Дүйсенбі, 10 Қазан 2022 18:03

Кентау: Алаяқтық жасаған әйел ұсталды

Түркістандық полицейлер алаяқтық қылмысының 3 жайтына қатысы бар әйелді анықтады.

Кентау ҚПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оны таныс емес әйел алдап кеткен. Яғни алаяқ мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз 5 миллион ақшаны шығарып беретінін айтып сендірген.

Осы қызметі үшін жәбірленушіден 1 100 000 теңге ақша алған. Алайда арадан 2 жылдан астам уақыт өтсе де, сенген адамы әр сылтауды бір айтып уақытты создырып келген. Бұл жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.

Тұрғынды алдап, ақшасын қалтасына басқан күдіктіні анықтау үшін тәжірибелі кентаулық тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Нәтижесінде күдікті әйел анықталды. Ол жұмыссыз жергілікті тұрғын болып шықты.

Әйел оңай жолмен ақша табу мақсатында, мемлекеттен қайтарымсыз жәрдемақы әперемін деп, бірнеше тұрғынды алдап үлгерген. Күдіктінің жалпы 2 жайт алаяқтық қылмысына қатысы бары анықталды.

Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 1,6 миллион теңге. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері кез-келген адамға сенбеуді, алаяқтың арбауына түсіп қалмауды ескертеді. Ең бастысы күмәнді қызмет ұсынатын адамдардан сақ болыңыз.

Оқылды 232 рет