Сейсенбі, 24 Қазан 2023 17:32

Түркістан облысы: Сайрам ауданында 2100 гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылған

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кезекті жұмыс сапарында Сайрам ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде ауданның активімен көшпелі мәжіліс өткізді. Мақсат – ауданды дамыту бағытында жобаларды талқылау, жұмысты жандандыру. Кемшіліктерді талқылап, жаңа жоспарлар құру.

Облыс әкімінің төрағалығымен өткен жиында ауданның дамуына кері әсерін тигізіп отырған кемшіліктер мен кедергілер бүкпесіз айтылып, жаңадан тағайындалған аудан әкімі мен басқарма басшыларына тапсырмалар берілді.

– Ауданда атқарылған жұмыстарда кемшіліктер бар. Оянатын уақыт келді. Жауапкершілік пен жанашырлық болмай, еш нәтиже шықпайды. Ауданның даму жоспарын қайта қарап, басынан әзірлеуді тапсырамын. Бұл ретте әр ауданның ерекшелігі назарға алынып, басым бағыттары анықталуы керек. Бюджетке үміт артып отыра бермей, қолдан келетін тазалық, абаттандыру секілді мәселелерді шешуге болады. Ғимараттардың күнделікті күтіп-ұстауы дұрыс болса, кейбірі осыншама жағдайға жетпес еді. Бұл мәселе қатаң бақылауда. Кіріс көлемін арттыру, жұмыс орындарын көбейту, кәсіпорындар ашу аса маңызды. Ауданға жеке инвестицияларды тарту бойынша нақты жобалар қажет, – деді Дархан Сатыбалды.

Аудан әкімінің орынбасары Бахытбек Хасанов әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді баяндады. Айтуынша, өндіріс саласында былтыр 68 кәсіпорынмен 57,5 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 105,8%-ды құраса, биылғы жылдың 5 айында 19 млрд.теңге өнім өндірілген, нақты көлем индексі-104%. Ауданда басымдық өңдеу саласы дамып келеді, өнеркәсіптегі үлесі 80%-ды құрайды.

Сайрам ауданында 2100 гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Жалпы, Түркістан облысы жер қатынастары басқармасының 5,5 мың гектар жайылымдық жерді қайтару жоспары бар. Ал ауданның жалпы жер қоры – 114 761 гектар. Жайылым көлемі – 24,5 мың гектар. Биыл 9 айда 2100,5 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Сондай-ақ қайтару бағытында 473,6 гектар жер бар, оған қатысты 13 іс сотта қаралып жатыр.

Бүгінде Қайнарбұлақ ауылдық округінде 1049 гектар мемлекет меншігіне өткен. Биыл Құтарыс ауылдық округінде 126 гектар жер қайтарылса, 285 гектар жайылымдық жер учаскесіне ауыл тұрғындарының малын жаю үшін ауылдық округ әкімі аппаратына тұрақты пайдалануға беру мәселесі қаралып, Жер комиссиясының оң қорытындысы берілген. Жалпы Сайрам ауданында жайылымдық жер учаскелерін қайтару бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта жайылымдарды елге қайтару жұмысы жалғасатын болады.

Өндірістік әлеуетті дамыту мақсатында 2023 жылы өңдеу өнеркәсібі бағытында 8,6 млрд.теңгені құрайтын жаңа 7 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Яғни, ауыл шаруашылығы өнімдерін және алкогольсыз сусындар шығаратын 4 зауыт, темірбетон, газоблок шығаратын зауыттар және балалар мен мүгедектерге арналған жөргектер шығаратын зауытты кеңейту жобалары бойынша 247 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Жиында Түркістан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Асқар Қаныбеков ауданды дамыту жұмыстарын зерделеу нәтижесімен таныстырып, өзекті мәселелерді қозғады. Олқылықтарға тоқталып, нақты деректерді ортаға салды.

Сайрам ауданында ауыл шаруашылығы саласындағы мүмкіндік пен әлеует толық қолданылмай отыр. Аудандағы ішкі жолдардың сапасы сын көтермейді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында бірқатар қордаланған мәселелер бар. Өзіндік кірістердің үлесі төмендеген.

Білім, денсаулық сақтау, санитарлық тазалық, елді мекендерді абаттандыру саласындағы мәселелерді де шешуді міндеттеді. Облыс әкімі осы кемшіліктерді қысқа мерзімде жою үшін тиісті шаралар қабылдауды қатаң тапсырды. Осы және өзге де түйткілдер тарқатылған мәжілісте облыс басшысы аудан әкімі мен жауапты басқарма басшыларына кемшіліктерді жою бойынша нақты тапсырмалар берді. Тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауға алынды.

Биыл жыл басынан бергі облыс әкімінің есептік кездесуінде көтерілген мәселелердің бірқатары шешімін тапты. Кейбір мәселелерді шешу үшін бюджеттен қаржы қарастыру үшін қосымша уақыт талап етеді. Тұрғындардың ұсыныс-тілектерінің ішінде ауылдардағы ішкі көшелерге асфальт төселді. Жол белгілері орнатылды. Қарасу ауылындағы Жаңақұрылыс аумағына инфрақұрылым жүргізуге биыл бюджеттен 965 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Жібек жолы ауылындағы су жүйесін күрделі жөндеуге биыл 100 млн.теңге қаржы бөлінді. Электр тапшылығын шешу үшін Ақсукент ауылынан Қосалқы станциясының құрылысын қаржыландыру мәселесін шешу үшін министрліктермен тиісті жұмыстар атқарылуда. Қарабұлақ ауылындағы ауыз су жүйесінің құрылысына (9,3 миллиард теңге) жобалық құжаттама дайындалды. «Қарасу-Қызылту-Сайрам» жолын жөндеуге (1,2 миллиард теңге) жобалау сметалық құжаттама дайындалып, республикалық бюджетке қаржыландыруға ұсынылды. Сиқым ауылындағы мектепті күрделі жөндеуге жобалық құжаттама дайындалуда.

Сайрам ауданында ішкі өнім көлемі былтыр 242 миллиард теңгеге жетсе, биыл 6 айда 89 миллиард теңгені құрады. Былтыр 15 миллиард теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, соңғы 5 жылда 5 миллиард теңгеге өскен. Биыл 6 айда құрылыс көлемі 6,5 миллиард теңгені құрады. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 5 жылда 21 мыңнан асты. 29 мың адам жұмыспен қамтылып, 85 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. 2023 жылғы өзіндік кірістер жоспары 10 миллиард теңгені құрады. Былтыр негізгі капиталға 39,5 миллиард теңге инвестиция бағытталса, 6 айда ауданға 22,6 миллиард теңге инвестиция тартылды. Өнеркәсіп саласында жыл басынан 21,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілген, оның ішінде 17 миллиард теңгесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі.

Ауданда ағын су мәселесі өзекті. Каналдардың су өткізу қабілеттілігін арттыру үшін 105 миллион теңге қаралып, 7 каналды күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалау сметалық құжаттама әзірленуде (Аламан, Төменгі Аққала, Бауарық, Әсіл, Теспе, Сай, Жоғарғы Аққала). Сондай-ақ Ақбай-Қарасу каналының күрделі жөндеуіне биыл 131 миллион теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары басталған.

Президент тапсырмасымен облыста бастау алған «Ауыл аманаты» жобасымен мал шаруашылығында 89 жоба бойынша құжаттары мақұлданған.Биыл 2 мектептің құрылысы жүруде. Қарамұрт ауылындағы мектеп жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Жекеменшік мектеп салудан облыста Сайрам ауданы көш бастап тұрған. Былтыр 13 жекеменшік мектеп іске қосылса, биыл 7 жекеменшік мектептің іске қосылуы жоспарлануда. Бұл мектептер жаңа оқу жылында оқушылар қабылдайтын болады. «Жайлы мектеп» пилоттык ұлттық жобасы шеңберінде аудан аумағындағы мектептердің мәселесін шешу үшін жаңадан 3 мектептің құрылысы жоспарланып отыр.

Сайрам ауданында 2023 жылдың қыркүйек айында жеміс-көкөністі өңдеу зауыт іске қосылады делінген-тін. Өндіріс орнында Түркиядан заманауи құрал-жабдықтар әкелініп, орнатылып жатыр. Зауыт томат пастасы, кетчуп, жеміс шырынын шығарады. Жоба іске қосылғанда 50 жұмыс орны ашылады.

Жалпы, Сайрам ауданы — Түркістан облысындағы ең ірі аудандардың бірі болып саналады. Аудан орталығы — Ақсукент. 1928 жылы құрылған. Жерінің аумағы: 1,1 мың шаршы шақырым (облыстың 0,9%). Тұрғын саны 231,914 мың адам (2023 жылғы статистика).

Ақсу өзенінің бойына орналасқан, жүз жылдан астам тарихы бар барлық автомобиль және темір жолдары осы орталықта түйіседі. Аудан Шымкент қаласының айналасын сақина тәрізді орай қоршап жатыр. Ауданның шығысында Машат өзені, орталығында Ақсу өзені, ал солтүстігінде Арыс өзені ағып өтеді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 98 рет