Сәрсенбі, 15 Желтоқсан 2021 17:44

Түркістан театрында жаңа премьера: Еуропадан 400 жылдық музыкалық аспап арнайы жеткізілді

17-18 желтоқсан күндері Түркістан музыкалық драма театрында «Махаббат мұнарасы» жаңа қойылымы таныстырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркістан музыкалық драма театрының жаңа премьерасы қысқа өмірінде артына мол мұра қалдырған Талаптан Ахметжановтың «Сұлу мен суретші» шығармасының желісімен сахналанбақ.

«Бұл тек қана ғашықтарға көрінетін «Махаббат мұнарасына» жетелейтін, мінсіз сұлулықтан туған шығарма. Мұнда махаббат пен өнердің серенадасы салтанат құрады. Сұлулық атауын тап-таза, мөп-мөлдір өнердің өзегінен іздеп, өмір бойы махаббатына адал болған жанның сезіміне елітіп, құдіретіне иіп отырып көретін қойылым. Премьера «Алаш» әдеби сыйлығы мен Валентин Пикуль атындағы және Оралхан Бөкей атындағы сыйлықтардың лауреаты, жазушы-драматург Талаптан Ахметжанның 60 жасқа толуы премьерамен тұспа-тұс келіп отыр», - деп хабарлады театрдың баспасөз қызметі.

Т. Ахметжановтың бұл шығармасы осыған дейін бірнеше сахнада қойылған, ал Түркістан музыкалық драма театрында ол заманауи келбетке ие болмақ. Басты рөлдерді Ақбота Рахат пен Жұлдыз Әбдікәрімова, Әділ Ахметов, Нұрқанат Жақыпбаев және Түркістан театрының актерлері ойнайды.

Қойылымның режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай. Ол осымен үшінші театр сахнасында «Сұлу мен суретшіні» сахналайды. Үшеуі үш түрлі қойылуымен ерекшеленеді. Көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова. Қоюшы суретшісі – Қабыл Халықов. Спектакльге арнайы музыка жазған Түркістан музыкалық драма театры музыкалық бөлімінің меңгерушісі, бас композиторы Хамит Шанғалиев. Балетмейстер – Мадина Мұратпекова.

«Бұл спектакльдің басты жаңалығы премьерада әлемге әйгілі Амати (Antonius Hieronymus Amati) тарихи аспабымен Швейцарияның Цюрих қаласында тұратын талантты музыкант Эльдар Сапараевтың келуі. Сахнада 1628 жылы жасалған 400 жылдық тарихы бар виолончельде қойылымның музыкасы ойналады. 300 жыл Еуропаның корольдік отбасыларының жеке коллекциясында сақталған Amati аспабы қазір мұражайға қойылған. Әлемде мұндай аспаптың үшеуі ғана сақталған. Түркістанның төрінде ойналатын Амати тарихи виолончелі – әлемнің мәдени мұрасы», - дейді Түркістан музыкалық драма театры.

Сонымен бірге, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Түркістан музыкалық драма театры «Махаббат мұнарасынан» бөлек, Дулат Исабековтың «Бөртесі» мен Роза Мұқанова жазған «Фаризаны» көрермен назарына ұсынады.

«AQ-QARA.KZ-ақпарат»

 

 

Оқылды 462 рет