50-ДЕН АСТАМ ШЫМКЕНТТІК СПОРТШЫ ЖАЗҒЫ АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНДА БАҚ СЫНАЙДЫ

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін Жазғы Азия ойындарына санаулы уақыт қалды. Төрт жылда бір өтетін жауапты сын 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығына жоспарланған. Ел спортшылары қызу дайындық үстінде. Ұлттық құрама сапында Шымкент қаласының спортшылары да бақ сынайды. 

Шымкент қаласы денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаев Жазғы Азия ойындарына шаһардан 50-ден астам спортшыны апару жоспарда тұрғандығын атап өтті. Жалпы 20-ға жуық спорт түрінен тәжірибелі, Олимпиада және әлем чемпионатының жүлдегерлері, Азия чемпиондары дайындық жұмыстарын жүргізуде. Жоспар түзілген, мақсат айқын.
Кейбір спорт түрлерінен Азия ойындары мен лицензиялық әлем чемпионаты қатар өтетінін айта кеткен жөн. Сол себепті кейбір спортшылар маңызды екі сынның біріне қатысады.
Енді әр спорт түріндегі жағдайымызды саралап көрсек. Жазғы Азия ойындарында боксшыларға артылар сенім зор. Ташкентте өткен әлем чемпионатының жеңімпазы Махмұд Сабырхан қызу дайындыққа кіріскен. Әлем чемпионатынан кейін 57 келі салмаққа ауысты. «Елорда Кубогы» жарысында бақ сынап, осы салмақта да өз мықтылығын дәлелдеген-тін. Ендігі басты мақсат – Азия ойындары.

Сонымен қатар, әйелдер боксынан Жайна Шекербекова еліміздің басты үміт артар спортшыларының бірі. Өткен жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Азия чемпионатында топ жарды. Шекербекова 2014 жылғы Азия ойындарында күміс жүлдегер атанған. Биылғы бәсекеде 54 келіде алтын жүлде алсам деген мақсаты бар.
Каратэден Қайсар Алпысбай, Данияр Юлдашев және Софья Берульцева таяуда ғана Азия чемпионатынан жеңімпаз және жүлдегер болып оралды. Үш спортшы да төртжылдықтың басты бәсекесіне аттанатындардың қатарынан. Бүгінде соңғы дайындықтарын пысықтауда.
Таэквондодан Азия чемпионы Смайыл Дүйсебай 80 келіден жоғары салмақта Азия ойындарының алтынына таласатын дарынды жастың бірі. Дзюдо күресінен Севара Нышанбаева мен Айбол Нысанәлі жауапты бәсекеге қатысуға үміткерлер қатарына енген. Алдағы іріктеу сайыстарында жақсы нәтиже көрсетсе, ұлттық құрама бапкерлері сенім артпақ.
Шаһарда күрес түрлерінен де бірқатар балуандар дайындықтарын пысықтауда. Грек-рим күресінен Азия чемпиондары – Мейіржан Шермаханбет, Әлімхан Сыздықов елімізде өз салмағында үздіктердің бірі. Қос балуан жуырда ғана Дортмундта (Германия) өткен Гран-При турнирінен қола жүлдемен оралды. Қос балуанға Олимпиада жолдамасын жеңіп алу мақсаты қойылған. Лицензиялық әлем чемпионаты немесе Азия ойындарына кімдердің баратынын бапкерлер құрамы анықтайды. Ал еркін күрестен ҚР Спартакиадасының жеңімпазы, Азия чемпионы Дархан Есенғали, әйелдер күресінен тәжірибелі балуан Елена Шалыгина да ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындарында жүр. Екеуі де жылдың басты бәсекесінде белдесуге басты үміткер балуандар.

Тарихтан сыр тартсақ, көркем гимнастикадан Азия ойындарында Шымкент қаласы споршыларының жеңісті дәстүрі бар. Бұл жолғы Азия ойындарына Эльжана Таниева аттанады. Ол таяуда ғана Азия чемпионатында жекелей сында екінші орын алды.
Шымкенттік нысана көздеушілердің де қабілет-қарымы көпшілікке мәлім. Спортшыларымыз өткен жылы Азия чемпионаты мен әлем кубогы бәсекесінде табысты өнер көрсетті. Ендігі жауапты сайыс – Азия ойындары. Стенд атудан Мария Дмитриенко былтыр құрлық чемпионатында, биыл әлем кубогында Зоя Кравченко үздік шықты.
Байдарка және каноэде есуден Сергей және Тимофей Емельянов, Александр Емельянов, Ирина Подойникова, Татьяна Токарницкая сынды тәжірибелі спортшылар 2022 жылы Азия чемпионатында жеңімпаз атанды.
Міне, жоғарыда аталған спортшылар ұлттық құрама сапында жауапты бәсекеге дайындық жұмыстарын пысықтауда. Сондай-ақ, жеңіл атлетика, садақ ату, семсерлесу, батуттық гимнастика, құзға өрмелеу спортынан да бірқатар тәжірибелі, дарынды спортшылар бар.
Биыл 2024 жылғы Олимпиада ойындарына жолдама берер жарыстар басталды. Шаһарда бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылуда. Азия ойындарында және лицензиялық әлем чемпионаттарында бақ сынайтын жерлестеріміз жоспарлы түрде Париж Олимпиадасына дайындалуда. Жолдама беретін сайыстардың бірқатары күз айларына жсопарланып отыр.
Қазіргі таңда ҚР 6-шы Жазғы Спартакиадасында қала спортшылары жалпыкомандалық есепте 2-ші орында тұр. 6 айдың қорытындысы бойынша қала спортшылары Азия чемпионаттарынан 61 алтын, 45 күміс, 35 қола, әлем чемпионаттарында 6 алтын, 5 күміс, 7 қола жүлдеге ие болды. ҚР чемпионаттарында 445 алтын, 362 күміс, 415 қола медаль жеңіп алды.
Шымкент қаласы әкімдігі, қалалық дене шынықытру және спорт басқармасы тарапынан спортшыларға барлық жағдай жасалуда.

ШЫМКЕНТТІК СПОРТШЫЛАР ЖАРТЫ ЖЫЛДА ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТТАРЫНАН 18 МЕДАЛЬ ЖЕҢІП АЛҒАН

Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бауыржан Тұманбаев 2023 жылдың 6 айында атқарылған жұмыстарды қорытындылап, баспасөз брифингін өткізді. Басқарма басшысы спорттық инфрақұрылымды және бұқаралық спортты дамыту, спорттық жетістіктер, жан басына қаржыландыру жобасы бойынша жүзеге асқан жұмыстар және алдағы жоспарларды баяндады.

Өткен жылы қалада дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын азаматтар саны 498 852 адамды немесе қала тұрғындарының жалпы санының 42 пайызын құрады. Биыл бұл көрсеткішті 43 пайызға жеткізу назарда тұр.

Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары бойынша спорт саласының көрсеткіштері 4 бағытты қамтиды. 2023 жылдың I тоқсанында Үстел теннисі кешені, жаңа ипподром құрылысы (демеуші есебінен), Металлург стадионы, №20 спорт мектебі спорт ғимаратының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін №12 спорт мектебінің қосымша корпусы, Sport Life футбол орталығының құрылысы аяқталады.

– Биыл 2024 жылғы Олимпиада ойындарына жолдама берер жарыстар басталады. Бұл бағытта жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Қытайда өтетін Жазғы Азия ойындарына шаһардан 50-ден астам спортшы үміткер болып отыр. Қазіргі таңда ҚР 6-шы жазғы Спартакиадасында 62 алтын, 55 күміс, 47 қола жүлдемен қала спортшылары жалпыкомандалық есепте 2-ші орында тұр, - деді басқарма басшысы.

6 айдың қорытындысы бойынша қала спортшылары Азия чемпионаттарынан 61 алтын, 45 күміс, 35 қола, әлем чемпионаттарында 6 алтын, 5 күміс, 7 қола жүлдеге ие болды.

Сонымен қатар, есепті кезеңде 1 еңбек сіңірген спорт шебері, 14 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 67 ҚР спорт шебері, 190 спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалды.

СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ ШӘКІРТТЕРІ ШЫМКЕНТТІҢ АБЫРОЙЫН АСҚАҚТАТЫП ЖҮР

Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «№2 жеңіл атлетика мен велосипед спортынан ОРМБЖСМ» мекемесі 2023 жылдың жазғы маусымын жақсы көрсеткішпен қорытындылады. Жас спортшыларымыз шет елдерде, еліміздің түкпір-түкпірінде ұйымдастырылған додаларда топ жарды.

Атап өтетін болсақ, мектептің шәкірттері осы жылдың сәуір айында Алматы қаласында өткен жеңіл атлетикадан ұзақ қашықтыққа жүру және лақтырудан ҚР чемпионатынан жеңіспен оралды. Ш. Егізбай (5 км), Ж.Егізбай (10 км), Д.Асетханұлы (10 км), Т.Ерматова (диск лақтыру) – І орын, С.Мухамджанов (5 км), К.Дробот (балға лақтыру), П.Кузубова (найза лақтыру) – ІІ орын, Н.Төребек (5 км), С.Досметова (5 км), А.Тахиржанов (5 км, 3 км), Ш.Совет (10 км), А.Құралбай (15 км), Е.Авдеенко (найза лақтыру), В.Песоцкий (балға лақтыру), К.Сраилов (балға лақтыру), Т.Ерматова (найза лақтыру) – 3 орындардан көрінді. Жалпы 4 алтын, 3 күміс, 10 қола медальмен Шымкент қаласы командалық 2 орынды иеленді.

Ал мамыр айында Қостанай қаласында велоспорттан (маутинбайк) жасөспірімдер арасында өткен ҚР чемпионатында велошабандоздарымыз Альмир Валиев 1 орын (ХСС), Альдер Ергешов – 2 орын (ХСС), 2 орыннан (ХСО) көрініп, жеңіспен оралды.

Жеңіл атлетикадан 3-6 маусым айында Ичхон қаласында (Корея) жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында 3000 м кедергілер арқылы жүгіруден Ақбілек Құралбай 10:35:43 уақытпен 2 орынды бағындырды. Бұл жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының жаңа рекорды деп айтуға болады. Алдыңғы рекорд 2008 жылы 10:57:59 орнатылған болатын. Жеңіл атлетикадан маусым айында Алматы қаласында ерлер мен ересектер арасындағы ҚР Кубогінде спортшыларымыз Д.Коблов 400 метр кедергімен жүгіруден, А.Абдуқаюмов 800 метрге жүгіруден 1 орын алса, Д.Төреханова үштік секіру, Ш. Шарипбаев 3000 метр спорттық жүруден 3 орын алып, қаламыздың намысын қорғады.
Сонымен қатар, жеңіл атлетикадан 2008-2009 кіші жасөспірімдер арасында өткен ҚР чемпионатында 6 алтын (Ш.Егізбай, П.Кузубова, Т.Ерматова, В.Песоцкий, Р.Әлібек), 6 күміс (Т.Ерматова, С.Мухамеджанов, В.Песоцкий, М.Сажнев, А.Тахиржанов), 6 қола (Р.Әлібек, Н.Төребек, К.Дробот, Т.Ерматова, Н.Миронов) алды.
21-24 маусым аралығында жеңіл атлетикадан ҚР VI Жазғы Спартакиадасына 17 облыс пен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 275 спортшы қатысты. Мыңнан тұлпар болып оза шапқан Шымкент қаласының спортшылары Абулазиз Абдуқаюмов (800 м) мен Руслан Ишметов 1 орын (он сайыс) алса, Дмитрий Коблов (400 м кедергімен жүгіру) пен Ақбілек Құралбай 2 орын (3000 м спорттық жүгіру), Диана Төреханова (секіру) 3 орынды иеленді. Осы жарыстың нәтижесімен ҚР үздіктері іріктеліп, олар тамыз айында Будапешт қаласында өтетін Әлем чемпионатына қатысады.
Президенттік көпсайыстан шілде айында Хромтау қаласында ҚР чемпионатында Ева Исхакова – 2 орын (2010-2013 ж.т.), Алинур Бахыталы – 3 орын (2008-2009 ж.т.), Амина Полкчи – 2 орын (2006-2007 ж.т.), Ангелина Володькина – 3 орын, Данил Сухомлин – 2 орын (2003-2005 ж.т) алып, Шымкент қаласының құрама командасы командалық 1530 ұпаймен 1 орынды иеленді.
Жеңіл атлетикадан 1-3 шілде аралығында Алматыда Г.Қосановтың Халықаралық 23 мемориалында 12 мемлекеттен (Қазақстан, Өзбекстан, Иран, Түркменстан, Тәжікстан, Индия, Жапония, Қырғызстан, Тайланд, Қытай, Әзірбайжан, Грузия) спортшылар қатысып, олардың арасынан шәкірртереміз А.Абдуқаюмов – 1 орын (800 м), Д.Коблов– 2 орын (400 м кедергімен жүгіру), А.Құралбай – 2 орын (5000 м) иеленді.
3-9 шілде аралығында Петропавлда велосипед спортының шоссе түрінен 13-14 жас, 15-16 жас ұлдар мен қыздар арасында өткен ҚР чемпионатында велошабандоздарымыз жүлделі орындардан көрінді. Бундина София – 3 орын (жеке), Валиев Альмир – 3 орын (жеке), Райымбеков Марлен – 2 орын (критериум) және командалық жарыста А.Ергешов, А.Жеткербеков, М.Райымбеков, А.Валиев 1 орыннан көрініп, Шымкент қаласының құрама командасы командалық 3 орынды иеленіп қайтты.
Жеңіл атлетикадан үлкен жасөспірімдер арасында өткен ҚР чемпионатында Б.Гончаров, Д.Кудратуллаев, А.Саркисо, Д.Хасанов, А.Сайдыганиев, А.Арифханов, А.Володькина, Ш.Егізбай, А.Андреев, А.Полтинова,
С.Досметова, М.Хусанбеков, А. Заболоцкий Артур, жүлделі орындардан көрініп, 3 алтын, 4 күміс, 6 қола медаль жиынытығымен командалық 2 орыннан көрініп, жазғы маусымды жапты.

ШЫМКЕНТ: ШАХМАТ ҮЙІРМЕЛЕРІНЕ 20 МЫҢНАН АСА БАЛА ҚАТЫСАДЫ

Шымкент қаласында спорттың жекелеген түрлерін, сонымен бірге кәсіби спортты дамыту шарлары жүйелі жүргізілуде. Атап айтқанда, спорт мекемелері, спорттық тапсырыс жобасы аясындағы ұйымдар, спорт түрлерінен әуесқой клубтары және жергілікті федерациялары тарапынан спорт секциялары ашылып, жұмыс істеуде.

Биыл Ұлттық және ат спорт түрлері кешенді спорт клубында «Дәстүрлі садақ ату» спорт түрінен спорт секциясы ашылып, 20 жасөспірім жаттығуға тартылды. Шымкент қаласының «Дәстүрлі садақ ату» федерациясында дәстүрлі садақ ату спортын дамыту үшін үйірмелерде 100-ге жуық қалалық шұғылдануда.

Қазіргі уақытта шаһарда жан басына шаққандағы спорттық секцияны қаржыландыру бағдарламасы аясында 20 спорт түрімен 16790 жуық бала спорт үйірмелермен қамтылды.

Шымкент қаласының шахмат федерациясы мен дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесе шахмат спортын жалпы орта мектептерде жүргізу мақсатында дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне 36 сағатты қамтитын семинар өткізіліп, 324 мұғалімге сертификат тапсырылды.

Қазіргі таңда мектептерде ашылған шахмат үйірмелерінде 20 мыңнан аса бала қамтылып отыр. Ал, кәсіпкерлер тарапынан ашылған ұйымдар мен орталықтарда 1000-ға жуық бала шахмат секциясында шеберліктерін арттыруда. Қала тұрғындарының бос уақытын тиімді пайдалану үшін қала аумағындағы саябақтарда арнайы шахмат үстелдері мен алаңы орнатылған.

Сонымен қатар, қала аумағында жеңіл атлетика спортын дамыту және салауатты өмір салтын ұстану мақсатында жеке кәсіпкерлер және тағы басқа ұйымдардың қызметкерлерінен құралған «Әуесқой жүгірушілер» клубтары жұмыс істеп жатыр. Онда 400-ге жуық шұғылданушыға білікті мамандар арнайы жаттығу жұмыстарын өткізуде. Спорт түрлерінің дамуына қаламыздың жалпы әрбір тұрғыны өз үлестерін қосып келеді.

 

 

ШЫМКЕНТТЕ СПОРТҚА ДЕН ҚОЙЫЛУДА

Шымкент қаласында спорт саласын дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтар болсақ, шаһарда соңғы 3 жылда, яғни, 2020-2022 жылдары 219 спорт нысаны пайдалануға берілген. Ал, биылғы жылдың алғашқы 6 айында тағы да 18 спорт нысаны ашылып, жалпы саны 1 093-ке жетіп отыр.

Спорттық инфрақұрылымның дамуы тұрғындардың дене шынықтыру және бұқаралық спортпен айналысуына қолайлы жағдай туғызған. Ресми деректер соның нәтижесінде 2020 жылы Шымкент қаласында 324 690 адам спортпен шұғылданса, бүгінде бұл көрсеткіш 498 852-ге дейін артқанын көрсетіп отыр. Яғни, осыдан 3 жыл бұрын шымкенттіктердің 30,6 пайызы бұқаралық спортпен шұғылданса, бүгінде тұрғындардың 42,3 пайызы спорт және дене шынықтырумен тұрақты түрде айналысып келеді.

Соңғы жылдары, әсіресе, балалар мен жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттыруға басымдық берілуде. Шымкент қаласы әкімдігінің деректеріне сүйенсек, «АртСпорт» жобасының аясында мемлекеттік-спорттық тапсырыс арқылы 2021 жылы 103 спорт секциясына 12 474 бала жазылған болса, биыл 213 секцияда 16 790 бала спортпен айналысып жатыр.

Мемлекеттің спортты дамытуға бағытталған саясаты тек дене шынықтыру мен бұқаралық спорттың ғана емес, кәсіби спорттың да дамуына жол ашып отыр. Мәселен, өткен 3 жылдың ішінде шымкенттік спортшылардың арасынан барлық спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының – 1 796, Азияның – 154 және әлемнің 99 чемпионы шықты.

Шымкентте соңғы жылдары пайдалануға берілген нысандардың қатарында жаңа атшабар алаңын, рекострукциядан өткен «Металлург» және заманауи үстел теннисі орталығын атап айтуға болады. Оған қоса биыл жыл соңына дейін «SPORT LIFE» футбол орталығы мен №12 спорт мектебінің қосымша корпусы пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Алдағы жылдары Шымкент қаласында спорттық инфрақұрылымды жетілдіру мен бұқаралық спортты дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. 2024 жылы Қажымұқан атындағы орталық стандионды реконструкциялау жұмыстары басталады. Алдағы жылдары «Шымкент сити» шағын ауданында «Шымкент арена» спорт сарайы, Тұран шағынауданында заманауи теннис орталығы, жаңа ат манежі, №15, 16 спорт мектептерінің жаңа корпустар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы спорт кешені салынады. Бұған қоса жеке инвесторлардың есебінен қаланың 5 ауданның әрқайсысында спорттық-сауықтыру орталықтары мен ірі спорт кешендерін ашу жоспарланған.

Сонымен қатар жергілікті биліктің алдында 2025 жылдан бастап Шымкентте жаңа футбол стадионын салу міндеті де тұр. Жалпы, 2024-2035 жылдар аралығында 300-ден астам спорт нысанын ашу көзделіп отыр. Осындай жұмыстардың нәтижесінде Шымкентте бұқаралық спортпен айналысатын тұрғындардың үлесі 2029 жылға дейін 50 пайызға, ал, 2035 жылға қарай 55 пайызға дейін жетеді деп жоспарланған. Сонымен қатар мемлекеттік-спорттық тапсырыстың аясында жұмыс істейтін секциялардың саны 2029 жылға 500-ге жетіп, онда 25 мыңнан астам бала спортпен шұғылданатын болады.

Осының барлығы Шымкентте спорт саласының дамуына жергілікті билік тарапынан баса назар аударылып отырғанын көрсетеді.

 

 

ШЫМКЕНТ: МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР КҮРЕСКЕ ТҮСТІ

Шымкентте мемлекеттік қызметшілер арасында қазақ күресінен жарыс өтті. «23 маусым - мемлекеттік қызметшілер күніне» орай, Шымкент қаласы әкімдігінің, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің, Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының бірлесе ұйымдастыруымен 2023 жылғы 11 маусым күні Қажымұқан атындағы орталық стадион аумағында орналасқан спорт кешендерінде мемлекеттік органдар қызметшілері арасындағы спартакиада жарысының қазақ күресінен жарыс өткізіліп, оған 8 мекеменің қызметшілері қатысты.

Талап бойынша қазақ күресі – ерлер арасында -74 кг, -90 кг, +90 кг (90-110 кг) салмақта барлық мекемеден мемлекеттік қызметкерлер (шектеусіз) жіберілді және әр салмақ дәрежесінде таразыға тартылу кезінде 1 кг қосымша мүмкіндік берілді. Бір қатысушы жарысқа тек 1 салмақ дәрежесі бойынша ғана қатыстырылды. Жарыс Qazag kuresi ассоциациясының қағидалары бойынша өткізілді.

Қазақ күресіне қатысып, жүлделі орынды иеленгендер «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының диломдарымен және қаржылай сыйлықтарымен марапатталды.

Атап айтқанда, «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы С.Әуесханов 1-орынды иеленгендерге диплом мен 15000 теңге қаржылай сыйлық, 2-орынды иеленгендерге диплом мен 10000 теңге қаржылай сыйлық, 3-орынды иеленгендерге диплом мен 5000 теңге қаржылай сыйлық табыстады.

Оның ішінде:

- 74 кг салмақта:

1-орын Қапашов Еркебұлан;

2-орын Рашид Қанат;

3-орын Омаров Амангелді.

- 90 кг салмақта:

1-орын Піралиев Серік;

2-орын Асилов Ақтөре;

3-орын Абилқасым Қасымхан.

- 90 кг жоғары салмақта:

1-орын Балганов Даурен;

2-орын Адамбек Баймырза;

3-орын Утетилеуов Мақсат.

 

ШЫМКЕНТТІК МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР ЖҮЗУДЕН ЖАРЫСТЫ

Мемлекеттік органдар қызметшілері арасында спартакиада жарысының суда жүзу спорты түрлерінен жарыстар өтті.

«23 маусым - мемлекеттік қызметшілер күніне» орай, Шымкент қаласы әкімдігінің, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің, Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының бірлесе ұйымдастыруымен 2023 жылғы 10 маусым күні Қажымұқан атындағы орталық стадион аумағында орналасқан «Орталық су спорт кешенінде» мемлекеттік органдар қызметшілері арасындағы спартакиада жарысының жүзу спорты түрлерінен жарыс өткізілді.

Суда жүзу спорты түрлерінен жарыстарға қатысушылар командасының құрамы әр мемлекеттік мекеме үшін, 3 адамнан тұратын мемлекеттік қызметші, оның ішінде 2 ер, 1 әйел азаматтар болу шарты қойылып, барлық ойындар жүзу спорты бойынша қолданыстағы FINA қағидаларына сәйкес өткізді.

Бағдарлама бойынша: ерлер 50 метрге еркін жүзу және 50 метрге арқамен жүзу, ал әйелдер 50 метрге еркін жүзу, ерлер және әйелдер 3 х 50 метрге эстафета микс (еркін жүзу) өткізу, эстафетаның нәтижесі бойынша жүзуден жеңімпаз командасын анықтау жоспарланып, жарыс өткізілді.

Жарыс бағдарламасына сәйкес, 50 метрге еркін жүзуден жарысқа 13 ер қызметші және 50 метрге арқамен жүзуден жарысқа 11 ер қызметші, сондай-ақ 50 метрге еркін жүзуден жарысқа 9 әйел қызметші, жалпы 33 адам қатысты.

Мемлекеттік органдардың қызметшілері арасындағы спартакиада мемлекеттік қызметкерлерге салауатты өмір салтын насихаттау, мемлекеттік қызметкерлерді спортпен тұрақты шұғылдануға тарту, Шымкент қаласында бұқаралық спортты дамыту мақсатында өткізілді.

Жеңімпаз командалар 2023 жылғы 11 маусым күні марапатталатын болады.

ШЫМКЕНТТЕ КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІ ЖАРЫСҚА ТҮСТІ

Кәсіподақ мүшелері арасында спартакиада жарысының бильярд спорт түрінен жарыс өткізілуде.

«23 маусым - мемлекеттік қызметшілер күніне» орай, Шымкент қаласы әкімдігінің, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің, Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының бірлесе ұйымдастыруымен 2023 жылғы 10 маусым күні «PRINCE» бильярд клубында спартакиада жарысының бильярд (құрамдастырылған пирамида) спорт түрінен жарыс өткізілуде.

Жарыс олимпиада жүйесі бойынша өткізілуде және бір жеңілістен кейін ойыннан шығып отырады. Партияның уақыттық кезеңіне өзгерістер енгізу және ойын үлгісі мандаттық комиссияда қарастырылған. Жеребе бойынша алынған нөмірлерге және бекітілген жүйеге сәйкес 3 ер адамнан құрылған командалар тиісті командамен кездеседі. Бұл жерде команданың бірінші нөмірлі ойыншысы қарсылас команданың бірінші нөмірлі ойыншысымен кездеседі, екінші нөмірлі сәйкесінше екінші нөмірмен, ал үшінші үшіншімен. Команда ойыншыларының нөмірі жарыс соңына дейін сақталады. Қосалқы ойыншы кез келген ойыншыны алмастыру құқығына ие. Қатысушылар үшін киім үлгісі – қара шалбар, ақ жейде болып белгіленген.

Жалпы жарысқа 16 команда қатысып, жарыс жалғасуда.

Мемлекеттік органдардың қызметшілері арасындағы спартакиада мемлекеттік қызметкерлерге салауатты өмір салтын насихаттау, мемлекеттік қызметкерлерді спортпен тұрақты шұғылдануға тарту, Шымкент қаласында бұқаралық спортты дамыту мақсатында өткізілуде.

Жеңімпаз командалар 2023 жылғы 11 маусым күні марапатталатын болады.