Сейсенбі, 05 Қараша 2019 16:53

Шымкентте ахысқа түріктерінің тіл және мәдениет мерекесі өтті

Үшінші мегаполистегі Қазақстан халқы Ассамблеясында түрік этносының Қазақстанда тұрып жатқанына 75 жыл толуына орай мерекелік іс-шара өтті.

Салтанатты жиынға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бұхарбай Парманов, қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, Түркияның Алматыдағы Бас консулы Али Рыза Акынжы, этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері, ардагерлер мен қала тұрғындары қатысты.

Салтанатты іс-шарада сөз алған Түркияның Алматыдағы Бас консулы Али Рыза Акынжы Ахыска түріктерінің сталиндік саясаттың салдарынан Қазақстанға күштеп жер аударылып, зардап шеккеніне тоқталып, қиын-қыстау заманда құшағын аша қарсы алып, бір үзім нанын бөліскен қазақ халқына ризашылығын жеткізді. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бұхарбай Парманов түрік этно-мәдени бірлестігінің өкілдерін мерекемен құттықтап, Қазақстан тәуелсіздік алғанда ең алғаш Түркия құттықтағанын еске алды.

Салтанатты жиында ел ағалары мен ардагерлерге естелік кәдесыйлар, қаладағы қоғамдық іс-шараларға үлес қосқан этно-мәдени бірлестіктің белсенді мүшелеріне Шымкент қаласы әкімінің Алғыс хаты табысталды. Мерекелік жиында көпшілікке түрік халқының мәдениеті, салт-дәстүрі, ұлттық тағамдары кеңінен таныстырылып, жиын соңы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарлама ұсынылды.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 683 рет