Дүйсенбі, 11 Қараша 2019 12:44

Түркістан облысы: Мақтаарал ауданында Тұран даласының терме-толғаулары шырқалды

«Тұран даласының терме-толғаулары». Осындай атаумен Мақтаарал ауданында облыстық семинар өтті. Оған мәдениет саласының мамандары қатысып, өзара тәжірибе алмасты. 

Терме – қазақ халық поэзиясындағы лирикалық өлең түрі. Оның ғибраттылық мәні жоғары. Жас ұрпақты тәрбиелеудің құралы. Мәдениет саласының қызметкерлерінің басын қосқан шараның да мақсаты осы. «Жыр-терме» ұлттық жанрын жастардың арасында кеңінен насихаттау. «Қазақтың мәдениеті мен өнерін дамыту сала мамандарының басты мақсаты. Бұл ретте өнер саласы да жаңғырып, дамып отыруын уақыттың өзі талап етіп отыр» – дейді Мақтаарал аудандық мәдениет үйінің директоры Серғазы Байдуллаев.

Ұлттық әндер шырқалған шара мәдениет майталмандары үшін ортақ мәселені талқылауға мүмкіндік берді. Алда атқарар шаруаларын тізіп, бір арнаға тоғысқан мүддеге жұмыла жұмыс істейтін болып келісті. Лайым қазақтың терме-толғаулары өскелең ұрпақтың руханиятын байытып, адами құндылықтарын арттыра түскей!

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 609 рет