Дүйсенбі, 27 Наурыз 2023 20:41

Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрына - 40 жыл

27 наурыз- Халыаралық театр күні. Бұл күні Шымкенттегі қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры да өзінің 40 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы орайда театр ұжымы «Қырық ертегі – қырық кейіпкер» атты байқау жариялаған болатын. Бір жылға созылған байқау биыл қорытындыланды.

500-ден астам дарынды бала қатысқан «Қырық ертегі – қырық кейіпкер» атты байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен дарынды да талантты балақайлар қатысқан.

Еске салсақ, өткен жылы дәл осы уақытта Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы мен Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры «Қырық ертегі – қырық кейіпкер» атты мектеп оқушылары арасындағы республикалық сурет байқауын ұйымдастырған болатын. Бүгін аталған байқау мәресіне жетіп, жеңімпаздар марапатталды.

Биыл – өнер ордасының 40 жылдық мерейтойы. Осыған орай, өткен жылы мектеп оқушылары арасында «Қырық ертегі – қырық кейіпкер» сурет байқауы басталып, биыл кәсіби мерекемізде қорытындыладық. Байқауды ұйымдастырудағы негізгі мақсатымыз – сурет әлемі арқылы өскелең ұрпақтың театр өнеріне деген махаббатын ояту. Өнер сайысына Қазақстанның сегіз облысы мен 16 қаласынан жас суретшілер қатысты, - деді театр басшысы.

Жас қылқалам шеберлерінің туындыларына арқау болған суреттер – Шымкент қалалық қуыршақ театрының 40 жылда сахналаған ертегі кейіпкерлері. Жас суретшілердің ішінен дарындыларды таңдау оңай болмады. Кәсіби мамандардан құрылған қазылар алқасының шешімімен І орынға Алматы қаласы Әбілхан Қастеев атындағы өнер және дизайн мектебі лайық деп танылды. Оларға «Шымкентке кел!» туристік бағытына арналған тур-билеті табысталды (Жеңімпаздар Шымкент қаласының 40-қа жуық тарихи орындарына 3 күн тегін саяхаттайды.

ІІ орынды Орал қаласы Сәкен Ғұмаров атындағы көркемсурет мектебі иеленді (Жеңімпаздарға «Құрметті көрермен» сертификаты табысталды. Осы сертификатпен бір жылдың ішінде кез келген қойылымды тамашалайды).

ІІІ орын Кентау балалар көркемсурет мектебіне бұйырды (жеңімпаздарға «12 ай – 12 ертегі» сертификаты табысталды. Олар әр айда қалаған бір ертегіні тамашалайды).

Мерекелік кеш Оқушылар сарайының өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, олардың өнері дүйім жұрт тамсандырды.

 

Оқылды 273 рет