерін тағы да өлеңмен шертті.Ол көпшіліктің берекесін алатын, жарастығын бұзатын озбырларға үнемі қарсы тұрып келіпті. Бұл турасында профессор Б.Кенжебаев:"Мәшһүр шығармаларының көпшілігінде заман жайын айтады, қазақтың теріс мінездерін, қазақ арасындағы ескіліктің қалдығын, би-болыстарды, патша үкіметінің чиновниктерін сынайды", – десе, ғалым жіті байқап, дұрыс бағалаған деп білеміз.

«AQ-QARA.KZ»

Оқылды 139 рет