Сәрсенбі, 01 Мамыр 2024 14:26

Түркістан: экологиялық талапты сақтамаған кәсіпкерлер жауапкершіліктен құтылмайды

Түркістан облысында 41 ыстық су ұңғымасында 69 жекеменшік монша бар. Атап айтсақ, Сауранда – 5, Түркістан қаласында – 2, Арыста –11, Отырарда –15, Қазығұртта –2, Бәйдібекте –1, Келесте –12, Сарыағашта –12 және Ордабасы ауданында 9 монша тіркелген. Олардың бәрі экологиялық талаптарды сақтаған ба? Бұл сұрақ аппараттың апталық мәжілісінде талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды осы мәселеге жауапты басқарма басшысы мен мекеме өкілдерінің есептерін, ұсыныстарын тыңдады.

Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың айтуынша, аталған моншалардың 16-сы ғана орталықтандырылған кәріз жүйелеріне қосылған. 23 моншаның сарқынды суы талапқа сәйкес келмейтін септикке құйылып жатыр. Ал 30 моншадан шыққан (Сауран – 4, Отырар – 8, Бәйдібек–1, Келес – 8, Ордабасы – 9) шыққан сарқынды су тікелей жерге ашық күйде төгілуде. 69 моншаның 53-інен шыққан сарқынды суды төгуге экология департаментінен арнайы рұқсаты алынбаған.

Облыс әкімі бұған дейін моншалардан шыққан сарқынды су мәселесін ретке келтіруді тапсырған болатын. Сол тапсырма бойынша іс-шара жоспары бекітіліп, басқарма тарапынан мемлекеттік мекемелер мен заңды тұлғалардың өкілдері қатыстырылған арнайы жұмысшы тобы құрылған. Экологияға жауапты тұлғалармен талқылаулар өткізіліп, аудан, қалаларда арнайы аралау кестесі бекітіліп, моншаларға толықтай зерделеу жүргізілді. Нәтижесінде Сауран, Отырар, Келес, Сарыағаш, Ордабасы аудандарының әкімдіктері тарапынан экология департаментіне тексеру тағайындау бойынша ұсыныс енгізілген. Алайда ұсыныстарында нақты дәлелдердің (құжаттары, фото, видео және т.б.) болмауына байланысты, департаментпен қараусыз қалдырылып, кері қайтарылған.

– Маған нақты жұмыс пен нәтиже керек. Неліктен тиісті дәлел құжаттарын ұсынып, мәселені шешпейсіздер? Заңға сәйкес реттеу керек қой. Екі жол бар. Кәсіпкерлер заңға бағынып, санитарлық талаптарды сақтауы тиіс. Егер сақтамаса, ол моншалардың жұмысын тоқтату керек. Экология департаменті тарапынан да қолдау көрсетілуі қажет деп есептеймін. Аудан, қала әкімдіктеріне түсіндіріңіздер, көмектесіңіздер. Экология – бәрімізге ортақ мәселе. Сәуір айының соңына дейін осы түйткілді реттеуді тапсырамын. Бірлесе жұмыс атқарыңыздар, – деген Дархан Сатыбалды Келес, Сарыағаш, Отырар ауданы әкімдеріне жұмысты ширатуды тапсырды. Сонымен бірге экологияға зиянын тигізіп отырған кәсіпорындардың мәселесі бойынша тиісті жұмыс істеу керектігін айтты.

Айта кетейік, Экология департаменті тарапынан Сауран ауданындағы С.Қожанов, Теке елді мекендеріндегі 5 моншаның («Жылы су», «Інжу», «Әмір Темір», «Ақсу», «Шипа су») заң талаптарына сәйкестігіне тексерулер тағайындалып, нақты шаралар қабылданған. Қорытындысымен, 10 заңбұзушылық анықталып, жалпы 9 797 500 теңге айыппұл салынған.Өңір басшысы облыстағы табиғи ыстық және минералды суларды зерттеу нәтижесін жедел шығару жөнінде де тапсырма берді. Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан бұл жұмыс таяуда аяқталмақ.

Аппараттың апталық мәжілісінде облыс бюджетінің 1-сәуірге атқарылу барысы да сараланды. Түркістан облысының қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Қайрат Елібаевтың айтуынша, облыс бойынша 2024 жылғы 1 сәуірге дейін бюджетке 61,2 млрд. теңге салықтар мен басқа да түсімдер түсіп, жоспар 133,5%-ға орындалған. Жоспар өзге де салықтық емес түсімдер есебінен артық орындалып отыр. Жыл басынан бері салықтық түсімдер бойынша бюджетке 42,9 млрд. теңге түссе, салықтық емес түсімдер бойынша 9,9 млрд. теңге түскен. Негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер бойынша облыс бюджеті 8,3 млрд. теңгемен толыққан.

Жалпы басқа өңірлермен салыстырғанда Түркістан облысындағы экологиялық жағдай салыстырмалы түрде қолайлы. Облыс аумағында 558 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Жалпы 1 санатқа жататын 122 оператор қызмет атқарады. Оның ішінде уран өндіру кәсіпорындары, тау-кен өнеркәсібі кәсіпорындары, коммуналдық мақсаттағы объектілер, құрылыс объектілері және тағы басқалары бар. Арыз-шағымдар бойынша 109 тексеру жұмысы жүргізілген. Нәтижесінде 431 жеке және заңды тұлғаға 2 млрд 120 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. Кей аудандарда атмосфералық ауаға шығатын шығарындылардың шекті нормадан асып кету дерегі мен су объектілерінің ластану фактілері анықталған. Түркістан облыстық Экология департаменті қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының экологиялық талаптарының сақталуын қатаң бақылауда ұстап отыр.

Түркістан облысы уран өндіруден көш бастап тұр. Алайда департамент тарапынан жүргізілген тексеру жұмыстары кезінде, уран өндірушілердің кен орындарында күкірт қышқылдарының заңсыз төгілу деректері орын алған. Ол бойынша айыппұл салынып, бүлінген жерлерге тазалау, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу туралы ұйғарымы берілген. Қазіргі таңда, ластанған жердің аумағы толықтай тазаланды. Сынақ зертханасы аккредиттеу аттестаты және прекурсорлар мен улы химикаттардың айналымына байланысты қызметті, лицензия негізінде жүзеге асырады. Департаментпен ауадан, судан және топырақтан 223 сынама алынып, 13 жоспарлы және 61 жоспардан тыс мониторинг, 1479 анықтау жүргізіліп, 325 шекті нормативтерден асу фактісі анықталды.

Экологиялық реттеу және бақылау комитеті және «НК «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ Түркістан облысының әкімдігімен және полиция департаментімен бірлесіп, облыс аумағында қалдықтарды рұқсатсыз орналастырудың алдын алу бойынша Жол картасын және оны іске асыру алгоритмін әзірлеген. 2023 жылы облыс аумағында 414 бейберекет қоқыс орындары анықталып, толықтай тазалау жұмыстары жүргізілді.

Қазіргі таңда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде экологиялық проблемалар мен оларды жұртшылықпен, әсіресе, өңірдегі экобелсенділермен шешу мақсатында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің бекітуімен 2024-2026 жалдарға арналған экологиялық мәселелерді кешенді шешудің жол картасы қайта жандандырылуда. Оның ішінде Арыс қаласы, Бәйдібек, Жетісай, Мақтаарал, Ордабасы аудандарындағы елді мекендерді газға қосу, коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеп, бекіту, мемлекеттік орман қоры жерлерінде 2 млрд ағаш көшетін егу, Кентау мен Сарыағаш қалаларындағы КТИ (КОС) құрылысын жүргізу сынды жоспарлар бар.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 30 рет