Жұма, 15 Қыркүйек 2023 11:52

ШЫМКЕНТТЕГІ 150 МЕМЛЕКЕТТІК , 25 ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕПТЕРДІҢ АЛДЫНДАҒЫ ЖОЛ СЫЗБАЛАРЫ ЖАҢАРТЫЛДЫ

«Білім беру мекемелеріндегі оқушылардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілік» тақырыбындағы сараптамалық талқылау

Бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Білім беру мекемелеріндегі оқушылардың қауіпсіздігі мен жауапкершілігі» тақырыбында сарапшылық талдау өтті. Іс-шараның мақсаты білім беру мекемелерінде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу және олардың саламаттығын қамтамасыз етуде Шымкент қаласының мемлекеттік органдары тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды және ұсыныс-пікірлерді медиа-алаңда талқылау.

Эксперттік жиынға Шымкент қаласының Полиция департаментінен, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен, Төтенше жағдайлар департаменттерінен, Білім, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары және Денсаулық сақтау басқармаларынан салаға жауапты басшылар және БАҚ өкілдері қатысады.

2023 жылдың 31 тамызда ҚР Үкіметінің № 748 Қаулысы шықты. Қаулыда балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету бойынша арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген.

Іс-шара барысында мектеп жасындағы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау бағытында мемлекеттік саясат қалай жүргізілуде және балалардың өмірін зорлық-зомбылықтан қорғау үшін мемлекеттік органдар қандай жұмыстар атқаруда осы және өзге де сұрақтарға жауап алатын боламыз.

Шымкент қаласы бойынша білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қатаң бақылауға алынған.

Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік негіздегі 150-мектеп, 10-колледж, 71-бала бақша бар. Бүгінгі таңда мемлекеттік білім беру ұйымдарында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы талаптарға сәйкес бейне бақылау жүйелері және «SOS» дабыл батырмалары толығымен орнатылған. Орнатылған бейнебақылау жүйелері мен дабыл батырмалары Шымкент қаласының Полиция департаментінің «Жедел басқару орталығына» интеграцияланған.

Одан бөлек қаладағы барлық мектептерге өткізу жүйесі (турникет) 100% орнатылып, I-дәрежелі мамандандырылған күзетпен қамтамасыз ету үшін 100% келісім-шарт түзілген.

Қала аумағында жалпы жеке меншіктегі 111-мектеп, 17-колледж, 533-бала бақша тіркелген. Жекеменшік білім беру ұйымдарында ҚР білім және ғылым министрлігінің 30.03.2022 жылғы № 117 бұйрығында көрсетілген талаптарға сәйкес бейне бақылау жүйелері орнатылған. Алайда орнатылған бейнебақылау жүйелері 54-мектеп, 3-колледж, 8-балабақшада ғана қалалық Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған. Қалған жекеменшіктегі ұйымдарға аталған бағытта ескерту хаттар жолданып, түсіндіру жұмыстары бірнеше рет жүргізілген.

Арнайы бекітілген полиция қызметкерлері оқушылардың сабаққа қауіпсіз келіп кетуін қамтамасыз ету мақсатында күнделікті таңертеңгі, түскі және кешкі ауысым кезінде мектептердің алдында орналасқан жаяу жүргіншілер жолағында қызмет атқаруда.

2022-2023 оқу жылында мектеп ішінде және мектепке жататын аумақта оқушылармен және оқушыларға қатысты қылмыс орын алмаған.

Сонымен қатар, кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қарсы жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері білім беру ұйымдарында оқушылармен кездесулер өткізіп, қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтардың заңды жауапкершіліктерін және қоғамдық орындарда, саябақтарда, көшелерде және бөгде адамдармен қарым-қатынас кезінде өзін қалай ұстау керектігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болатын және бақылаусыз көшеде жүретін балаларды анықтау бойынша түнгі профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде.

Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан 2023-2024 жылдың оқу жылы қарсаңында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, Шымкент қаласы бойынша 150 мемлекеттік, жол бойында орналасқан 25 жекеменшік жалпы орта білім беру мекемелерінің алдындағы сызылған жаяу жүргіншілер өтпелерінің жол таңбаларын толығымен жаңартылды.

Сонымен қатар, 12 мектептің алдында орнатылған жасанды бұдырлық техникалық құралы жаңартылып, 5 мектептің алдына ең жоғарғы жылдамдықты шектеу 40 км/сағат, абайлаңыз балалар! жол белгілері орнатылды.

Бұдан бөлек мектептердің алдарындағы жолдардың 95 пайызға жуығына көше жарығы орнатылған.

Пилоттық жоба бойынша Қарабастау тұрғын алабындағы Қамбарұлы көшесінің бойында орналасқан №99 мектеп алдына «vision zero» жоғарылатылған жасанды жол кедергі орнатылды.

Төтенше жағдайлар департаментінің есебінде қаладағы 941 білім беру мекемесі тіркелген. Бұл мекемелерде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша жүргізілген бақылау мен қадағалау және субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылау ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүргізіледі.

Қаланың білім беру нысандарында өрт қауіпсіздігін алдын алу мәселелерін жүйелі түрде ұйымдастыру мақсатында ТЖД-да жалпы білім беретін мектептердің, орта кәсіптік оқу орындарының және мектепке дейінгі оқу орындарының оқытушыларын арнайы оқыту практикасын өткізіп отырады. Жыл сайын ТЖ департаментінде білім беру жүйесінің 100-ден аса қызметкері арнайы оқудан өтеді.

Өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша 2023-2024 жылдары «Өрт қауіпсіздігі және улы газбен уланудың алдын алу» тақырыбында 12948 оқушыны қамтыған 594 нұсқама жүргізілді,1255 ата-ана қамтылған 28 жиналыс өткізілді, 663 оқушыға өрт сөндірушілердің күнделікті өмірімен техникаларын көрсете отырып, өрт сөндіру бөлімдерінде ашық есік күні ұйымдастырылды, 310 оқушы қамтитын 17 интерактивті сабақ өткізілді және мұғалімдермен оқушыларға 5 рет өрт-тактикалық оқу сабақтары өткізілді.

Департамент қызметкерлері өз бастамасымен өрт қауіпсіздігі тақырыптарында қызықты шығармашылық комикстер, мультфильм әзірлеп, балабақша бүлдіршіндеріне дейін қамтуға тырысуда.

Сондай-ақ, білім басқармасымен бірлесіп қаланың әр мектебінде «Жас құтқарушылар», Оқушылар сарайында «Қауіпсіздік әліппесі» үйірмелері құрылған.

2022 жылдан қазіргі уақытқа дейін білім беру объектілерінде өрт орын алмаған.

Балаларды тиімді тамақтанумен қамтамасыз ету басты бағыт болып табылады, өйткені балалардың денсаулық жағдайы оның тамақтануына тікелей байланысты. 6 жастан 18 жасқа дейінгі кезеңінде дененің қарқынды өсуі байқалады, бұл ақыл-ой мен физикалық белсенділіктің жоғарылауымен бірге жүреді.

Тамақтану рационы тиімді, теңдестірілген, әр түрлі болуы керек және баланың денесінің энергетикалық қажеттіліктерін қанағаттандыруы керек. Дұрыс өсу мен даму үшін әр оқушы мен балабақша тәрбиеленушісі белгілі бір өнімдер жиынтығын алуы керек, яғни «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» және «Мектепке дейінгі ұйымдарға және сәбилер үйлеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларында көрсетілген өнімдердің белгілі бір жиынтығын алуы керек. Сонымен, рационда аталған өнімдер қамтылуы керек: сүт және сүт өнімдері, сүзбе, ірімшік, ет, балық, жұмыртқа, жарма және макарон өнімдері, өсімдік және жануар майлары, нан және нан өнімдері, көкөністер, жаңа піскен жемістер, табиғи шырындар.

Мектептердің медициналық пункттері ДСӘДМ-нің 05.08.2021 ж. №76 бұйрығына сәйкес шұғыл көмек көрсету үшін төсемдермен, ДСӘДМ диагностикасы мен емдеу хаттамаларына сәйкес, дәрілік препараттармен жарақтандырылған. ММБ және дезинфекциялық ерітінділер жеткілікті мөлшерде бар. Барлық мектептердің медпункттері компьютерлермен жабдықталған және медициналық ақпараттық жүйелермен біріктірілген.

Медициналық пункттердегі оқушыларға медициналық көмекті кеңейтілген немесе жалпы практикадағы орта медицина қызметкерлері, учаскелік медбике, сондай-ақ «Мектеп медицинасындағы мейірбике ісі» мамандығы бойынша оқыған медбикелер көрсетеді.

Оқушылардың денсаулығының қауіпсіздігін сақтау мақсатында мектеп медицина қызметкері келесі іс-шараларды өткізеді:

- профилактикалық медициналық тексерулерге арналған оқушылардың мақсатты топтарының тізімін жасайды;

- оқушылардың тиісті контингентін жоспарлы, маусымдық немесе эпидемиялық көрсеткіштер бойынша вакцинациялауды, егілгендерді бақылауды қамтамасыз етеді;

- салауатты өмір салты маманымен бірлесіп, МСАК ұйымдары салауатты өмірсалтын насихаттау және қалыптастыру бойынша іс-шараларды жүзеге асырады;

- білім беру ұйымдарының психологтарымен және әлеуметтік педагогтарымен бірлесіп психикалық денсаулықты қорғау, темекі өнімдерін тұтынудан, психоактивті заттарды медициналық емес пайдаланудан, құмар ойындарға патологиялық тартудан туындаған суицидтік мінез-құлық пен тәуелділіктің алдын алу жөніндегі жұмысқа қатысады;

- білім беру объектілеріне бекітілген санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес, тәрбиеленушілер мен оқушылардың отыруын бақылауды қамтамасыз етеді.

- шұғыл ауруханаға дейінгі медициналық көмек көрсетеді, тіркелген жері бойынша медициналық ұйымға жолдайды, жедел медициналық жәрдем бригадасын шақырады.

Оқушылардың өміріне қауіп төнген кезде медициналық көмек ата-аналарының (заңдыөкілдерінің) келісімінсіз көрсетіледі, кейіннен оларға көрсетілген медициналық көмек туралы міндетті түрде хабарланады.

Атап өтілгендей, медициналық пунктте мектеп дәрігерінің үнемі болуы талап етілмейді, тек оқушыларды кәсіби тексеру кезінде және түсіндіру жұмыстары кезінде болады.

Бұл ретте оқушылардың ауруы бойынша жоспарлы диспансерлеуді, емдеуді және оңалтуды олар тіркелген МСАК ұйымының жалпы практика дәрігерлері, учаскелік педиатрлар, бейінді мамандары, фельдшерлері мен медбикелері жүзеге асырады.

Оқылды 309 рет