Жұма, 10 Сәуір 2020 17:41

Шымкент: Тапсырыспен тамақ тасымалданады

Астың сан түрлі мәзірімен ерекшеленетін Шымкенттегі дәмханалар төтенше жағдайға байланысты қонақ қабылдауды тоқтатқан. Дегенмен карантин тәртібіне сай онлайн арқылы тапсырыс қабылдап, дәмді қалалықтарға жеткізіп беріп, жұмысын жалғастыруда. Бұл жоба қаншалықты тиімді? Қорапқа салып, алып келетін тағамдар санитарлық нормаларға сайма? 

Үшінші мегаполис дәмді ас мәзірімен еліміз бойынша алдыңғы қатарда. Бір ғана Әл-Фараби ауданында 162 қоғамдық тамақтану орны бар. Оның 16-сы 500 адамды еркін күтіп алатын тойхана. Карантин уақытына байланысты барлық мейрамхана мен дәмханалар жабылған. Дегенмен 19 қоғамдық тамақтану орны онлайн жүйесі арқылы тамақ жеткізумен айналысуда. Қауіпті уақытта жұмысын тоқтатпаған ас әзірлеушілерге өзіндік талаптар бар.

Бұл туралы Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық  Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Пернеева: «Олардың үстінде міндетті түрде бір реттік қолғап, бір реттік маскасы мен арнайы киімдер болады. Жұмыс кестесіне сай жүргізілуде. Тәртіп бұзғандарға шара қолданылады» - деді.

Әл-Фараби аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасарының айтуынша төтенше жағдай кезінде талаптарды сақтамаған дәмханалар бар екен. 13 қоғамдық тамақтану нысанының иелерінеәкімшілік құқықбұзушылық хаттама толтырылған. Олардың ісі сотқа жолданып, тиісті шаралар жүргізілген. «Төтенше жағдай кезінде басты мақсат індеттің алдын алу» -дейді мамандар.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 636 рет