Дүйсенбі, 19 Тамыз 2019 17:36

Түркістан қаласында спорт саңлақтары марапатталды

Тамыздың үшінші жексенбісі – елімізде спорт күні мерекесі. Кәсіби мерекені өңіріміздің спортшылары да лайықты деңгейде атап өтті. Онда дүбірлі додаларда ел намысын қорғап жүрген саңлақтар мен жаттықтырушыларға құрмет көрсетілді. Сонымен қатар футболдан жасөспірімдер арасындағы жарыстың жеңімпаздары анықталды. 

Түркістан шаһарында 2 стадион мен 4 спорт кешені және 121 ойын алаңы, 4 жүзу бассейні бар. Одан бөлек икемі бар жастарды спортқа баулу мақсатында қалада бес бірдей спорт мектебі жұмыс істейді. Бұл мектептерде спорттың 12 түрімен 2196 бала тұрақты түрде шұғылданады. Нәтижелері де жаман емес. Жыл басынан бері түркістандық спортшылар республикалық және әлемдік додаларда бірнеше рет топ жарған.

Жастарды спортқа баулып, бұқаралық спортты дамыту мақсатында облыс орталығында жыл басынан бері 144 спорттық іс-шара өткізілген. Оған 14 мыңға тарта адам тартылыпты. Сондай іс-шараның бірі маусым айында футболдан 2007-2008 жылы туылған жас өспірімдер арасында бастау алған болатын. Жаз бойы өткен бәсекенің бүгін жеңімпаздары анықталып, мереке қарсаңында марапатталды.

Мерекелік шара кезінде қала спортының дамуына ат салысқан ардагер спортшылар да құрметке бөленді. Оларға қала әкімі атынан алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Оқылды 1011 рет