Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Шымкентке іс сапармен келді. Уәкіл қаладағы бірқатар әлеуметтік мекемелерді аралады. Алдымен №78 түзеу мекемесінде болған ол ондағы жазасын өтеп жатқан әйелдердің жағдайымен танысып, мұң мұқтажын тыңдады. Әйелдердің басым көпшілігі түзету мекемесіндегі жағдайға көңілі толатынын айтып, қызметкерлер тарапынан ешқандай қысым көрсетілмейтінін жеткізді. Десе де, кейбір айыпталушылар медициналық қызметтің қол жетімсіздігіне шағымданды. Бұл мәселе жөнінде А.Ластаев шағымданған әйелдерге жеке қабылдау өткізді.
Мұнан кейін, Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты №6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығындағы балалардың жай-күйімен танысты. ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі сапар барысында ерекше балалардың құқықтарының қадағалануы мен қызмет сапасына айрықша назар аударды. Аталған орталықта 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық ауруы бар мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Мамандар жүйке жүйелерінің ауруы, «Эпилепсия» диагноздары бойынша тірек-қимыл жүйесі бұзылған балалардың қимыл-қозғалысын оңалту қызметін көрсетеді.
Емдік шаралар барысында ROBACTIV Локомотив жүйесі, модульдік баспалдақ «STEP» түрі мен басқа да заманауи медициналық құрал-жабдықтарын қолдануда.
Орталық директоры Камила Ауанасованың айтуынша, 2024 жылы мекемеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, қалалық мәслихат қарауына ұсынылмақ. Арнайы уәкіл тағы бірнеше мекемелерді аралап,ондағы маңызды мәселелердің оң шешім табатынын, жіті қадағалауда болатындығын айтып өтті.