БИЫЛ 273 ШЫМКЕНТТІК ЖАС 2,5%-ДЫҚ НЕСИЕ АЛА АЛАДЫ

Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Халықты жұмыспен қамту шараларына тарту және өтеусіз гранттар беру тәртібі туралы» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында айтылды.

Басқарма басшысы Ж. Утебаеваның сөзінше, 2023 жылдан бастап жастарға жеңілдетілген көлемде 2,5% шағын несие берілуде. Биыл 273 адамға 1365,0 млн теңге бөлініп отыр.

Несие 5 жылға 21 мен 35 жас аралығындағы жастарға беріледі. Ал мал шаруашылығы бағытында алса, 7 жылға дейін. Сонымен қатар негізгі қарыз бен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең беріледі.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі және Шымкент қаласы әкімдігінің арасында келісімшарт түзілуде.

Жұмыссыздық деңгейін төмендетудің бірден-бір жолы – азаматтарды кәсіпкерлікпен айналысуға бағыттау, яғни жаңа бизнес идеяларды іске асыру. Осы бағытта қайтарымсыз гранттар берілетіні белгілі. Оларды әлеуметтік осал топтар алады. Гранттар бір рет және нысаналы мақсаттар үшін беріледі. Грант қаражатын тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, үй және жер учаскелерін сатып алуға жұмсауға болмайды,– дейді Жанат Өтебаева.

Биыл грант екі лекте: сәуір және маусым айларында беріледі. Бір жылда 426 адамға беру жоспарланған. Бірінші лек үшін өтінімдер 8 – 18 сәуір аралығында қабылданады.

Грант алушының қаражатты мақсатына пайдалануы бойынша еңбек мобильділігі орталығы тарапынан мониторинг жұмыстары жүргізіліп отырады. Қаражат мақсатсыз жұмсалған жағдайда толық қайтарылады. Тексеру нәтижесінде өткен жылы грант алған 452 азаматтың 131-і ақшаны кері қайтарып жатыр. 97 адамның ісі сотқа өткен.

Жиында Шымкенттіктерді жұмыспен қамту мәселесі де айтылды. Шымкент қаласында 2024 жылы 56,9 мың адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған. Жылдың 1-тоқсанының қорытындысы бойынша 12,2 мың адам қатысып, жоспар 22%-ға орындалды.

Әлеуметтік саланың басты мақсаты – халықты тұрақты жұмыспен қамту арқылы әл-ауқатын арттыру. Қазір еңбек нарығында техникалық және кәсіптік сала мамандарына, атап айтқанда, дәнекерлеуші, электрик, құрылыс жұмыстарының шебері мен компьютер және аппарат құралдарының операторы, көкөніс өсірушілерге сұраныс өте көп.

Нарықтағы сұраныс ескеріліп, "Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы" аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту шаралары да жүзеге асырылуда. Бұл тек жұмыссыздарды азайтып қана қоймай, отандық өндірісті қолдауға да мүмкіндік береді. Кәсіптік оқыту курстарына 18 жастан зейнет жасына дейінгі Шымкент қаласының жұмыссыз азаматтары қатыса алады.

Субсидияланатын жұмыс орындарына 7 453 адамды қамту жоспарланып, жыл басынан бері нақты 4 288 адам жолданған.

Ескерте кетейік, жұмыс берушілер азаматтарды автоматтандырылған Enbek.kz порталы арқылы жұмысқа қабылдай алады.

ШЫМКЕНТТЕ 66-ҒА ЖУЫҚ ЗАҒСЫЗ ҚҰРЫЛЫС НЫСАНЫ АНЫҚТАЛҒАН

Бұл туралы Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков мәлімдеді.

Басқарма басшысының баяндамасна сүйенсек, 2024 жылдың 3 айдың қорытындысы бойынша, жыл басынан бері үлескерлердің қаражатын тартуға жергілікті атқарушы органнан рұқсат алған 8 (жергілікті орган 7, Астана қаласымен - 1) компания бар.

Сонымен қатар, қазіргі таңда қолданыста 2024 жылы үлескерлердің қаражатын тартуға жергілікті атқарушы органнан рұқсат алған 15 құрылыс компаниясы жұмыс жүргізуде, ал біріңғай оператормен рұқсат алған 6 құрылыс компаниясы қолданыста жұмыс жүргізілуде.

Жалпы 2024 жылға қала аумағында 1 086 000 шаршы метр тұрғын үйлерді пайдалануға қабылдау жоспары бекітілген. Жылдың 3 ай қорытындысы бойынша тұрғын үйлер пайдалануға 135000 ш.м. қабылданып, бекіткен жоспарлар орындалуда.

Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы тарапынан 2024 жылдың 3 айында жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесінде 66-ға жуық заңсыз құрылыс нысандары анықталып, тиісті шара қолдану үшін Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына хатпен жолданған.

Мемлекет мұқтажына жер учаскелерін қайтару бойынша ҚР Жер кодексінің 84-бабы және ҚР «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңын басшылыққа ала отырып, Басқармасының өндірісінде нысандардың құрылысын жүргізу үшін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы 2041 жер учаскесіне, 237 нысан бойынша 53 қаулы қабылданған.

 

Бұдан бөлек, басқарма басшысы 2024 жылдың 3 айында басқармаға жеке және заңды тұлғалар мен мемлекеттік ұйымдардан жалпы 5971 кіріс хат түсіп тіркелген, оның 3888 арыз-шағым болса, 2083 мемлекеттік мекемелер хаттары және 5588 шығыс хатымен тиісті жауаптар беріліп, орындалған.

Сонымен қатар, 2024 жылғы 3 айдың қорытындысы бойынша қала тұрғындарының тарапынан I-komek бірыңғай байланыс орталығы арқылы басқармаға қатысты 26 арыз-шағым келіп түскенін айтты.

ШЫМКЕНТТІКТЕР АТЫРАУ ОБЛЫСЫНА БАРЫНША КӨМЕК КӨРСЕТУДЕ

Шымкент қалалық ҚХА «Жүректен жүрекке» акциясы аясында Атырау облысына гуманитарлық көмек жолдады.

Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері “Жүректен жүрекке” акциясы аясында су тасқынынан зардап шеккен Атырау облысына гуманитарлық көмек аттандырды.

Ассамблея мүшелері екі күннің ішінде Шымкенттің екі бұрышынан арнайы бекет ашып, этнос белсенділері жинаған 20 тоннаға жуық көмекті (11 тонна макорон өнімдері, 5 тонна ауыз су, 1 тонна тұрмыстық химия (сабын, шампунь, тіс пастасы, жөргек (подгузник), поршок, азық-түлік өнімдерін (сұйық май, ұн, күріш, қарақұмық), 103 дана төсек жаймасы, 40 матрас, 20 жастық, 40 жұп галош, 20 жұп арнайы киім, 20 жұп етік және жылы киімдер және полиэтилен қапшықтарын және т.б. заттарды) жүк көлігіне артып, жалпы соммасы 10 млн. теңгеден асатын гуманитарлық көмекті шығарып салды.

Айта кетейік, қазіргі таңда қаладағы этнос өкілдері су тасқынынан зардап шеккендерге көмек беру мақсатында ашылған банктік есеп-шотқа қаржы аудару жұмыстарын жалғастыруда.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты үндеу жариялаған болатын. Онда мұндай– табиғи апаттың ұзақ жылдан бері болмағанын. Бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат екенін атап өтті.

Су тасқынына байланысты еліміздің он аймағында төтенше жағдай жарияланғанын: яғни Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында.

Атқарушы органдар жіберген олқылықтарды түзеу үшін шұғыл түрде нақты тапсырмаларды бергенін айтты. Қазір барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Үкімет қарғын судың салдарын жоюға бар күшін салуда.

ШЫМКЕНТТІК КӘСІПКЕРЛЕР «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына қатысатын компания өкілдері, жобаны үйлестірушілер кездесті. Палата жанындағы құрылыс және логистика салалық кеңесі аясында өткен жиын ұлттық жобаны Шымкент қаласында сәтті жүзеге асыру мәселелеріне арналды.

Осы мақсатта мектеп құрылысының бас мердігерлері мен қажет жабдықтарды жеткізушілер ортақ диалог алаңында жиналды.

«Қазіргі таңда Шымкентте «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 12 мектеп соғылып жатқаны белгілі. Олар жаңа оқу жылына дейін дайын болып, құрылысы аяқталуы тиіс. Сондықтан, уақыт тығыз. Барлық тарап міндеттемелерді тиісті деңгейде, өз мерзімінде аяқтауы маңызды. Сондықтан, бұл жиынға қалалық білім басқармасы, «Самұрық Қазына» АҚ өкілдері келіп отыр. Мектеп жиһаздарының техникалық сипаттамасы бойынша білім басқармасы тиісті құжаттарды жиһаз жасаушыларға жіберілген. Сондықтан, қосымша сұрақтарды пысықтап, жұмысты бастау керек», – деді Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова.

Шымкент қалалық білім басқармасының өкілі мектеп жиһаздарына қойылатын талаптар туралы тағы бір пысықтады.

«Құрметті әріптестер, күні кеше Шымкент қаласы әкімдігі аппаратының басшысы ұлттық жобаны жүзеге асыруға арналған жиналыста тиісті тапсырма берді. Ол мектеп салушы мердігер компаниялар мен жиһаз цехтары арасындағы келісім-шартқа тұруға қатысты. «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын мектептерді жабдықтауда қойылатын талап – білім ошақтарын жаңа оқу жылына дейін қажет оқу жиһаз-жабдықтармен дер кезінде қатамасыз ету. Таяуда үш мердігер компания жиһаз жасаушылармен меморандумға тұрдық деді. Жиһаздарға қойылатын талапты барлығыңыз білесіздер – ҚР Оқу-ағарту министрінің №70 бұйрығын негізге аламыз. Сонымен қатар жиһаз түстері ашық болуы керек. Бұл қажеттілікті біз «Самұрақ Қазына» АҚ-на және құрылыс компанияларына арнайы хатпен жолдадық. Мердігер компаниялар сіздермен келісімге тұрғанда ескеретін болады», – деді Шымкент қаласы білім басқармасының бөлім басшысы Тұрар Саутов.

«Самұрық Қазына» АҚ-ның позициясы баршаңызға белгілі – жергілікті тауар өндірушілерді қолдау. Құрылысшылар мен басқа да тауар өндірушілер арасындағы байланысқа көпір болып отырған Кәсіпкерлер палатасының басшылығына алғыс айтамыз. Ендігі мақсат – мектептердің бас мердігерлері жиһаз жасаушыларды таңдап, жаңа оқу жылына дейін үлгеруі тиіс. Жиһаз түрлері мен өлшемдері бойынша бұған дейін келісіліп қойылған, енді түстерін келісіп алған соң жұмысты тездету қажет», – деді «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Шымкент қаласы бойынша өңірлік басшысы Марат Қуанышбаев.

Жиын барысында жиһаз компанияларының өкілдері өздеріне қойылатын талаптар мен ресми құжаттарды пысықтап, жауапты мамандардың жауаптарын алды. Бас мердігерлер мен жиһаз компанияларының өкілдері өзара келіссөз құрылып, байланыс деректерін алмасты.

2024 ЖЫЛЫ 426 ШЫМКЕНТТІК ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТҚА ҚОЛ ЖЕТКІЗЕДІ

2024 жылы грант екі лекте беріледі, 2024 жылдың сәуір айы (213 адам) және маусым (213 адам) айларында беріледі. Жалпы жоспар 426 адам. Бұл туралы «Халықты жұмыспен қамту шараларына тарту және өтеусіз гранттар беру тәртібі туралы» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында белгілі болды.

Басқарма басшысы Жанат Утебаева бірінші лек 2024 жылдың 8 сәуірінен - 18 сәуірге дейін өтінімдер порталда қабылданатынын айтты.

«Шымкент қаласы бойынша 2023 жылы 452 адамға қайтарымсыз грант берілген. Санаттарға бөлінісі бойынша 42 адам АӘК алушылар, 88 адам еңбекке қарсы көрсетілімі жоқ мүгедектігі бар адамдар, 215 адам көпбалалы отбасылар, 71 адам мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам, 36 адам асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар» - деді спикер.

Айта кетейік, 2019 жылдан бастап халықтың осал тобына жататын азаматтарға қайтарымсыз негізде грант беру жұмыстары ұйымдастырылуда.

Аталған грант мөлшері 400 АЕК мөлшерінде беріледі (2023 жылы 1350,0 мың теңге, 2024 жылы 3692х400=1476,0 мың теңге).

Грантқа үміткерлер, яғни халықты осал тобына жататын азаматтар:

Бірінші кезекте: «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері бойынша оқып, арнайы куәлік алуы тиіс. Алынған куәлік 3 жыл мерзімге жарайды;

Екіншіден: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік тарапынан әзірленген «Business.enbek.kz» порталы арқылы онлайн режимінде өтінім ұсынуы тиіс.

Сонымен қатар, биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жастардың кәсіпкерлігін қолдау мақсатында 273 жасқа 2,5% көлемінде жеңілдетілген шағын несие беріледі.

Несие 5 жылға 21 мен 35 жас аралығындағы жастарға беріледі. Ал мал шаруашылығы бағытында алса, 7 жылға дейін. Сонымен қатар негізгі қарыз бен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең беріледі.

Баспасөз конференциясында бұдан бөлек екі қолға бір күрек таба алмай жүрген шымкенттіктерді жұмыспен қамту шаралары да айтылды.

ШЫМКЕНТТЕ СЫРТҚЫ ЖАРНАМАЛАР РЕТКЕ КЕЛТІРІЛУДЕ

Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков атқарылған жұмыстар мен жетістіктер және алдағы жоспарлар туралы баспасөз брифингін өткізді. Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына мүмкіндік беретін жерді тиімді пайдалану, жер ресурстарын басқару мен жер қатынастарын мемлекеттiк реттеу бойынша атқарылған жұмыстардан хабардар етті.

Жобалық кеңседе бекітілген 3 индикатор, яғни бас жоспар, геопортал, бюджет, тұрғын үйлерді есепке алу және I-komek бойынша тиісті жұмыстар жоспарға сәйкес атқарылуда.

Былтыр қаланың жаңа Бас жоспарын бекіттік. Cоның негізінде қазіргі таңда егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына өзгерістер енгізіліп, бұл жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда жер саласында арыз-шағым көп. Жыл басынан бері 3 айдың ішінде 3800-ден астам арыз-шағым түсті. Өтініштер, сұраныстардың бәріне жауап беріп, тиісті қызметтер көрсеттік. Басқармаға бөлінген қаражат өз деңгейінде игеріліп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Биыл сыртқы жарнамаларды ретке келтіру бойынша да оң нәтижелер бар. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, билбордтар лед экранға ауысады, ― деді басқарма басшысы

Сондай-ақ, Нұрбол Әбдірахманұлы мемлекет мұқтаждығына алынатын жер телімдері, қалаға кіреберіс қақпалар орнату, заңсыз құрылыстар бойынша мониторинг, қаланың дизайн коды бойынша қолға алынған жұмыстарды айтты.

Қонаев даңғылы жалғасының құрылысы, А-2 жолы құрылысы бойынша жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына алу жұмыстары жоспарға сәйкес жүзеге асып жатқанын атап өтті.

Айта кетсек, Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы тарапынан 18 (он сегіз) мемлекеттік қызмет түрлері көрсетіледі. 2024 жылдың наурыз айында жалпы саны – 12 673 мемлекеттік қызмет көрсетілді.

 

 

ШЫМКЕНТТЕГІ ТУРИСТІК НЫСАНДАРЫНЫҢ ӘЛЕУЕТІ ЗОР

Шымкент қаласының туристік маңызы өте зор: инфрақұрылымы дамыған, Қырғызстан мен Өзбекстанды Қазақстанның басқа өңірлерімен байланыстыратын ірі торап болып табылады.Бұл туралы «Шымкент қаласында туризм және сыртқы байланыстар саласындағы атқарылған жұмыстар мен жетістіктер және алдағы жоспарлар туралы» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында айтылды.

Спикер, Шымкенттің бәсекелестік артықшылықтарын пайдалана отырып, бүкіл оңтүстік өңірі үшін туристік тірек орталығына айналуына барлық мүмкіндіктері бар екенін атап өтті.

«Бүгінде қала аумағында 144 орналастыру орны, 25 әлеуметтік және мәдени нысан, 23 демалыс орны, 72 спорт орталықтары, 10 саябақ, 7 республикалық сакралды нысан, 3 326 тамақтану орындары, 150-ден астам туристік нысандар орналасқан».

Баяндамады 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы бойынша 4 индикаторлық көрсеткіш бекітілгені, ағымдағы жылға бекітілген жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін жалпы келген туристер санын 450 мың адамнан асыру жоспарланғаны тілге тиек етілді.

Аталған көрсеткіш бойынша Шымкент қаласы республика көлемінде Астана, Алматы қалаларымен Ақмола облысынан кейін 4 орынды иемденіп отырмыз.

Қазіргі таңда 12 айлық статситикалық есептік көрсеткіш бойынша қала аумағына 420 398 турист келген.

2024 жылы Шымкент қаласы аумағында туризм саласы бойынша жеке инвестиция көлемі 6,2 млрд теңгені құрайтын 6 жоба (түрлі санаттағы қонақ үйлер) іске қосылуы жоспарлануда. Орташа есеппен 125 жаңа жұмыс орны ашылады. Жалпы қонақ үйлердегі төсек-орын саны 365-ті құрайды. Олар: «Kazakh Hotel» «Керемет, «Алтай», «Zhamal Hotel Shymkent», «Zeinnur-Tau» және Б/Н қонақ үйлері. Аталған жобалар қаланың тартымдылығын арттырып, жаңа туристік бағыттардың ашылуына әсер етеді.

Сонымен қоса, 2024 2024 жылдың басынан бастап Шымкент қаласы бойынша 2 ауқымды танымдық-ақпарттық экскурсиялар өткізілді.

Индонезия елінің NET-телеканалының делегациясына; Мәскеу қаласынан келген туристерге (1 ауқымды) құралған қонақтар тобы.

Ақпараттық дүңгіршектер 2024 жыл басынан:

Ақпараттық көмек көрсетілген туристер мен қала тұрғындарының саны – 300 жуық адамға қызмет көрсетті.

ШЫМКЕНТ: КОЛОРЕКТАЛЬДЫ ОБЫР КӨБЕЙІП ТҰР

Дүние жүзінде жылдан жылға онкологиялық ауруға шалдыққандар саны артып отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде жыл сайын 40 мыңнан астам адам қатерлі ісікке шалдығады екен. 2023 жылы 218 мың науқас диспансерлік есепте тұрып, 12 мың науқас қатерлі ісіктен қайтыс болған.

Елімізде сүт безі, өкпе, асқазан қатерлі ісіктері өте жиі таралған. Республикада кейінгі 5 жылда – 2014-2015 жылы ісіктер жиілігі бойынша 5-6 орында болған колоректальды обыр 2022-2023 жылы 3-4 орынға шықты. Жекешелеп алғанда тоқ ішек обырына шалдыққандар осы жылдар арасында 0,5 % артса, тік ішек обыры 1,6% жиілеген. Егер қатерлі ісіктің алдын алмасақ, алдағы 25-30 жылда тоқ ішек және тік ішек обыры ерлер арасында ең жиі кездесетін ісікке айналмақ. Онкологиялық ауруларға сараптама жасағанда, колоректальды ісік салдарынан өлу жиілігі ерлерде 4 орынға, ал әйелдер арасында 5 орынға шыққан.

Онкологиялық ауруларға шалдығуға негіз болатын факторлардың бірі – адам ағзасындағы иммунитеттің нашарлауы. Күнделікті өмірде адам ағзасы үнемі канцерогендер шабуылына ұшырап отыратыны мәлім. Организмге енген канцерогендермен күресіп, оны жойып отыратын арнайы иммундық жүйе. Иммундық жүйе қызметі нашарлағанда немесе оның ісіктік жасушаны танып, әрекет ету қарқыны төмендегенде денеде қатерлі ісік дамиды.

Тоқ ішек және тік ішек ас қорыту жүйесінің соңғы бөлігі болып есептеледі. Сондықтан оған әсер етуші зиянды факторлар да негізінен тамақпен байланысты болатыны сөзсіз. Ол тағам құрамындағы канцерогендер, дұрыс тамақтанбау, асты шамадан тыс артық пайдалану, тамақтанудың батыстық үлгісі, гиподинамия салдарынан туындайды. Тамақтанудың «батыстық түрі» деген жоғары калориялы, жасанды майлар мен көмірсуларға қаныққан әртүрлі дәмдеуіштермен толықтырылған, тез дайындалатын, арзан тағамдар. Сонымен қатар, қатерлі ісіктің дамуына бейімдеуші факторларды да айта кеткен жөн. Олар – семіздік, қант диабеті, тоқ ішек, тік ішектің созылмалы аурулары, іш қатулар, басқа да эндокриндік бұзылысы бар адамдар. Профессиональдық тұрғыда отырып жұмыс істейтін адамдар арасында (есепшілер, жүргізушілер, офис қызметкерлері т.с.с) осы ауру жиірек кездеседі.

Кейінгі зерттеулер тоқ ішек пен тік ішек рагы себебінің 70 пайызға жуығы алдын алуға болатын факторларға, тамақтану тәртібі мен өмір сүру түріне байланысты екенін анықтады. Тоқ ішек обырының клиникалық белгілері бастапқыда науқастың себепсіз зауқының болмауы, ішінің оқтын-оқтын ауырып, мазалауы, кейде іш қатуы немесе іштің өтуі болуы мүмкін. Тәбеті нашарлап, лоқсып, құсуы да мүмкін. Уақыт өте келе ауруда әлсіздік, анемия белгілері, нәжісіне қан араласады.

Аурудың емделуіне келер болсақ. Әлемдік статистикаға сай, қатерлі ісік бастапқы I, ІІ сатысында анықталса, радикалды ем жасалған науқастардың 80-90 пайыздан астамы толық айығып кетуі мүмкін. Онда да емдеу тәсілі де заманауи, эндоскопиялық тәсілмен жасалады. Даму сатысы жоғарылап, кесел ағзаға жайылған сайын, басқа ағзаларға (бауыр, өкпе, сүйектер т.с.с) метастаздар беріп таралған жағдайда аурудың емі де қиындай береді. Көбіне аурудың асқынған ІІІ және ІV сатыларында толыққанды хирургиялық ем жасау мүмкін болмайды. Тек паллитивті уақытша жағдайын жақсарту емі және химиялық препараттармен емдеу тәсілі ғана тағайындалады.

Онкологиялық аурулардың бәріне тән бір ерекшелік – кеселдің бастапқы сатыларында ауру белгілерінің мүлдем болмауы немесе елеусіз болуы. Тұрғындар елеусіз белгілерді ескеріп, дәрігерге дер кезінде көрінсе, обырды ерте сатысында анықтап, емделу көрсеткіші де артар еді.

Шымкент қаласы тұрғындарының онкологиялық ауруларының алдын алу және ерте анықтау мақсатында қалалық онкологиялық орталықта жоспарға сәйкес «ашық есік күндері» өткізіліп отырылады. «Ашық есік күні» әр аптаның сенбі күніне түрлі нозологиялық бірлік бойынша жоспарланған. Онда тұрғындар тегін онколог кеңесін алып, қажет деңгейде тексеріледі. Тексерілушілерді арнайы мамандар қарап, тиісті диагностикалық шараларды жүргізіп, ем-дом тағайындайды.



Н. ШАУЕНОВ,
Шымкент қалалық
онкологиялық орталықтың хирургі, колопроктолог

ШЫМКЕНТТЕ 2020 ЖЫЛДАН БЕРІ АУАНЫҢ ЛАСТАНУЫ БАЙҚАЛАДЫ

Бұл туралы Шымкент қаласының экологиялық жағдайы және экология департаменті хабарлады.

Шымкент қаласының атмосфералық ауасының жағдайы және ауаның ластануына «Казгидромет» мекемесінің 6 стационарлық бекеттері арқылы мониторинг жүргізіледі. Ластану 4 деңгеймен сипатталады: ластанудың өте жоғары деңгейі, жоғары деңгейі, көтеріңкі деңгейі және төменгі деңгейі.

Стандарт индексінің көрсеткіші бойынша қала ауасы 2020 жылдан бері көтеріңкі деңгеймен сипатталып отыр. Статистикалық мәліметке сәйкес 2018 жылдан бастап 2020 жылға дейін тұрақты көздерден ауаға ластаушы заттардың шығарындылар көлемі 33,41 мыңнан 29,55 мың тоннаға дейін төмендеуі байқалса, 2022 жылы шығарындылар: (2021-33,16 мың.тонна) 33,4 мың тонна дейін көтерілген. Бұл жағдайды жаңадан өндірістердің іске қосылуымен байланыстыруға болады.

Жазғы уақытта, әсіресе түнгі уақытта ауаның ластануы мерзімді түрде жағымсыз иістің пайда болуымен сезіліп, Департаментке әлеуметтік желілер, телефон арқылы шағымдар көптеп түседі. Осыған орай ластау көзін анықтау үшін индустриялық аймақтарда шоғырланған кәсіпорындарға мониторинг жұмыстары осы аймақтарда жүргізіледі.

Нәтижесінде Департамент тарапынан 2023 жылдың 12 айында индустриалды аймақтардағы 13 кәсіпорынға тексеру жүргізіп, жалпы сомасы 32,2 млн теңгеден астам 29 әкімшілік айыппұл салынды.

Департаменттегілер қалдағы Қошқар ата өзеніне тоқсан сайын мониторингтік зерделеу жұмыстары жүргізілетінін де тілге тиек етті. Белгілісі, 2023 жылы жоспарлы мониторинг бойынша 4 рет зерделеу жұмыстары жүргізіліпті. Сондай-ақ департаменттегілер 2023 жылы Шымкент қаласының аумағын санитарлық тазалау және абаттандыру жұмыстарына белсенді қатысқандарын жеткізді. ЖАО-мен бірлесіп Департаменттің деректері бойынша анықталған стихиялық қоқыстарды жою бойынша рейдтер жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

МЕМЛЕКЕТІМІЗДІҢ ТҰТАСТЫҒЫ МЕН ТАРИХЫМЫЗДЫҢ БҮТІНДІГІН САҚТАУ – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ

Атырау қаласында өткен ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында өзінің сипаты жағынан рухани және тарихи тұрғыда астарлы сабақтастық тапқан басқосу ретінде ерекше әсер қалдырды. Бұл жиынның Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен және Ораза айымен орайлас келуі және оның Жайық жағасында өткені осы сабақтастықтың тамырын танытады.

Ұлысымыздың, кейіннен қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болған әйгілі Сарайшық қаласы үшінші құрылтай өткен Атыраудан алыс емес. Президент Қасым Жомарт Тоқаев Батыс пен Шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерекше ықпал еткен Сарайшық қаласының бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарғанын атап өтті. Өйткені бұл шаһар Ұлы Жібек жолының бойында тұрғандығы тарихтан мәлім.

«Атақты хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген. Бірқатары Сарайшықта мәңгілік мекенін тапқан. Тарихшылардың пайымдауынша, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдырған Қасым хан осында жерленген. Бір сөзбен айтсақ, Сарайшық –төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар» деді Мемлекет басшысы.

Алқалы жиынның осынау тарихи орда маңында өтуі елді бірлік пен ынтымаққа шақырып, Ұлы ұлыс болуды көксеген хандарымыз бен билеріміздің арман-мақсатын бүгінгі зиялы қауым әрі қарай жалғастырып, оны өздерінің басты мұраты етуі керек деген пікірге саяды. Бұл ойды Президент өз сөзінде нақты айтты.

«Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Яғни, алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет. Қазір ертеде өткен оқиғаларға, белгілі бір тұлғаларға қатысты талқылау көбейіп барады. Қаламгерлеріміз Шыңғыс ханның тегі кім деп айтысып-тартысып жататын болды. Кеңес заманындағы тұлғаларды, әсіресе, Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлерін салыстырып, бір-біріне қарсы қояды. Дәл осындай сөз тартыстарының ақиқатына жету қиын, жеткеннің өзінде ел ішіне іріткі салатын мұндай дау-дамайдың еш қажеті жоқ. Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Әрбір тұлға өзінің көзқарасына, дүниетанымына қарай және өз қоғамының мүддесіне сәйкес елге қызмет етті. Одар, яғни сол заманның қайраткерлері бір кездері ұстанған бағытына бола дауласса, ендігі ұрпақ кімнің ісі дұрыс, кімдікі бұрыс деп даурығып жүр. Жалпы, бұрынғы және қазіргі тарихтың түрлі кезеңдерін, тұлғаларын бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Түптеп келгенде мұның бәрі – біздің тарихымыз» деген Президенттің сөзінде елдігімізді сақтауға, тарихымызды танып, оны өткен дәуірдің танымдық энциклопедиясы ретінде қарастыруға шақырған салиқалы да салмақты ой жатыр.

Бұл үшінші құрылтайда айтылған маңызды һәм түйінді тұжырымның бірі. Бұл – елдігіміз бен бірлігімізді, мемлекетіміздің тұтастығы мен тарихымыздың бүтіндігін сақтауды басты құндылық деп таныған татымды тағылым.

Шойбек ОРЫНБАЙ,
жазушы, Қазақстан
Жазушылар Одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері