ШЫМКЕНТТЕН XIX АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНА 64 СПОРТШЫ ҚАТЫСАДЫ

Азия ойындары 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтеді. Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын жарысқа еліміздің атынан 524 атлет қатысады. Олар 30 спорт түрінен 305 медаль үшін бақ сынасады. Бұл дүбірлі додаға Қазақстан құрамасы 1994 жылдан бері сегізінші рет қатысқалы тұр.

Азия ойындарында табысты өнер көрсету өте маңызды. Себебі байрақты бәсекеде құрлық чемпионы атағымен қатар, спорттың 8 түрінен Париж Олимпиадасының жолдамасы сарапқа салынады.

Шымкент қаласынан 33 спорт түрінен 64 спортшы Азия ойындарына қатысады. Олардың қатарында Әлем және Азия чемпиондары бар.

Бокс – 34 лицензия (ерлер – 7 салмақта финалға шыққан 14 боксшы, әйелдер – 50, 54, 57, 60 келіде жартылай финалға шыққандар, 66, 75 келіде финалға шыққан боксшылар);

Садақ ату – 5 лицензия (ерлер — 1,2-орын алғандар, әйелдер — 1,2-орын алғандар, аралас команда — 1-орын алған құрама);

Қазіргі бессайыс – 10 лицензия (ерлер 5 лицензия және әйелдер 5 лицензия);

Брейк-данс – 2 лицензия (ер — 1 және әйел — 1);

Үлкен теннис – 5 лицензия (ер, әйел, жұптық ерлер, жұптық әйелдер, аралас жұптар; тек жеңімпаздар лицензия алады);

Су добы – 2 лицензия (ерлер — 1 және әйелдер құрамасы — 1);

Әртістік жүзу – 2 лицензия (әйелдер дуэті — 1, командалық сайыс — 1);

Көгалдағы хоккей — 2 лицензия (ерлер — 1, әйелдер құрамасы — 1);

Жүзу, жеңіл атлетикада белгілі бір уақыт нормативін орындаса, Олимпиада жолдамасы беріледі.

Ал Париж Олимпиадасына кіретін өзге спорт түрлерінен Азия ойындарында жүлделер сарапқа түссе де, лицензия берілмейді. Кей жарыстар спортшылар үшін рейтингтік ұпай беруге көмектеседі. Медаль көп сарапқа салынатын күрес түрлерінен жолдама Әлем чемпионаты мен келесі жылы өтетін іріктеу додаларында ойнатылады.

"ШЫМКЕНТ МАРАФОНЫ" БҰҚАРАЛЫҚ САЙЫСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Шымкент қаласында биыл 6-шы рет ұйымдастырылған “Shymkent Marathon” ауқымды спорттық іс-шарасы мәресіне жетті. Бұқаралық жүгіру сайысына 5 мыңнан астам адам қатысты.

Биыл 7 дистанция бойынша сайыстар өтті. Атап айтқанда, 5, 10, 21 және 42 шақырым және скандинавиялық жүрістен, сонымен қатар, Экиден (42 шақырымдық эстафета) және мүмкіндігі шектеулі балалалар арасында жеңімпаздар анықталды.

Сонымен, Шымкент марафонында 42 шақырымды 73 адам, 21 шақырымды 227 адам, 10 шақырымды 526, 5 шақырымды 1089 адам жүріп өткен.

Марафонның басты қашықтығы — 42 шақырым бойынша ерлер арасында Ержан Жанарстанов (18-29 жас), Павел Солодов (30-39 жас), Алмас Баймұхамедов (40-49 жас), Абдурашид Бахтиев (50-59 жас), Серік Сексембаев (60-69 жас) үздік шықса, әйелдер арасында Диана Айдосова (18-29 жас), Олеся Алексеева (30-39), Ольга Машинская (40-49 жас), Нелли Медведева (50-59 жас) топ жарды.

Қала әкімінің бірінші орынбасары Қ.Асылов бұқаралық жүгіру сайысында топ жарған жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады.

—Іс-шараның басты мақсаты — бұқаралық спортты дамыту мен саламатты өмір салтын қалыптастыру. Елімізде спортты дамытуға айрықша мән беріліп, барлық жағдай жасалуда. Дәстүрлі сайысқа қатысушылар саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл қала тұрғындарының саламатты өмір салтын ұстануға деген қызығушылығы артқанын көрсетеді. Сайыста мықтылар жеңсін!, — деді қала әкімінің бірінші орынбасары.

Жеңімпаздарға ақшалай және марафонның демеушісі "Эврика" сауда желісінің бағалы сыйлықтары табыс етілді.

Айта кетейік, Шымкент марафон 2023Шымкентте жүгіруден марафон қатарынан алтыншы жыл өтіп жатыр. Биыл алты мыңнан астам адам қатысты. Қазақстан ғана емес, ТМД елдеріген спортсүйер жандар қатысуға өтінім берді. 60 қаладан желаяқтар қатысты. Биылғы ерекшелік ерекше күтімді қажет ететін балалар ата-анасымен қатысып жатыр. Жарыстың жалпы жүлде қоры - 14 млн теңге.

Отырар ауданында спорт саласының үздіктері марапатталды

Отырар ауданында спорт саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ауданның үздік спортшылары мен жаттықтырушылары марапатталды. Аудандық мәдениет сарайында өткен мерекелік шарада аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов ауданның спорт саласында қызмет атқарып жүрген барша қызметкерлермен спортшыларды кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтап, оларға толағай табыстар тіледі.

ШЫМКЕНТТЕ ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДА СПОРТТЫҚ ЖАРЫС БАСТАЛДЫ

Шымкент қаласында спорттық кіші футбол және баскетболдан  "Аула клубтары" арасында турнир басталды. Деп xабарлайды Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы.  Қаланың бес ауданында басталған іс-шараға ұйытқы болған – Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы. Қаламызда алғаш рет өтіп жатқан спорттық жарысқа 50 мектептен оқушылар қатысып жатыр.

Турнирдің мақсаты – жастарды дене шынықтыру және спортқа баулу арқылы салауатты өмір салтын қалыптастырып, нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күресуге үйрету. Осындай жобалардың нәтижесінде спортқа қызығушы жастардың қатары артып келеді, дейді ұйымдастырушылар.

Турнирдің салтанатты ашылу рәсімі Абай ауданына қарасты №55 жалпы орта білім беретін мектепте өтті. Іс-шараға қатысқан Абай ауданы әкімінің орынбасары Гүлнұр Асылбекова жасөспірімдерге сәттілік тіледі.

–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында бұқаралық спортты дамыту бойынша тапсырма берген болатын. Осыған орай, қаламызда «Аула клубтары» спорттық жарысы ұйымдастырылып, мектеп оқушылары өзара сайысты. Жасөспірімдердің спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Іс-шараға қатысушы жастарға сәттілік тілеймін! – деді Гүлнұр Асылбекова.

Кіші футболдан ойын көрсеткен спортшылар алдымен жасыл алаңда бойларын сергітіп, ойынды бастап кетті.

–5 жасымнан бастап спортпен айналысып келемін. Оның ішінде футболға  қатты қызықтым. Соңғы 5 жылда түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеміз. Бүгінгі ойынға тыңғылықты дайындықпен келдік, – дейді қалалық №87 жалпы білім беретін орта мектебінің жас спортшысы Сержан Дүсенбек.

Айта кетейік, жеңімпаз командалар бағалы сыйлықтармен марапатталып, қалалық кезеңге жолдама алады.

ШЫМКЕНТТЕ ШАХМАТТАН ЖАРЫСҚА ЕРЕКШЕ ЖАНДАР ҚАТЫСТЫ

Шымкент қалалық арнайы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханада зағип жандар арасында шахматтан жарыс өтті. Спорттық додаға мүмкіндігі шектеулі жандар қатысып, өзара жеңімпазды анықтады. Үздік шыққан шахматшыны Жастар ресурстық орталығында өтетін кеште арнайы марапаттайтын болады.

Ойын барысында 20 қатысушы өз шеберліктерін көрсетті. Жастардың басын қосқан іс-шараны Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының қолдауымен ұйымдастырып отыр.

—Шымкент қаласында ерекше жандарға арналған іс-шара 4 күнге жалғасады. Алдымен 200-ге жуық оқушы кәсіпкерлікті дамытуға арналған семинар-тренингке қатысты. Бүгін Цитадель көне қалашығына саяхаттап, шахмат ойынынан сынға түсті. Ертең үстел теннисінен сынға түседі. Соңғы күні кешімізді қорытындылап, есеп беру концерттік бағдарламасымен аяқтаймыз. Онда ерекше жандар халық алдында өздерінің өнерін көрсетеді, – деді «Тағзым» қоғамдық бірлестігінің өкілі Көмек Ертаев.

«Өмірге құштар жандар» деп аталатын іс-шараға 500-ге жуық мүмкіндігі шектеулі жас қатысып жатыр. Мұндағы мақсат – жастардың өмірде өз орны бар екенін ұғындырып, спортқа бейімдеу. Қандай сала болсын, биік дәрежеге жеткізу.

—Бұл ойында орын жеңу мақсат емес, ең бастысы қатысқанның өзі ерлік. Шахматқа қатысып отырған қатысушылар осы арнайы кітапхананың оқырмандары. Олар ойындағы тәжірибесін ары қарай дамытады деп сенемін. Осы уақытқа дейін жүзуден, шахмат ойындарынан талай республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иемденіп жүрген жайы бар. Оларға тек сәттілік тілеймін, – деді Шымкент қалалық арнайы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапхана директоры Бәкір Нұрманбетов.

ШЫМКЕНТТЕ 6 РЕТ «ZHYMKENT MARATHON 2023» ӨТПЕК

17 қыркүйекте әуесқой жүгірушілер "Shymkent Marathon" алаңына шығады!

Ерлер мен әйелдерге арналған жас санаттары:

* 10 жастан 14 жасқа дейін

* 15 жастан 29 жасқа дейін

* 30 жастан 39 жасқа дейін

* 40 жастан 49 жасқа дейін

* 50 жастан 59 жасқа дейін

* 60 жастан 69 жасқа дейін

* конкурстан тыс 70 және одан жоғары - абсолютті жеңімпаздар*

5 км қашықтыққа тіркеу бағасының күнтізбесі:

* 2023 жылғы 1-31 шілде аралығында-8 000 т.

• 2023 жылғы 1 тамыздан 16 қыркүйекке дейін-9 000 т.

Қатысушыларды тіркеу 16 қыркүйекте сағ: 18:00-де аяқталады.

Айта кетейік, Шымкент қаласында "Шымкент марафон - 2023" ауқымды спорттық іс-шарасы биыл 6-ші рет өтпек.
Естеріңізге сала кетейкі,былтырғы сайысқа 5 мыңға жуық адам қатысты.Сайыстың жалпы жүлде қоры - 11 миллион теңгені құрады. Жүгіру қашықтығы:

▫«Beginner» 5 км; ▫«Runner» 10 км; ▫«Half-Marathon» 21 км; ▫«Marathon» 42 км; ▫«Scandi» (жаяу жүріс) 5 км болып белгіленген. Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстаннан және еліміздің басқа өңірлерінен де қатысушылар тіркелуге өтінім берген еді. Ұйымдастырушылар эстафета қатысушылары бірнеше санат бойынша іріктелген. Атап айтқанда, 10 мен 15 жас аралығы, 16 мен 39, 40 пен 49 жас аралығы сонымен қатар 60 пен одан жоғары жастағылар болып бөлінген. Мұндағы басты себеп, спорт жанкүйерлерінің жас ерекшеліктеріне қарай күш-қуатын ескеріп, тең дәреже ойын көрсету. Бұл өз кезегінде эстафетаның әділ өтуіне кепілдік болмақ.

Сайыс қорытындысында мәреге бірінші жеткендерге қаржылай сыйлық табыс етілді. 42 км-ді бағындырған 1 орынғы 500 мың, 2-орынға — 400 мың, сондай-ақ 3-ші орын иесіне 300 мың теңге көлемінде сыйапат берілді. Және дәл осылай өзге де санат жеңімпаздарына құрмет көрсетіліп, түрлі көлемде марапат табысталған болатын.