ТҮРКІСТАНДА РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ «ЖАСА, ЖАЙНА ҚАЗАҚСТАН!» МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРАСЫ ӨТТІ

Түркістанда 25 қазан – Республика күні мерекесіне орай «Жаса, жайна Қазақстан!» салтанатты іс-шарасы ұйымдастырылды. «Қыран елім – Қазақстан» хореографиялық - сазды театрландырылған қойылыммен ашылған мерекелік кеште ұлттық мерекенің мән-мазмұны жан-жақты айшықталды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды көпшілікті Республика күнімен құттықтап, тәуелсіздіктің баға жетпес құндылық екенін айтты.

– Баршаңызды Республика күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл мерекенің мәні айрықша. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен бірінші құрылтайда Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Биыл, 25 қазан – ұлттық мерекеге айналып, Республика күні болып бекітілді. Әлемде тілі, діні, мәдениеті бар болса да, тәуелсіздік ала алмай жүрген ұлттар көп. Бұл ретте басқа қонған бақты бағалаған жөн. Қазақстан Республикасының тұрақтылығын сақтау, дамыту – баршамыздың міндетіміз. Мызғымас бірлік пен ізгі тірлігіміз арқылы Жаңа Қазақстанды дамытуға атсалыса берейік. Түркістанымыз түрленіп, Қазақстанымыз гүлдене берсін! – деген Дархан Сатыбалды елді дамытуға үлес қосқан бір топ азаматқа мемлекеттік марапаттарды тапсырды.

Атап айтсақ, Түркістан өңірінің еңбегімен дараланған азаматтарына «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендері ұсынылды. Сонымен бірге «Ерен еңбегі үшін», «Ерлігі үшін», «Шапағат» медалдары мен Құрмет Грамоталары да өз иелерін тапты.

Республика күніне арналған салтанатты жиында облыс әкімі өңірде атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларды да баяндады.

– Тәуелсіздігіміздің арқасында еліміз өркендеп, тарихымыз дәріптелді. Соның бір дәлелі – Түркістан облысының құрылуы. Түркістан қаласының тарихи рөліне мән беріліп, рухани орталыққа айналды. 4 жылда облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны арта түсті. 2018 жылмен салыстырғанда жалпы өңірлік өнім 1,6 есеге артып, көлемі 2 трлн. 796 млрд. теңгені құрады. Биыл оны 3 трлн. теңгеге жеткізуді көздеп отырмыз. Алдағы уақытта бағдарымызды өзгертіп, күшті облыстың өнеркәсіп әлеуетін дамытуға бағыттауымыз қажет. Бүгінгі таңда облыс үшін маңызды бірнеше ірі жобаны іске асыру жоспарлануда. Жалпы облыста өнеркәсіпті дамытуға барлық мүмкіндіктер бар. Аудан, қалаларда индустриалды аймақтар ашылған. Сонымен қатар өңірге инвесторлар тарту мақсатында Түркістан қаласы аумағында «Turkistan» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Осыған байланысты жергілікті бизнес өкілдерін жаңа жұмыс және өндіріс орындарын ашуға атсалысуға шақырамын. Біз тиісті жер учаскесін бөліп, қажетті инфрақұрылымды тартуға және басқа да жеңілдіктермен қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Дархан Сатыбалды.

«Конгресс холл» кешенінің заманауи концерт залында өткен мерекелік кеште облыстың танымал өнерпаздары отаншылдық бағыттағы әндерді шырқап, бишілер өз өнерлерімен көрермендерді серпілтті. Тәуелсіздік, Отан, бірлік, отаншылдық ұғымдары ән мен жырға арқау етіліп, ұлттық аспаптардан рухты оятатын күй төгілді.

Жалпы Республика күніне орай Түркістанда 1200-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған. Бүгінде басым бөлігі өтіліп үлгерген.

ТҮРКІСТАН: ОРТАЛЫҚТА МЕРЕКЕ ҚЫЗМЕТ АЛУШЫЛАРДЫ ҚҰТТЫҚТАУДАН БАСТАЛДЫ

13 жылдан кейін мерекелік күнтізбеге қайта енген Республика күні Түркістанда ерекше басталды.

Бүгін Түркістан қалалық "Халыққа қызмет көрсету орталығының" №1 бөлімшесінде Мемлекеттік әнұран қызмет алушылардың назарын өзіне аударды.

Әнұран орындалып болған соң, филиал директоры Бахыт Мүсіралиұлы орталыққа келушілерге мерекелік құттықтау ашық хаттары мен сыйлықтарын үлестірді.

Тұрғындар тосын құттықтауға ризашылықтарын білдірді.

ТҮРКІСТАН: ТАПСЫРМАЛАРДЫҢ ОРЫНДАЛУЫ ТУРАЛЫ ЕСЕП АРНАЙЫ ТЕКСЕРІСТЕН СОҢ ҒАНА МАҚҰЛДАНАДЫ

Тұрғындар тарапынан түскен өтініштер негізінде қазіргі таңда Түркістан қаласы әкімі Нұрбол Тұрашбековтің 265 тапсырмасы тұрақты бақылауда. Оның 50-і қала дамуының жоспарына енгізіліп, қаржыландыруға ұсыну үшін құжаттары рәсімделуде.

265 тапсырманың бүгінде 124-і орындалды, өзге өтініштер бойынша жұмыстар басталды.

Жалпы, даму жоспарына сәйкес, шаһарда кәріз жүйесі құрылысының ауқымы кең. Кәріз жүйесімен қамту жұмысын 2025-жылға аяқтау көзделген. Ауыз су, табиғи газ және кәріз жүйесі толық жүргізілген аумақтарға көше жарықтарын орнатып, асфальт төсеу жоспарлы жүзеге асуда.

Бірлік тұрғын алабында 35 шақырымды құрайтын 33 көшеге жарықтандыру жүйесі жүргізілді.

М.Әуезов көшесіне, А.Жұбанов көшесіне көше жарығы орнатылды.

Көпшіліктің ұсынысына сәйкес Төле би көшесінде «Халыққа қызмет көрсету орталығының» бөлімшесі жаңа форматта өз жұмысын бастады.

Шілік көшесінде жаяу жүргіншілерге арналған жол төселіп, Төлебаев көшесіндегі балалар ойын алаңшасы мен спорт алаңшасы қалпына келтірілді. Тәуелсіздіктің 10 жылдығы көшесі бойына 2 аялдама орнатылды.

Жәңгірхан көшесіндегі ескірген аяқжол ағымдағы жөндеуден өтті. М.Жұбанов көшесінде жаяу жүргіншілер жолының құрылысы ай соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Б.Смаилов, М.Ғабдуллин көшелеріне тас төселді.

Тапсырмалардың орындалуы әр аптаның қортынды аппараттық мәжілісінде баяндалады.

Нұрбол Әбдісаттарұлы әкім аппаратының ұйымдастыру бөліміне орындалған тапсырмаларды барып тексеріп, зерделеуді арнайы тапсырған болатын. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде тапсырмалардың орындалу сапасы мен саны артты.

БАШҚҰРСТАНДЫҚ ПРОФЕССОР ТҮРКІСТАНДА КӨЗ КЛИНИКАСЫН АШПАҚ

Түркістанға арнайы сапармен келген Уфа қаласында орналасқан "OPTIMED" лазерлік көруді қалпына келтіру орталығының профессоры Булат Азнабаев облыстың инвестициялық әлеуетімен танысты. Жоғары дәрежелі офтальмохирург-дәрігерге облыстық инвестиция және экспорт басқармасы басшысының орынбасары Қанат Шонбасов пен "Turkistan invest" агентігінің өкілдері облыс орталығындағы арнайы экономикалық және индустриалдық аймақ территориясын көрсетті. Кездесу барысында сала мамандары инвесторларға берілетін жеңілдіктермен таныстырды. Көз дәрігері Булат Маратұлының айтуынша, бүгінде лазерлік ота арқылы көру қабілетін қалпына келтіру бағытында қызмет көрсететін көз клиникаларына деген сұраныс жоғары. Сондықтан, орталыққа келетін қазақстандық емделушілердің көптігіне байланысты Қазақстанның бірнеше аймағынан көз клиникасын ашуды жоспарлап отырғанын айтты.

 

ТҮРКІСТАН: ЖАС КҮРЕСШІЛЕР ҚАЛА БІРІНШІЛІГІНДЕ БАҚ СЫНАСТЫ

 

Республика күніне орай, облыс орталығында түрлі мерекелік шаралар өтуде.

Қалалық "Мәденит, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және Спорт бөлімінің" ұйымдастыруымен кезекті ашық біріншілік өтті.

Шарада облыстың түкпір - түкпірінен келген 11 мен 12 жас аралығындағы 230-ға жуық спортшы бақ сынасты.

Ашылу салтанатында сөз алған, «Amanat» партиясы Түркістан қалалық филиалының атқарушы хатшысы, қалалық мәслихат депутаты Ғаппар Амантайұлы мен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жақыпбек Айдарбекұлы мен Түркістан қаласының "Құрметті азаматы" Дархан Төреәділұлы қатысушыларға жылы лебізін айтып, сәттілік тіледі.

"Балуан Шолақ" атындағы спорт кешенінде өткен жарыста палуандар 10 түрлі салмақ дәрежесінде белдесті.

Жүлделі орын иелеріне қала әкімінің арнайы марапаты мен медальдері табысталды.

ТҮРКІСТАНДЫҚТАР ТУҒАН ҚАЛАСЫН ЖЫРҒА ҚОСТЫ

Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Неге маған жырламасқа киелі туған қаламды» жыр кеші өтті.

Республика күніне арналған әдеби кеште ақын Әйгерім Жұмабай, Ақмарал Ғаниқызы және өзбек ақыны Мухаббат Аматаева жүрекжарды өлеңдерін паш етті.

Сонымен қатар, «Түркістан» газетінің редакция меңгерушісі Ләззат Сарыбаева әкесі, ақиық ақын Қаныбек Сарыбаевтың өлеңдерін оқыды. Сондай-ақ, Тұрар Тілеулиев, Исламхан Мұхамедхан секілді айтыскер ақындар да жырдан шашу шашып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Одан бөлек, кеш барысында қалалық мәдениет үйінің әншілері Майгүл Тұрыскелдиева және Қожахмет Аманбаевтың орындауларында әсем де, әуезді әндер шырқалды.

Жергілікті танымал ақын-жазушылардың қатысуымен өткен іс шараға қалалық әжелер алқасының мүшелері Ханымкүл Ахметова, Жұмакүл Утегенова, Қызайша Саяғарова, Қарлығаш Сейтжапбарова, Фатима Искакова қатысып, жас дарындарға ақ батасын берді.

Көпшілікке рухани демалыс сыйлаған кеш соңында қалалық мәдениет үйінің директоры Лиза Шамет қонақтар мен қатысушыларға алғыс білдіріп, кеш қонақтарына сый-сияпаттар табыстады.

ШЫМКЕНТ: ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫНДА МЕРЕКЕДЕ ЕКІ НЫСАН ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

25 қазан Республика күні қарсаңында Шымкенттегі Әл-Фараби ауданы тұрғындарында қос қуаныш. Түркістан көшесі №2/3 үйінің ауласы мен Қарасу шағын ауданы №23 көпқабатты үйінің аулаларында абаттандыру жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Мұнда су жаңа балалар ойын элементтері, бастырма, орындықтар, қоқыс жәшіктері қойылған. Сонымен қатар Түркістан көшесі 2/3 үйінің ауласындағы спорт алаңы ағымдағы жөндеуден өтті. Аудан бойынша «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 50 балалар алаңшасы және 9 спорт алаңшасын орнату жоспарланған. Бұдан бөлек 9 спорт алаңшасы ағымдағы жөндеуден өткізілуде. Маусым-тамыз айларында 28 аула абаттандырылып, 22-сі пайдалануға берілді. 

Айта кетейік, Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданына биыл 32 млдр. теңге қаржы тартылған. Биыл ауыз сумен қамту 2 есеге өсіп отыр. Ал электр жарығымене қамту 2 есеге, газбен қамту 10 есе асты. Абаттандыру саласын қаржыландыру 4 пайызға өсіп отыр.

Аудан тұрғындары толықтай инфрақұрылым жүйелеріне қосылып, 100 пайыз сапалы интернетпен қамтылды. Мұнда ішкі орамдық көшелер аптасына 2 рет, 172 қоқыс жәшігі күніне 3 рет, 425 қоқыс жәшігі күніне 2 рет, көп қабатты тұрғын үй аулалары аптасына 4 рет қоқыстан тазартылады. Көгалдандыру және жасыл желектерді күтіп ұстау мақсатында биыл 6 ай көлемінде: 1750 дана ағаш қырқылған, 11 420 ағаш әктелген, 100 413 дана гүл және 3300 ағаш отырғызылған. Жыл соңына дейін 180 мың түп гүл, 8 мың ағаш отырғызу жоспарланған.Естеріңізге сала кетейік, әкім ағымдағы жылы Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен 12 рет кездесу өткізді. Осы күнге дейін 1217 түрңынды қабылдады. Онда 2341 сауал тыңдалды. Бүгінде 1400 тапсырма беріліп, сұрақтары шешілді. Қала басшысы кезең-кезеңімен халықпен кездесіп, онда айтылған проблемалардың шешілуіне жағдай жасап келеді. Алайда әлі де күрмеуі тарқамаған дүниелер жетерлік. Сондықтан қала басшысы барлық сала басшыларына ел арасында туындаған мәселелерді шешуде ауызбіршілік керек екенін айтты. Мемлекет басшысының берген тапсырмаларына сай жұмыс кезең кезеңімен жүріп жатқанын да тілге тиек етті.

ШЫМКЕНТ: ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНДАҒЫ ИГІ ІСТЕР

Республика күні мерекесі қарсаңында Шымкенттегі “Еңбекші” ауданына қарасты “18” шағын ауданда орналасқан №21 және №25 көпқабатты үй аулаларында балалар ойын алаңшасы тұрғындар игілігіне берілді.

Аталмыш аулаларды абаттандыру жұмыстары «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында тікелей тұрғындардың ұсынысымен іске асырылды.

Ашылу салтанатына аудан тұрғындары, “Еңбекші” аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы З.Жайшибеков , «Amanat» партиясы Еңбекші аудандық филиалының атқарушы хатшысы Г.Жартыбекова және Еңбекші ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері қатысты. Аудан тұрғындарын мерекемен құттықтап, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына белсенді атсалысуға шақырды.

Биылғы жылы бағдарлама аясында 73 көпқабатты үйдің ауласы абаттандырылды. Сонымен қатар жеке секторда 6 кешенді балалар алаңшасы құрылды. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 1,8 есеге өскен.

Естеріңізге сала кетейік, жуырда қала әкімі Еңбекші ауданы тұрғындарымен кездескен болатын. Шаһар басшысы жиынға қатысқан 300 ден аса тұрғынның 42 сұрағына жауап беріп, әрбір азаматтың талап-тілегі ескерілетінін, күрделілігіне байланысты орта және ұзақ мерзімде қаралатынын жеткізді. Халықтан түскен сұрақтардың басым бөлігі тұрғын үймен қамту, жол, жарық, ауыз су, тағы да басқа әлеуметтік және жеке мәселелерге қатысты болды.

 

Өз кезегінде аудан әкімі Есбол Досбол Еңбекшідегі 35 елді мекендегі жеке сектор мен көпқабатты үйлердің жылыту маусымына дайындығын, аулалар мен саябақтарды абаттандыру, көшелер мен жолдардың жөнделген тұстары мен көрсеткіштерін жайлы баяндады.

 

Жиында қазіргі таңда ауданда 3 өндірістік аймақ жұмыс істеп тұрғаны да айтылды. Атап айтқанда, “Оңтүстік”, “Ордабасы” индустриалды және “Оңтүстік” экономикалық аймақтары. Ал жаңадан салынып жатқан “Жұлдыз” экономикалық аймағына инженерлік инфрақұрылым жұмыстары жүргізіліп жатыр.

 

Аудан әкімі құрылыс жұмыстары толық аяқталған соң бұл жерден 60 ірі заманауи кәсіпорын ашу жоспарланғанын жеткізді. “Осының нәтижесінде 100 млрд теңге инвестиция тартылып, 3000 жұмыс орны ашылмақ.

 

Айта кетейік, Еңбекші ауданында 313 200-ден астам халық тұрады. Аудан бюджеті 2017 жылдан бері 11 есеге ұлғайып, 17,5 млрд теңгеден 78,5 млрд теңгеге өскен.

 

Түркістан: «Өз елім менің - өзегім менің!» атты мерекелік іс-шара өтті

Түркістан қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Республика күнінің» жаңа ұлттық мереке ретінде қоғамдағы тарихи мәртебесін көтеру мақсатында жатақхана тәрбиешілерінің ұйымдастыруымен «Өз елім менің - өзегім менің!» атты мерекелік іс-шара өтті.

Салтанатты кешті оқушылар «Көлеңкелі театр» желісі негізінде «Тәуелсіздік баспалдағы» атты қойылымнан бастады. Қойылым ызғарлы «Желтоқсан оқиғасынан» бастау алып, өтпелі кезең қиыншылықтарына төтеп берген қазақ елінің жай - күйін көрсетті. Сондай-ақ, тәуелсіздік жетістіктері кезең-кезеңімен көрсетілді.

Оқушылар түрлі аспаптарда ойнап, патриоттық әндерімен көрермендердің көңілін көтерді. Домбыраның құлағында ойнаған қыздар Құрманғазының күйлерін тартып, құлақ құрышын қандырды.

Жас ақындарымыз тәуелсіз елдің тарихын өз өлеңдеріне қосып, бояуы кеуіп үлгермеген жырларын шашу етті. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары М.С.Бейсенова ұстаздар мен оқушыларды атаулы мерекемен құттықтап, Қазақстанды болашаққа бастап барар жалынды жастар, зияткер оқушылар екенін тілге тиек етті.

Түркістан: «Мемлекет тарапынан көмек және жастар арасында бизнесті бастау үшін қажетті дағдылар» тақырыбындағы кездесу

Түркістан қалалық ақпараттық түсіндіру тобы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты жолдауының «Мемлекет тарапынан көмек және жастар арасында бизнесті бастау үшін қажетті дағдылар туралы» тақырыбында кәсіпкерлермен кездесу өткізді.

Мемлекет тарапынан көмек көрсетілетін қатарда көп балалы отбасылар, асыраушысының айырылуына байланысты жәрдемақы алатын, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар, мүгедек балаларды және жетім балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар бар. Басты мақсат - мемлекеттің, бірінші кезекте халықтың әлеуметтік төмен топтарына бір жолғы көмек көрсету. Бұл арқылы мемлекет қомақты қаражат жұмсайды.

Елдің болашағы-жастар. Сол болашақтың тізгінін ұстайтын, жауапкершілікпен іс тындырып,елім, жерім деп кез-келген білек сыбана кірісіп,білімі мен білігін өз ортасын жайнатып,жарқыратып жіберетін жастарымыз.

Жастар бизнесі жаңа жұмыс орындарын құру және жұмыссыздық деңгейін қысқарту, білікті мамандарды даярлау сияқты әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуде басты роль ойнайды. Жастар кәсіпкерлігі ықпалын күшейту және мүмкіндіктерін кеңейту оның әлеуетін пайдалану қажеттігін шарттайды. Жастар бизнесі шағын кәсіпкерліктің елеулі сараланымы болып табылады.

Осылайша, бүгінгі күні жастар кәсіпкерлігі Қазақстандағы шағын бизнес дамуының басым бағыттарының бірі болып табылады. Жастарды кәсіпкерлік қызметпен айналысуға ынталандырушы жағымды жағдай жасау жалпы мемлекеттік және өңірлік деңгейдегі түрлі бағдарламаларда қарастырылуда.