Сейсенбі, 18 Қазан 2022 18:35

Полиция көші-қон заңнамасын бұзған 600 азаматты анықтады

Түркістан облысының полицейлері "Заңсыз келуші" жедел-профилкатикалық іс-шарасының 7 тәулігінде "Халықтың көші-қоны туралы" ҚР Заңының талаптарын бұзған 602 шетелдіктер мен Қазақстан Республикасының азаматтарын анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Оның ішінде облыс аумағында ҚР ӘҚБтК 517-бабы бойынша барлығы 408 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Сот шешімімен 40 шетелдік елден шығарылды, ал 39 құқық бұзушы жеке басын анықтау үшін қабылдап-тарату бөліміне орналастырылды.

Сондай-ақ шетелдіктерге тұрғын үйді заңсыз берген Қазақстан Республикасының 157 азаматы мен шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған 28 азаматқа әкімшілік шара көрілді.

Сонымен қатар қоғамдық орындарда қайыр сұраумен айналысатын 7 шетелдік анықталды. Ал мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтудің 3 фактісі расталып, қылмыстық іс қозғалды.

Түркістан облысының полицейлері "Заңсыз келуші" жедел-профилактикалық іс-шарасы өз жалғасын табатынын жеткізеді.Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 517-бапта «Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы» былай жазылған: Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттік жол жүру қағидаларын сақтамаудан көрінген, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы – он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерге әкімшілік жолмен шығарып жiберуге алып келеді. Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзім өткеннен кейін Қазақстан Республикасынан кетпеуінен көрінген, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы – үш тәулік ішінде – ескерту жасауға алып келеді; үш тәуліктен астам бес тәулік өткенге дейін – он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді; бес тәуліктен астам он тәулік өткенге дейін – он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді. Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның заңнамада белгіленген мерзім өткеннен кейін он тәуліктен асатын кезең ішінде кетуден жалтаруынан көрінген, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы – жиырма бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерге әкімшілік жолмен шығарып жiберуге алып келеді. Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның жүзеге асыратын қызметі визада көрсетілген мақсаттарға сәйкес болмауынан көрінген, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы немесе жергілікті атқарушы орган өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілік сәйкестігі туралы анықтаманы немесе жұмысқа орналасуға рұқсатты алу еңбек қызметін жүзеге асыруға қажетті шарт болып табылатын жағдайда, мұндай анықтаманы не рұқсаттарды алмастан, Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыруы – жиырма бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға не Қазақстан Республикасының шегiнен әкімшілік жолмен шығарып жiберуге әкеп соғады. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер –  он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберуге әкеп соғады. Осы баптың екінші, төртінші және бесінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекеттер –  Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жібере отырып, он бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады. 



 

Оқылды 239 рет