Сәрсенбі, 16 Қазан 2019 17:34

Шымкентте «Шабыт» фестивалі шымылдығын түрді

«Жастар жылы» аясында ұйымдастырылған шараға үміт білдіргендер қарасы көп дейді ұйымдастырушылар. Алғашқы кезеңде үміткерлер дәстүрлі әндерді орындау және эстрадалық вокал бойынша бақ сынады. Фестиваль аясында жастар ән, би, музыка өнері, көркем сурет және әдеби шығарма аталымы бойынша сайысқа түседі.

«Шабыт» шығармашылық фестивалі  өнерлі жастар арасында  жүзден жүйрікті анықтайтын ашық алаңға айналды.  Шараға жалпы 3000 – ға жуық үміткер қатысуда. Ең алғаш болып қаламыздың талантты жас әншілері өнерін көрсетіп, бақ сынады. Жастар  халық және  классикалық жанрдағы  әндерді орындап,  қазылар алқасының оң бағасын алды.

Шабыт - жастардың шығармашылығын қолдауға бағытталған шара. Бес бағыт бойынша жүреді. Оның ішіне ән, би, ұлттық аспаптар өнерін, суретшілер мен жас ақындарды қолдайтын жоба. Бұл сайысқа 14 пен 29 жас аралығындағы жастар қатыса алады.Кіл мықтыдан шын мықтыны анықтайтын сайыста қазылыққа да өз  саласының кәсіби мамандары таңдалған. Қазылар құрамында  «Х-фактор» тележобасының жеңімпазы – Астана Қарғабай мен  Мәдениет қайраткерлері Марат Өмірханұлы мен Хадиша Шалабаева да бар.

Сайыс соңында дәстүрлі орындау бойынша Әбдіразақ Сафура үздік атанып, бас жүлдені  иеленді. Ал, топтық бәсекеде «Сарын» тобы жеңіске жетті. Эстрадалық вокал бойынша 1-орынды Қылыш Нұрислам, 2-орынды Көптілеу Нұрдәулет, 3-орынды Әлімбек Айзада қанжығалады. Шараның екінші кезеңі күй өнері мен көркем сурет, поэзия аталымы бойынша жалғасады.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 568 рет