Сенбі, 07 Желтоқсан 2019 16:40

Түркістан: Мақтааралда ауған соғысының ардагерлері жаңадан ансамбль құрды

Мақтаарал ауданы "Мақтаарал" мәдениет үйінде Кеңес әскерлерінің шектеулі құрамы Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына арналған концерттік кеш өтті. Жаңадан құрылған "Қазақстан ардагері" атты вокалды инструментальды ансамблі тұсау кесер концертін "Ерлікке тағзым" деп атапты.

Іс-шараға аудан әкімі Бақыт Асанов арнайы қатысты. Аудан басшысы жаңадан құрылған ансамбльдің мүшелерін құттықтап, Ауған соғысының зардаптары туралы сөз сөйледі."Адамзат үшін соғыс қаралы ұғым. Өйткені, қасіреті мен тауқыметі аяққа нық тұрған елдердің өзін соғыс есеңгіретіп жібереді. 10 жылға жалғасқан Ауған жеріндегі айқас соның дәлелі. Бүгінгі "Ерлікке тағзым" атты іс-шараның мақсаты - сол Ауған соғысына қатысқан ағаларымыздың көзсіз ерліктерін дәріптеу, соғыс қасіретін бүгінгі жас ұрпаққа ұғындыру болып табылады. Сонымен қатар, бүгін Мақтаарал, Жетісай аудандарының ауған соғысы ардагерлерінен құралған "Қазақстан ардагері" атты вокалды инструментальды ансамблінің тұсауы кесілгелі отыр. Бұл ансамблдің бірден бір мақсаты да - ардагерлеріміздің ерлігін дәріптеу деп білемін" - деді Бақыт Насырханұлы.

Концерттік кеште аудан әкімі Бақыт Асанов бірнеше ардагерлерді марапаттады. Кеш барысында ерлік, батырлық жайлы әндер шырқалып, жаңадан құрылған ансамбль қалың көрерменнің қошеметіне бөленді. Айта кетейік, Ауғанстаннан Кеңес әскерінің шығарылғанына 30 жыл өтсе де сол кездегі жауынгерлер — бүгінгі бейбіт өмірдің еңбеккерлері соғыс жарасынан айыға алмай келеді. Ауған соғысының тарихи мағыналық ақиқатын ашу, тәуелсіздік жолында күрескен ағаларымыздың ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі ету, бүгін өзімізбен бірге елінің көсегесін көгертуге атсалысып жүрген ардагер жауынгерлерді қадірлеп, құрметтеу - біздің қасиетті борышымыз болып табылады.

AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Оқылды 945 рет