Дүйсенбі, 11 Қараша 2019 05:02

Түркістан облысы: Отырар ауданы халқы облыс әкімдігінің бастамасымен өткен жалпыхалықтық сенбілікке қатысты

Түркістан қаласының айналасында «Жасыл белдеу» қалыптастыру мақсатында облыс әкімдігінің бастамасымен жалпыхалықтық сенбілік өтті. Сенбілікке 16 аудан мен қала халқы да атсалысып, өздері жауапты болған сектор аумақтарына көшеттер екті. 

Тәрбиелік мәні зор шараға Отырар ауданының халқы да белсене қатысып, аймаққа тиесілі 9 сектор аумағына көшеттер отырғызып, тазалық жұмыстарын жүргізді. Аудан әкімінің басшылығымен отырарлықтар Астана жолы көшесінің бойына көшеттер егіп, күл-қоқыстардан тазартты. Жалпы, Астана жолы көшесімен қиылысқан Құрбан ата, Ж.Баласағұн, М.Жалил, Ө.Тілепов, Ғ.Мұратбаев, Әйтеке би, Сыпыра жырау, Асан қайғы көшелерінің бойына 1165 дана тал көшеті егілді. Рухани ордамызТүркістан қаласын абаттандыру мақсатындағы сенбілікке 331 отырарлық қатысып, арнайы техникалар жұмылдырылды.

Айта кетерлігі, бұл сенбілік үш кезеңнен тұратын көшет егу жұмыстарының бірінші кезеңі. Қалған екі кезеңі алдағы қараша айына жоспарланған. Бұған дейін де Арыстанбаб бабамыз жатқан киелі өңірдің халқы Қожа Ахмет Ясауидің мәңгі тыныстаған жері, қазақ руханиятының астанасы болған Түркістанды абаттандыру жұмыстарына белсенді қатысып келеді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 458 рет