Түркістан облысы ПД-нің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына жергілікті тұрғынның бірі өзімен қару алып жүруі мүмкін деген хабарлама келді.
Ақпарат алысымен Түркістан облысы ПД ҰҚҚКБ полицейлері бірден іске кірісті. Содан түнгі сағат 01:30 шамасында Б. Майлин көшесінде «MATIZ» маркалы көлікті тоқтатты.
Анықталғандай, көліктегі жолаушының бірі күдікті болып шықты. Одан әрі полицейлер жолаушыға тінту жүргізіп, одан қару, яғни тапанша мен 4 дана оқ, 1 дана күкірт қорапшасына салынған "марихуана" есірткісіне ұқсас затты тауып, тәркілеп алды.
Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақыртылып, аталған жайт ҚР ҚК-нің 287-бабы «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша тіркелді.
Куәлардың қатысуында алынған қару, травматикалық тапанша екені белгілі болды. Сараптама тағайындалды. Бүгінгі таңда күдікті жолаушыға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.
ҚР Қылмыстық Кодекстің 287-бабы «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» былай делінген:
1. Суық қаруды алып жүру аңшылық кәсіпшілікке байланысты болған жағдайды қоспағанда, суық қаруды заңсыз алып жүру немесе өткізу, сол сияқты тиiстi рұқсаты жоқ жеке тұлғаларға, ұйымдарға қару-жарақты және оған оқ-дәрілерді сауда ұйымдары жұмыскерлерiнiң сатуы –
мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Жарақат салатын патрондармен ату мүмкіндігі бар ұңғысыз атыс қаруын, газды қаруды, қысқа ұңғылы тегiс ұңғылы атыс қаруын, сол сияқты оның патрондарын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру –
мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Атыс қаруын (тегiс ұңғылы аңшылық қаруынан басқа), оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру –
мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен немесе бiрнеше рет жасалған іс-әрекеттер –
мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, үш жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
5. Осы баптың үшінші немесе төртінші бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топ жасаған іс-әрекеттер –
мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Осы бапта көрсетiлген заттарды өз еркiмен тапсырған адам, егер оның әрекеттерiнде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Адамды ұстап алу кезінде, сондай-ақ осы бапта көрсетілген заттарды табу және алып қою жөніндегі тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде алып қою оларды өз еркімен тапсыру деп танылмайды.