Сәрсенбі, 01 Қараша 2023 17:25

Сауран ауданында жер қойнауын заңсыз пайдаланушылармен күрес қатаң жүргізілуде

Сауран ауданы көлемінде жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларды анықтау және оларға зерделеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі жұмысшы топ алгоритмге сәйкес, рейдтік жұмыстарын жүргізілді.

Жұмыс барысында жер қойнауын заңсыз пайдаланушылар анықталып, олардың жұмыстары бейнетаспа мен фотосуреттерге түсірілді. Шара барысында Сауран ауданына қарасты Шорнақ және Жаңа Иқан ауылдық округтеріндегі пайдалы қазбаларды заңсыз қазу деректері анықталып, 102 сымтетігіне хабарлама берілді. Нәтижесінде 1 «ЭЛКА», 1 «КАМАЗ», 1 «Эксковатор» және 2 «HOWA» ауыр жүк көліктері айып тұрағына қойылды. Рейдтік жұмыстар алдағы күндеріде жалғасатын болады.

Мұндай рейдтік жұмыстар жиі жүргізіліп тұрады. Мәселен, қыркүйек  айында Сауран аудан аумағында жер қойнауын заңсыз пайдалану деректерін тоқтату мақсатында құрылған жұмысшы топ жер қойнауын заңсыз пайдалануды анықтау, оның алдын алу бойынша Түркістан облыстық Көліктік бақылау инспекцияның жылжымалы көлік бақылау бекеттерінің мамандарымен және тиісті мемлекеттік мекемелердің қызметкерлерімен бірлескен шара кезінде заңсыз әрекеттердің алдын алуға кезекті түнгі рейдтік жұмыстарын жүргізді.

Аталған жұмысшы топ өкілдері түнгі рейдтік жұмыстарын 2023 жылдың 13-ші шілде күні кешкі сағат: 22:00-ден бастап, 14-ші шілде сағат: 03:00 аралығына дейін Сауран ауданы, Үшқайық ауылдық округі, Теке елді мекенінің (Түркістан-Балтакөл) облыстық маңызы бар жол бойында жүк көлігіне заңсыз ауыр жүк арту деректерін анықтады.

Жүк көлігінің жүргізушілері рейд кезінде анықталған заң бұзушылықтар жүк көліктерінің белгіленген салмақтық және көлемдік тәртіпті сақтамауына қатысты болды. Нәтижесінде жүк тасу көлігі заңды шешім қабылдағанға дейін ақылы айыптұраққа тоғытылып, әкімшілік хаттама толтырылды.

Сондай-ақ, құқық қорғау орган өкілдері аталған жүк көліктерінің жүргізушілеріне ҚР ӘҚБтК-нің 630-бабының талабын (жол жабындысын ластау) бұзғаны үшін айыппұл салды. Айта кетейік, «Түркістан-Балтакөл» бағытындағы автожолда ауыр жүк көліктері артық салмақпен жүк тасып жатқаны туралы Үшқайық ауылдық округі, Теке елді мекенінің тұрғындары тарапынан «Facebook» әлеуметтік желісіне жазба қалдырған болатын.

Рейдтік шара барысында Үшқайық ауылдық округі, Теке елді мекеніне кіре берістегі көпірге орнатылған 8 тн артық жүк көліктері өтуге болмайтындығы туралы белгіден өткені үшін патрулдік полиция қызметкері тарапынан 1 «HOWA» жүк көлігіне (жүк көлігіне құм, қиыршық тасы тиелген) 5 АЕК көлемінде (50% жеңілдікпен) хаттама толтырылып, жүргізушінің сақтандыру польюсі болмауына байланысты аудандық айыптұраққа қойылды. Сонымен қатар, Балтакөл бағытынан келген 5 «HOWA» жүк көлігіне (жүк тиелмеген) ескерту берілді. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп, жалғасын табатын болады.

Жалпы, Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларға қарсы күрес күшейтілген. Облыс аумағында 100-ден астам карьерлердің жұмыстары жаппай тексеріліп жатыр. Рейдтік шаралар өткізіліп, айыппұл салынуда. Жыл басынан бері келісімшарттық міндеттемелерін толық орындамаған және су қорғау белдеуінде орналасқан 11 жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттары мерзімінен бұрын тоқтатылған.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жер байлығын заңсыз игергендерді біржолата тоқтату туралы қатаң тапсырма берді. Таяуда облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте өзекті тақырып тағы да талқыланды. Бұл бағытта атқарылған жұмыс нәтижелері баяндалды. Өзендердің арнасын бұзып, тау-тасты, тарихи орындарды қопарып, заңсыз құм, тас және өзге де пайдалы қазба алып жатқан кәсіпкерлердің әрекеті өткір сыналды.

Облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың баяндауынша, Сайрам ауданының аумағындағы 3 жер қойнауын пайдаланушы Ақсу өзенінің су қорғау белдеуінде орналасуына байланысты келісімшарттарының қолданысы мерзімінен бұрын тоқтатылған.

Сондай-ақ «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің ерекше қорғалатын аумақтарына кіруіне байланысты Арыс қаласының аумағында орналасқан үш жер қойнауын пайдаланушы жұмысын тоқтатты. Ордабасы, Сауран, Төлеби және Түлкібас, Шардара аудандарында орналасқан кен орындарының су қорғауы белдеуіне орналасуына және келісімшарттық міндеттемелерін орындамауына байланысты келісімшарттың қолданысы мерзімінен бұрын тоқтатылды. Табиғатқа залал келтірген мекемелер қазған жерді тегістеу керек.

- Бұл мәселе не үшін болып жатыр? Әрбір мемлекеттік орган өз міндетін дұрыс атқарып отырса, бірде - бір заңсыз карьер болмас еді. Олардың жұмысын біржолата тоқтату керек.Халықпен кездесу кезінде де осы мәселе жиі көтеріледі. Тұрғындарымыз заңсыз карьерлерден зардап шегуде. Карьер қазғаннан өзендер мен бұлақтар тартылып жатыр. Оның үстіне ауыр көліктер миллиардаған қаражатқа салынып жатқан тасжолдардың тас - талқанын шығарып жатыр. Оларды қорғағандардың өзін қылмыскер, деп санаймын, - деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Облыс әкімінің тапсырмасымен, полиция департаментінің бақылауымен өңірде арнайы іс-шара жүргізілуде. ПД-нің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері мен табиғатты қорғау тобының инспекторлары жұмылдырылған шара барысында анықталған ауыр жүк көліктері айыптұраққа қойылды. Аталған жайттар бойынша тиісті құжаттар жинақталып, шешім қабылдау үшін Экология департаментіне жолданды. 16 қылмыстық іс қозғалды. Бұл бағыттағы жұмыстар облыстың барлық аумағында жалғасын табады.Одан бөлек, облыс аумағында орналасқан 45 жер қойнауын пайдаланушылардың пайдалы қазбаларды өндіру аумақтарына маркшейдер маманымен бірлесіп мониторинг жұмыстарын жүргізілді. Маркшейдермен зерделенген кен орындарының қорытындыларын заң аясында тиісті шара көру үшін құзырлы мекемелерге жолданатын болады.

Облыста кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін 175 жер қойнауын пайдаланушы бар. Басым бөлігі Сауран, Сайрам, Ордабасы аудандары мен Арыс қаласының аумағында орналасқан. Олар келісімшарт және лицензия негізінде жұмыс жасайды. Сонымен қатар ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен келісімшарт берілген қатты пайдалы қазбаларды өндіруге және барлауға арналған 13 мекеме алтын фосфорит, барит, мыс, көмір және құрамдас металдар өндіреді. Созақ, Кентау, Түлкібас аудандарында алтын, фосфор, барит барлау, темір барлау кен орындары жұмыс істейді.

Жалпы айтқанда, көптеген өңірлерде кең таралған пайдалы қазбаларды – қиыршық тасты, құмды, сазды, қара топырақты және олардың басқа да түрлерін заңсыз өндірудің көптеген фактілері байқалады. Ал қоршаған ортаға келтірілген залалдың жалпы сомасы миллиардтаған теңгені құрайды. Бұдан басқа, ластанған ауаның салдарынан халық денсаулығының нашарлауы, сондай-ақ заңсыз әрекеттердің салдарынан инфрақұрылымның бұзылуы алаңдатарлық үрдіс болып отыр.

Түркістан облысы аумағындағы заңсыз жер қойнауын пайдаланушылармен күресу бойынша Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен Облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы мен бірлесіп іс-шара жоспары бекітілгені белгілі. Аталан іс-шараға сәйкес, қос мекеме өкілдері заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу бойынша таяуда Ордабасы ауданына рейдтік іс-шара жұмыстарын жүргізгенін айта кетейік. Нәтижесінде, ауданда орналасқан қыш зауыттары жер қойнауын заңсыз пайдаланып жатқанын анықтап, заң аясында экология департаментіне шара көру үшін ұсыныс жолданды. Бұл мәселемен құқық қорғау органдары айналыспақ.

Сауран ауданының мобильді тобы заңсыз жер қойнауын пайдалану бойынша 6 деректі анықтаған. 4 техника айып тұрағына апарылып, тиісті шара қолданылған. Одан бөлек, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы облыс аумағындағы заңды кен орындарының жұмыстарын бақылау үшін тау-кен инженері – маркшейдер маманымен зерделеу жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда Арыс қаласындағы кен орындарына тиісті мамандармен зерделеу жұмыстары жүргізілуде, алдағы уақытта нәтижесі туралы қосымша ақпарат беріледі.

 «AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 94 рет