Түркістан: Квазимемлекеттік ұйым қызметкерліріне сыбайлас жемқорлықтың алдын шаралары түсіндірілді

Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Департаментінің бас маманы Төлегенқызы Гүлмира ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалында біліктілігін арттыру курсынан өтіп жатқан квазимемлекеттік ұйым қызметкерлірінің арасында түсіндіру шарасын өткізді.

 

Іс шараның мақсаты - қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және Заңға енгізілген жаңа нормаларды түсіндіру.

Оқыту барысында Г.Төлегенқызы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаларға енгізілген өзгерістер, жемқорлықтың орын алу жағдайлары мен оның алғышарттарын жою жөнінде және қызмет бабын пайдаланып сыйлық алып, бергендерге жаза бар екенін жан-жақты түсіндіріп өтті.

 

Сондай-ақ, Агенттік тарапынан жүзеге асырылып жатқан жаңа жобалар мен Департамент тарапынан жүргізіліп жатқан іс-шараларға тоқталып, әлеуметтік дертпен күрес жүргізуді әрбәр қызметкер өзінен бастау керектігін айтып, қызметшілерді әдепті және қарапайым болуға шақырды.

 

Шара соңында тақырыптық бағыттағы бейнеролик көрсетілді және сұрақтарға жауаптар берілді.

Түркістан: Қазыбек бидің 355 жылдығына арналған қалалық ғылыми практикалық конференция өтті

Тіліміздің құңдылығы мен байлығын көрсетіп, ғасырлар бойы жаңғырып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан Қаз дауысты Қазыбек бидің 355 жылдығына арналған «Қаз дауысты Қазыбек бидің қазақ қоғамындағы орны мен рөлі» тақырыбында Адами әлеуетті дамыту бөлімінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің әдіскері Тоғжан Кенжебаеваның ұйымдастыруымен және қалалық «Қазыбек би» қоғамдық қорының төрағасы Досыбеков Пернетай мырзаның, ~14 Қазыбек би жалпы орта мектебінің директолы Сүлейменова Жақсыкүл апайдың қатысуымен қалалық ғылыми практикалық конференция өз деңгейінде, жоғары дәрежеде болып өтті. Конференцияны мектеп-лицей директоры Өсербаева Гүлбану Шәріпбекқызы ашып берді.

Өткен ғасырларда өшпес із қалдырған Қазыбек би туралы оқыған жері, алған білімі туралы нақты деректер жоқ. Дегенмен, ел аузындағы әңгіме, аңыздар мен биден жеткен шешендік сөздер оның өз заманында білімді де жетелі, халықтың ауыз әдебиеті мен салт-дәстүр, рәміздерін, ата жолы заңдарын мейлінше мол меңгерген, озық ойлы, әділ де көреген, батыл да батыр адам болғандығын айқын аңғартады. Әділдігі мен алғырлығы үшін әз-Тәуке Қазыбекті Орта жүздің Бас биі еткен. Табиғатынан зерек, алғыр бала білімді ортада кемелденген. Естігенін, көргенін зердесіне тоқып, шешендік қабілеті де ерте ашылған.

Сол арқылы айналасындағыларды еріксіз елең еткізіп: «Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзасына жылқының қылын таққан елміз»,-деп жастайынан ел ісіне араласады!

Олай болса, бүгінгі ғылыми практикалық конференцияға қала мектептерінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері мен әр мектептің бейіндік ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.

Ғылыми практикалық конференция барысында қара қылды қақ жарып, әділ билік айтқан билердің игі істері, бойындағы қасиеттері жылдар бойымен ғасырларға айналып, құңды мұраға ұласқан би-шешендердің ішінде Қаз дауысты Қазыбек бидің өмірі мен шешендік өнеріне, нақыл сөздеріне байланысты №4мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Байжұман Гүлжан «Көсем сөздің қас шебері –Қаз дауысты Қазыбек би» тақырыбында, №14 жалпы орта мектеп мұғалімі Жұмабек Қанат «Қазыбек бидің нақыл сөздері» тақырыбында, №28 мектеп-лицейінен Әмәлият Арқалық «Қазыбек би және қазіргі қазақ қоғамы» тақырыбында баяндамалар оқылды.

Дана бидің шешендігін бойларына сіңіріп, ұғынып жүрген шәкірттеріміз Қазыбек бидің шешендік сөздерінен көркем сөз оқыды. Сонымен қатар, мектеп оқушылары «Қазыбек бидің ханға келуі» тақырыбында сахналық көрініс көрсетті.

Құндылықтарымызды қастерлей отырып тереңдету, оған сүйіспеншілікті қалыптастыру - отаншылдық пен патриотизмді оятады. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұржанбаева Жұлдыз апай «Ұлттық құндылық бабалар мұрасында» тақырыбында коучинг өтті.

«Қаз дауысты Қазыбек бидің қазақ қоғамындағы орны мен рөлі» тақырыбындағы мұғалімдер арасында қалалық ғылыми практикалық конференцияны қорытындылау «Адами әлеуетті дамыту бөлімінің» қазақ тілі мен әдебиет пәні әдіскері Кенжебаева Тоғжанға берілді. Сонымен қатар, қалалық «Қазыбек би» қоғамдық қорының алғыс хаттарымен конференцияға қатысушы мұғалімдерді марапаттады.

Даналығы мен зеректігі биік ұлы тұлғаның 355 жылдық мерейтойы өз деңгейінде, жоғары дәрежеде өтті.

БИЫЛ ШЫМКЕНТТІК СПОРТШЫЛАР 581 АЛТЫН МЕДАЛЬҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығының брифинг залында Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаев басқарма тарапынан 9 айда атқарылған жұмыстарды баяндады.

Баспасөз жиынында Бауыржан Қалмұхамедұлы жоғары спорттық жетістіктер бойынша 2022 жылдың 9 айында жеткен нәтижелер туралы айтып өтті.

«2022 жылдың 9 айында біздің спортшыларымыз түрлі спорт түрлері бойынша жалпы 1629 медаль жеңіп алды. Оның ішінде, Қазақстан Республикасының чемпионаттарына қатысып, 491 алтын, 454 күміс, 470 қола медаль алып, Азия чемпионаттарында 59 алтын, 34 күміс және 52 қолаға қол жеткізсе, осы уақыт арасында Әлем чемпионаттарында 31 алтын, 20 күміс және 18 қола медальға ие болды.

Сонымен қатар, 2022 жылғы 1-15 мамыр күндері Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өткен ХХIV Сурдлимпиада ойындарында еркін күрестен 2 орынды иеленген 70 кг. салмақтағы Рсалы Сабыржанға қала әкімі 2 бөлмелі пәтер кілтін табыстады», - деді спикер.

Бұдан басқа, биылғы жылдың 12-23 мамыр күндері аралығында Францияның Нормандия қаласында өткен Дүниежүзілік гимназияда ойындарына 11 спорт түрінен 23 спортшымыз қатысып, нәтижесінде қаламыздың қоржынына 5 алтын, 3 күміс, 2 қола медаль әкелді.

Ал 13-15 мамыр күндері Испанияның Мальграт-де-Мар қаласында өткен Еуропа чемпионаттарына комбат дзю-дзюцудан 2 спорт түрінен 10 спортшымыз қатысып, нәтижесінде 9 алтын, 6 күміс, 4 қола медаль жеңіп алса, АҚШ-тың Бирмингем қаласында өткен XI Дүниежүзілік ойындарына 3 спортшы қатысып, Берульцева Софья каратэден 1-орынды жеңіп алса, құзға өрмелеуден Улжабаева Тамара мен каратэден Дархан Асадиловтар 7-ші орынды иеленді. Түркияның Конья қаласында өткен V Ислам ынтымақтастық ойындарына қаламыздан 12 спортшы қатысып, нәтижесінде спортшыларымыз 5 алтын, 4 қола медаль жеңіп алды.

Айта кету керек, бүгінгі таңда Шымкент қаласында жалпы 34 спорттық ұйым жұмыс істейді. Оның 29-ы мемлекеттік меншіктегі спорт мекемесі болса, 5-і мемлекеттік жекешелік-әріптестігі аясында. Аталған спорт мекемелерінде 17 944 спортшымен штаттағы 925 жаттықтырушы оқу-жаттығу сабақтарын жүргізуде. Осы мекемелерде спорттың 71 түрі дамытылады. Оның ішінде, 38 олимпиадалық, 24 олимпиадалық емес және 9 ұлттық спорт түрлері бар.

 

«БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ» БАҒДАРЛАМАСЫНА ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛДІ

Енді «Бақытты отбасы» бағдарламасының қатысушылары таза әрлеудегі әкімдіктің тапсырысымен салынған үйлерді алады. Әлеуметтік тұрғын үй 3-4 жайлылық класына сәйкес келетін және пәтердің ең үлкен ауданы 80 шаршы метрге дейін қарастырылған.

Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша Бақытты отбасы» бағдарламасы қатысушыларының негізгі тізімдегі азаматтар арасында Тұран 2 шағын ауданындағы 168 пәтер және Нұрсәт шағын аудандарында орналасқан 162 пәтер бойынша конкурстар «Отбасы банк» арқылы жүргізілуде.

Сондай ақ 2023 жылдан бастап жалпы «Бақытты отбасы» бағдарламасына тұрғын үй кезегіндегі көпбалалы отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар сонымен қатар 1 және 2 топ мүгедектері, мүгедек бала асыраушы отбасы санатындағы азаматтар аталған тұрғын үй бағдарламасына қатыса алады. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бастапқы жарна -10%, банктің жылдық мөлшерлемесі – 2% -ды құрайды. Ипотекалық несиелендіру 20 жылға рәсімделеді. Толық емес отбасылар санатындағы азаматтар енді бұл бағдарламаға қатыса алмайды.

Айта кету керек, биыл «Бақытты отбасы» бағдарламасына жалпы саны 432 лимит бөлінген болатын. 2021 жылы Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй кезегіндегі халықтың әлеуметтік әлсіз тобы мен көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында «2-10-20 Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 365 отбасы несиелік баспанамен қамтылған.

Айта кету керек, қазіргі таңда тұрғын үй кезегі арқылы азаматтарға арендалық баспаналар сатып алу құқығынсыз берілуде.

«Тұрғын үй қатынастары» заңына сәйкес, тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін табысы төмен отба­сыларға тұрғын үй сертификаты ұсы­нылуда. Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй сертификаттары 2019 жылдан бастап беріле бастаған. 2019 жылы 21 азаматқа 20,4 млн теңгеге, 2020 жылы 101 азаматқа 100 млн теңгеге тұрғын үй сертификаттары берілсе, 2022 жылы 500 азаматқа 1 млн теңгеге дейін  қайтарымсыз негізде  бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін әлеуметтік көмек қарастырылып отыр.

ШЫМКЕНТ БАЗАРЛАРЫНДА ӨРТ-ТАКТИКАЛЫҚ ОҚУ-ЖАТТЫҒУЫ ӨТТІ

Шымкент қаласындағы ірі сауда базарларда соңғы 5 жылда 6 өрт орын алды. Ал былтыр бірнеше орын атап айтқанда, «Орталық Қырғы» базарында, «Шымкент-Тұлпар» ЖШС қарасты автобөлшектер базарында, «Сайдыгани» ЖШС мен «Альянс» ЖШС-на қарасты базарлар тілсіз жау құрсауында қалды.

Шымкент қаласының ТЖ департаменті жасаған талдауға сәйкес, электр құралдарының техникалық пайдалану және монтаждау тәртібінің бұзылуы көп ретте өрттің шығуына себеп болған.

Осыған байлынысты киімдер мен халық тұтынатын тауарларды сататын сауда орталықтарында болуы мүмкін өрттерді алдын алу үшін өрт-тактикалық оқу-жаттығулары өткізілуде.

Жаттығу «Автонұр», «Шымкент Тұлпар», «Самал», «Алаш» базарларында өткізіліп, сауда қатарларында электр сымдарының тұйықталуынан орын алған шартты өрттерді сөндіру тәртібі пысықталды.

Тактика тұрғысынан өрт жалыны көрші бутиктерге таралады. Нысанның күзетшілері жедел түрде «101» қызметіне хабарлайды. Өрт-тактикалық оқу-жаттығу орнына №2 шақыру бойынша шығу кестесіне сәйкес бағытталған күштер мен құралдар жөнелтіледі. Алғашқы келген бөлімшелер эвакуациялау жолдарын қорғауға және адамдарды қауіпсіз аймаққа шығару тәртібін пысықтаса, қалған бөлімшелер өрт ошағын іздеп,тауып сөндіру жұмыстарын жүргізеді. Жедел ден қою іс-қимылдардың арқасында өрттің таралуына жол берілмеді.

Шара барысында өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің негізгі және арнайы өрт сөндіру техникаларының, офицерлік және жеке құрамының, апаттар медицинасы орталығының, жедел-құтқару жасағының қызметкерлерінің, жол-патрульдік полиция қызметінің және қалалық энергетика, су шаруашылығы қызметтерінің дайындығы тексеріліп, өзара әрекет ету тәртібі бағаланады.

.

ШЫМКЕНТТЕ КОРЕЙ ЭТНОСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТІ КҮНІ ТОЙЛАНДЫ

Бүгін Шымкент қаласындағы корей этносының мәдениеті күні іс-шарасы өтті.

Жиынға қалалық ҚХА мүшелері, зиялы қауым өкілдері, корей этникалық қауымдастығының өкілдері, қалалық корей этномәдени бірлестігінің мүшелері, қала тұрғындары қатысты.

Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов шаhардағы корейлер қауымдастығы барлық саланың дамуына өз үлестерін қосып жатқанын атап өтті.

- Биыл корейлердің Қазақстан жеріне күштеп қоныс аударғанына 85 жыл толып отыр. Зұлмат жылдары корейлердің 8 мыңға жуық отбасын оңтүстік өлкесі қабылдады. 85-жылдық кезең ішінде корейлер қауымдастығы Қазақстанның ғылымы мен білімінде, мәдениетінде, өнері мен әдебиетінде, денсаулық сақтау жүйесінде, спорт саласында жарқын із қалдырды. Шымкент қаласындағы корейлер қауымдастығының белді өкілдері қаламыздың сәулетін арттыруға, білімін көтеруге, ғылымын қалыптастыруға, мәдениеті мен өнерін ілгерілетуге, тұрғындардың денсаулығын сақтауға, спортта алдыңғы орыннан көрінуіне қызмет етуде, - деді басқарма басшысы.

Осыдан 33 жыл бұрын қаламызда корей этномәдени бірлестігі құрылып, оңтүстік өлкедегі 50 мыңға жуық корей этносы өкілдерінің басын біріктірді.

Шымкент қалалық корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Роза Пак қауымдастық өкілдері еліміздің дамуына бар күш-жігерін салып жатқанын айта келе, қазақ халқына алғысын жеткізді.

Мерекелік жиында еліміздің әлеуметтік-мәдени дамуына, ішкі тұрақтылықты сақтауға үлес қосқан қауымдастық өкілдері Шымкент қаласы әкімінің, ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының Алғыс хатымен марапатталды.

Іс-шарада корей этномәдени бірлестігі жанындағы шығармашылық ұжымдар әзірлеген концерттік бағдарлама ұсынылды.

 

Шымкент: 4 кезеңнен де сүрінбей өткен мамандар

Жуырда жедел медициналық жәрдем қызметі бригадаларының республикалық спартакиадасы өтіп, Шымкент қаласының командасы жеңімпаз атанған болатын. Бүгін Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Н.Асылбеков үздіктерге құрмет көрсетті.

Жиынға Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты ауруханалар мен емханалардың бас дәрігерлері қатысты.

— Шымкенттік мамандар Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы мен Қазақстан Республикасының Жедел медициналық көмек қауымдастығы бірлесіп өткізген республикалық спартакиадада еліміздің түкпір-түкпірінен келген 18 команда және Өзбекстан құрамасымен бақ сынап, сайыс нәтижесі бойынша үздік деп танылды. Республикалық сайыс келер жылы Семей қаласында өтеді. Біздің мамандар келер жылы да жеңіс тұғырынан көрінеді деген сенімдеміз, - деді Нұрлыбек Абибуллаұлы.

Ал, Шымкент қалалық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Гүлнар Мамытқызы іріктеу барысын баяндап берді.

– Маусым айында қала күні әрі медицина қызметкерлерінің күніне орай жергілікті жедел жәрдем станцияларының бригадалары арасында қалалық жарыс ұйымдастырдық. Соның жеңімпаздарының арасынан іріктеп, Шымкент қаласының командасы жасақталды. Құрамында бір дәрігер мен екі фельдшер бар. Барлығы жас мамандар, білікті. Осы республикалық спартакиадаға екі ай дайындалдық. Спартакиадаға әр өңір ең мықтыларын алып келді. Дегенмен, біз жеңіске жеттік. Бұл Шымкент қаласындағы жедел жәрдем қызметінің сапасын да көрсететін жетістік екенін мақтанышпен айта аламыз, – дейді Гүлнар Мамытқызы.

Мамандар спартакиада барысында 4 кезеңнен де сүрінбей өткен.

— Топтағы фельдшерлердің біліктілігі мен тәжірибесінің нәтижесінде үздік көрсеткішке жеттік деп білемін. Мәселен, командадағы фельдшер Талғат Дәуренбайдың жедел жәрдемде 6 жыл еңбек өтілі болса, Адинай Успанованың келгеніне небәрі 2 жыл ғана болған. Алайда, жол-көлік апаты, үй жағдайында босану, суға батқан балаға көмектесу сынды сынақтарда барынша жедел әрі тиімді көмек көрсетілді. Шынайы кейіпкерлермен өткізілген сынақтарды мамандар бағаласа, муляждармен жасалған тапсырмаларды қазылардан тыс, компьютер бағалады, - дейді Шымкент құрама командасының дәрігері Ғабит Өмірәлиев.

Салтанатты жиын соңы Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты медицина ұйымдары басшыларының қатысуымен кеңейтілген отырысқа ұласты. Мамандар басқосуда медициналық қызмет сапасын жақсарту бойынша өзара пікір алмасып, саладағы мәселелердің шешу жолдары қарастырды.

 

ШЫМКЕНТ: ЖОЛДАУДАҒЫ ЗАҢ ҮСТЕМДІГІ САРАПШЫЛАР ПІКІР АЛМАСТЫ

"Amanat" партиясының Шымкент қалалық филиалында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы басым бағыттарды талқылауға арналған жиын өтті. Партияның Абай аудандық филиалы ұйымдастырған пікірталас "Заң үстемдігі және әділетті қоғам" тақырыбында өтті.

Партияның Абай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Есімхан Бертаев жүргізіп отырған жиынға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы, партия белсендісі Икрам Хашимжанов, Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Бақытты жанұя» орталығы директорының орынбасары Ерлан Әлжанов, «Болашақ» бастауыш партия ұйымының мүшесі, Жол-көлік колледжі директорының орынбасары Берік Ешимов,

«Ұлағат» бастауыш партия ұйымының мүшесі, партия белсендісі Жақсылық Ембай және мұғалімдер, студенттер қатысты.

– Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының "Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды" деген қанатты сөзі бар. Яғни, кез келген қоғамда тәртіп болмаса, заң үстемдігі орын алмаса, даму болмайтыны баршаға белгілі. Тіпті, хаос орын алуы мүмкін. Сондықтан, қоғамда әрдайым әділеттілік орын алуы тиіс. Мемлекет басшысының Жолдауында да осы мәселелер көтерілді. Президенттің бастамасымен әділетті Қазақстан құру жолында қолға алынған реформалар нәтижесін беріп келеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы президенттікке бір адам 7 жылдық мерзімге бір рет сайлануы бойынша өзгеріс енгізді. Бір сөзбен айтқанда, заң үстемдігі болмаса, қоғам дамуы кері кетеді, – деді Мұратәлі Оразәліұлы.

Бұдан кейін сөз алған Икрам Хашимжанов Жолдауда айтылған біртұтас ұлт болып ұйысудың маңыздылығына ерекше тоқталды.

– Біз, Қазақстанда тұратын барша отандастар мемлекет қалыптастырушы қазақ халқының маңына топтасып, бірліктің байрағын биіктетсек, мықты ел, дамыған мемлекет боларымыз анық. Осы ұстаным біздің ұранымызға айналуы керек, – деді Икрам Акрамұлы.

Жиында басқа да спикерлер Жолдауға қатысты ой-пікірлерін ортаға салып, өзара сұрақ-жауап алмасты.

ШЫМКЕНТ: АРДАГЕРЛЕРДІ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ АРТАДЫ

Шымкент қаласында ардегерлер кеңесінің кезекті пленумы өтті. Күн тәртібінде ардагерлерді әлеуметтік қолдау мәселесі қаралды. Алқалы басқосуға қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев, қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков, пленум мүшелері және ардагерлер қатысты.

Зейнеткерлердің әлеуметтік қолдау мен сауықтырылуы жайында Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Б.Нарбекова баяндап берді.

–Шымкент қаласында қазір 85 мыңнан астам зейнеткер бар. Оның 4-і ҰОС ардагері, тыл еңбеккері – 2 364, көпбалалы ана – 54 569, оның үшінде «алтын алқа» және «күміс алқа» алғандар - 11 389. Осы азаматтарды мереке күндері бір реттік және ай сайынғы төлемдерге жергілікті бюджеттен 1,4 млрд. теңге қаржы бөлінген. Қала мәслихатының шешіміне сәйкес, шипажайларға ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» алған 874 ардагерге 12 күн, зейнет жасындағы 4 445 зейнеткерге 6 күндік жолдама берілген. Қыркүйек айының өзінде 2 700 зейнеткер сауықтыру шипажайына жолданды. Одан бөлек, қаламызда 3 «Белсенді өмір сүру» орталығында 715 ардагер жартылай стационарда әлеуметтік-медициналық қызметтерді алуда. Орталықта 2019 жылы 15 түрлі қызмет көрсетілсе, 2021 жылдан бастап қызмет түрі 27-ге көбейді. Биылдың өзінде арнаулы орталық 14 мыңға жуық ардагерге емдік-сауықтыру қызметін ұсынған. Тағы 221 зейнеткер өз кезегін күтуде, - деді ол.

Қалалық ардагерлер кеңесі әлеуметтік қорғау басқармасына шипажайда сауығу мерзімін барлығына бірдей 12 күнге ұзарту ұсынысы түскен екен. Б.Нарбекованың айтуынша, ардагерлердің ұсынысы қала мәслихатына жолданыпты.

Зейнеткерлердің қоғамдық көлікте ақысыз жүру мәселесі туралы қала әкімінің орынбасары Мақсут Исахов егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

–Шымкент қаласының бюджеті 583 млрд. теңге. Оның 81 пайызы білім, денсаулық және әлеуметтік қамтуға жұмсалса, қалған 19 пайызы қаланың даму инфрақұрылымына бағытталған. Ардагерлерді сауықтыру мақсатына 619 млн.теңге қаржы бөлінген. Сіздер ұсынып отырған 12 күндік жолдаманың қаржысын есептегенде 1,3 млрд. теңгеге жетіп отыр. Бұл қаржыны қала бюджетіне енгізу үшін қала мәслихатына ұсыныс береміз. Ал, қоғамдық көліктерде тегін жүру мәселесіне келер болсақ, қаладағы жолаушыларды тасымалдайтын мемлекеттік автопарктың жоқтығы осындай мәселені туындатып отыр. Қазір қолданыстағы компаниялармен келісім жүргізіп жатырмыз. Зейнеткерлерді қоғамдық көлікте ақысыз жүруге жағдай жасауға мүмкіндік жасау үшін көлік компаниялары жол ақысын өсіруді ұсынып жатыр, - деді әкім орынбасары.

Қоғамдық көліктің жол ақысы соңғы рет 2016 жылы 50 теңгеден 70 теңгеге өскен болатын. Биыл жол ақысы тағы көтерілсе, тегін тасымалданатын санатқа жасы 70-тен асқан зейнеткерлер де қосылуы ықтимал.

Жиын соңында ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Төлебаев ұсыныстарды жазбаша түрінде де жеткізуге болатынын айтып, барша ардагерді алдағы келе жатқан саяси науқан Президент сайлауына белсене қатысуға шақырды.

Шымкент: «Бақытты отбасы-бақытты жан» атты семинар-тренинг өтті

Шымкент қаласындағы «Park Hotel al Buston» қонақ үйінде Шымкент қалалық ішкі саясат басқармасының ұйытқы болуымен «Бақытты отбасы-бақытты жан» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Семинар-тренингке психолог Айсұлу Тұрсынбаева, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің қылмыстық құқық және қылмыстық процесс кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Ботабек Имашов, «Шаңырақ» жастар мен жас отбасыларды қолдау орталығы қоғамдық бірлестігінің басшысы Сабира Байзақова және әлеуметтанушы, психолог мамандар және жастар қатысты.

– Отбасындағы құндылықтарды, отбасы мүшелерінің бір-біріне деген құрметін сақтап қалу маңызды. Осы аталған мәселелерді отбасында қалай сақтап, бақытты жанұя атануға болады деген сұраққа жауап бере отырып, отбасындағы қиындықтарды шешуге болады. Отбасындағы әр адамның рөлі бар. Қазіргі таңда көп отбасылардан байқалатыны - әр адамның жанұядағы рөлінің өз деңгейінде атқарылмауы кикілжіндердің туындауына себеп болады. Сондықтан әркім өз рөлін сақтап, балаға бала сияқты дамуына мүмкіндік беру қажет. Отбасында болатын қарама-қайшылықтарды, кикілжіңдерді шешуге осындай семинар-тренингтер арқылы барынша өз үлесімізді қосамыз,-деді психолог А. Тұрсынбаева.

Отбасы - жеке адамның ар-ұятын сақтауға, ақыл-ойын дамытуға, адамгершілікке тәрбиелеуге жол бастайтын алғашқы қадам. «Отан - отбасынан басталады» демекші отбасылық мәселелерге бей-жай қарамастан ұлттық құндылықтарды арттыру мәселесі төңірегінде С. Байзақова біраз мәліметтер келтірді.

– Қазіргі таңда Шымкент қаласы өз-өзіне қол жұмсау, зорлық-зомбылық бойынша алдыңғы қатардағы үштікке кіреміз. Ал Қазақстан бойынша 5 орында тұрамыз. Бұл статистиканы азайту мақсатында қоғамдық ұйымдардың қосқан үлесі көп. Семинар-тренингтер арқылы қоғамда орын алатын түрлі жағдайлармен жұмыс жасайтын мамандарды оқытып, тәжірбиесін дамытамыз. Жоспар бойынша Шымкент қаласынан 300 адамды оқытуымыз қажет. «Бақытты отбасы-бақытты жан» семинар-тренинг болғанымен оның астарында жатқан ата-ананың қарым-қатынасының балаға деген әсері, отбасында болатын зорлық-зомбылық тағы басқа да мәселелерді шешеміз,-деді «Шаңырақ» жастар мен жас отбасыларды қолдау орталығы қоғамдық бірлестігінің басшысы С. Байзақова.

Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта, кішкентай Отан. Отбасы – өте қажетті, басқадай еш нәрсемен өзгертуге болмайтын баспалдақ. Отбасының әрбір мүшесі өзара сөйлесіп, не болмаса ата-ананың, баланың міндетін атқаруға ғана емес, береке, бірлік, сүйіспеншілікпен араласса босағасы берік, шаңырағы биік отбасына айналары сөзсіз.