Сейсенбі, 03 Шілде 2018 11:51

Шымкентте соғыста қаза тапқан қорғасыншыларға арналған жаңа ескерткіш жасалды

Шымкентте қорғасын зауытының екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан жұмысшыларына арналған жаңа ескерткіш жасалып, басқа орынға қойылды. Айта кетсек, бұрынғы ескерткішті әлдебіреулер бұзып, тас-талқан етіп кеткен болатын.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде соғысқан қорғасыншылардың ескерткіші жоғарыда айтып өткеніміздей, салтанатты түрде ашуға дайын. Кәсіпорынның соғыстан қайтып оралмаған 114 қызметкерінің аты қашалып жазылған стелла Шымкенттегі №5 мектептің аумағына орналастырылған.

Еске сала кетейік, Жеңіс күні қарсаңында Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшілігі мен жергілікті жұртшылық соғыста қаза тапқан қорғасыншылар ескерткішінің бұзылғандығын айтып, дабыл көтерген еді. Майданға кеткен зауыт жұмысшыларының аты жазылған мәрмәр плиталар бұзылған болатын.

Бұрынғы ескерткіш сонау 1975 жылы қорғасын зауыты қызметкерлерінің бастамасымен орнатылған. Қызметкерлердің өздері ескерткішке қамқорлық танытып жүретін. Зауыт жеке қолға сатылғаннан кейін иесіне оның жай-күйін бақылау міндеті жүктелді. Бірақ, ескі зауыт аймағындағы қирандыларға қарап, оның ешкімге керек болмай қалғанын аңғару қиын емес еді.

Дегенмен, таяуда Шымкент қаласының әкімдігі ескерткішті №5 мектептің аумағына орналастыру туралы бастама көтерген болатын. Бірақ қаржыландыру мәселесі шешімін таппай жүрген. Себебі әкімдік біреудің мүлкін басқа жаққа көшіруге құқылы емес еді. Осы кезде коммуналдық қызмет мекемелерінің қызметкерлері Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қорғасыншылардың есімін мәңгілікке сақтап қалуды қолға алды. Олар қажетті қаражатты жинады. Былайша айтқанда, ескерткіш асар арқылы тұрғызылды деп айтуға болады. Енді ескерткіш маңын абаттандыру сияқты болмашы жұмыстар ғана қалып отыр. Ол да таяу арада аяқталып қалуы тиіс.

«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Оқылды 9774 рет