Жексенбі, 20 Қараша 2022 02:24

ШЫМКЕНТ: «ҚЫЗЫЛ ДИПЛОМ» КӨРЕРМЕНГЕ ЖОЛ ТАРТТЫ

Шымкентте «Қызыл диплом» толықметражды фильмінің тұсаукесер көрсетілімі өтті. Фильм Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен түсірілген.

Жастарға мамандық таңдауда бағдар беріп, оларды үлкен өмірге дайындау мақсатында фильмнің режиссері Серік Таласов шынайы оқиғаға сүйенгенін алға тартты.

— Көп жағдайда ата-аналар баланың қалауымен санаспай, ақылдаспай «балам үшін осы мамандық қолайлы» деп, өздері шешім қабылдайды. Алайда, ол шешім жаны басқа саланы қалайтын баланың сағын сындырып, өмірін мүлде басқа арнаға бұрып жатады. Бүгінгі фильм желісі инженерлікті таңдап, бірақ ата-анасының ықпалымен заңгер мамандығын оқуға мәжбүр болған жігіттің оқиғасына негізделген. Басты рөлдегі Бекзатты – Ғ.Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театрының актері Олжас Сақ, досы Талғатты Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының актері Руслан Нұрман сомдады. Шынайы оқиға әр азаматтың жүрегіне жол табады деген сенімдеміз, - деді режиссер.

Фильм мамандық таңдауда жолы болмаған Бекзаттың ұн қоймасында жүк тасушы болып жүрген кезінен бастау алды. Күнделікті табысын темекі, ішімдікке жұмсап жүрген Бекзат сыныптасы Талғаттың ірі компанияны басқарып жүргенін естіп, алдына жұмыс сұрай барады. Сөз арасында Талғаттың өз күшімен табысты болғанына күмән келтіріп, тіпті қайын жұртының мықтылығын айтып, кекетіп те үлгереді. Досының оңай табысқа кенелгісі келгенін түсінген Талғат оны дұрыс жолға бағыттау үшін бірге жүк тасуға қоймаға келеді. Алайда, Бекзат өзіне берілген мүмкіндікті елемей, түрлі қиындықтарға тап болады.

Фильм соңында сөз алған Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқан фильмнің мамандық таңдауда берері мол екенін тілге тиек етті.

— Фильм — ол шығарма. Ал, шығарманы әркім әртүрлі қабылтайтыны анық. Бірнеше қатпардан тұратын фильм Бекзаттың тіршілік үшін күресінен басталды. Голливуд фильмдерінің кейбірін басталған кезде немен аяқталатынын болжап отырасыз. Ал, мұнда сценарий қызықты жазылған. Келесі қадамның қалай жалғасатынын біле алмайсыз. Адам баласы басына іс түскенде бүкіл дүниедегі ауыртпалық тек өзіне түскендей күй кешетіні анық. Дегенмен, барлық адамда проблема бар. Алдыңыздан бір есік жабылса, шешімін көрсететін екі есік ашылады. Міне, Бекзат дәл солай өзіне берілген мүмкіндіктің бірінен қағылып, екіншісін ғана пайдалана алды. Кейде адамдар жетектегенге жүрмеуі мүмкін. Яғни, өзгеріс сыртқы ықпалмен емес, ішкі ынтамен басталса ғана орнықты болады және жетістіктерге жетелейді. Бұл —менің қабылдауым. Шығармашылық топқа алғыс білдіремін. Шымкентте Серік Таласовтай тағы 10 азамат болса, Шымкент Голливуд болар еді, -деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Ш.Мұқан құттықтау сөзден соң, режиссер С.Таласов пен шығармашылық құрамды марапаттады.

Айта кетейік, ұзақтығы 1 сағат 15 минуттық «Қызыл диплом» толықметражды фильмі жергілікті телеарналардан көрсетіліп, көрермен үшін YouTube желісіне де жүктелмек. Сондай-ақ, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында, шалғай аудандардағы жастарға арнайы кино көрсетілім ұйымдастыру жоспарланған.

 

Оқылды 123 рет