Сенбі, 22 Қазан 2022 21:19

Бәйдібектік тәртіп сақшылар жасөспірімдермен кездесті

Жасөспірімдер арасындағы қылмыстарды болдырмау мақсатында кездесу өткізілді.

Бәйдібек ауданы полиция бөлімінің бастамасымен кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында кең көлемде жиын өтті. Кездесуге аудан прокуроры, аудан әкімінің орынбасары Берік Тұрлыбеков, Бәйдібек ауданы полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Нұрдаулет Әжібеков, ақсақалдар кеңесі, үкіметтік емес ұйым өкілдері, құзырлы органдар білім беру мекемелерінің басшылары қатысты. Күн тәртібінде жастар мен жасөспірімдер арасындағы және оларға қарсы жасалатын қылмыстың алдын алу, жолын кесу мәселелері талқыланды. Осы жөнінде полиция басшысы Н.Әжібеков баяндама жасады. «Елімізде кәмелетке толмағандар арасында қылмыс саны артып отыр. Олардың ішінде ұрлық, тонау фактілері жиі кездеседі»,- деп бастады баяндамасын ол. Н.Әжібековтың сөзінше, биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша елімізде қылмыстық жауапкершілікке тартылған 1,1 мың кәмелетке толмаған жасөспірім тіркеліпті. Бұл бір жыл бұрынғыдан 2,1% жоғары. Олардың арасында,  78 қыз болған.Қылмыскерлердің 539-ы студенттер, тағы 510-ы жұмыс істемейді және оқымайды. 336 жасөспірім топтық құқық бұзушылық жасаған, оның ішінде ересектердің қатысуымен 158 адам. Олардың ішінде 71 жасөспірім құқық бұзушылыққа барған.Салыстырар болсақ өткен жылдың сәйкес кезеңінде кәмелетке толмаған құқық бұзушылар саны жылына 23,3%-ға, 1 мың адамға дейін төмендеген. Өңірлік тұрғыда қылмыстық жауапкершілікке тартылған кәмелетке толмағандардың басым бөлігі Алматы облысында болды: 118 адам – бір жыл бұрынғыдан бірден 32,6%-ға артық. Одан кейінгі орында Жамбыл (97 адам, +70,2%) және Түркістан (92 адам, – 24%) облыстары тұр.Кәмелетке толмағандар арасында қылмыс жасағандардың ең азы Жетісу, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында тіркелген. Ұрлық жасаған кәмелетке толмағандардың 43,7%-ы бірден ұсталды (468 адам – бір жыл бұрынғыдан 7,1%-ға көп).Жасөспірімдер жиі жасайтын басқа қылмыстардың қатарында тонау (120 адам, жылына 23,7%-ға өсті), сондай-ақ бұзақылық (79 адам, 22,5%-ға төмендеді), алаяқтық (58 адам, жылына 7,4%-ға өсті) және басқа көлік құралын  ұрлау мақсатынсыз(47 адам, – 2,1%) заңсыз иелену фактілері болды.Еліміз бойынша статистикалық мәлімет келтірген полиция басшысы ағымдағы 9 айда атқарлған жұмыстарға да тоқталды. «Ағымдағы жылдың 9 ай көлемінде мүдделі органдармен бірлесе отырып, кәмелетке толмағандар қылмысының алдын-алуға бағытталған «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар» және «Жасөспірім-заң-қауіпсіздік» іс-шарасы өткізілді. Білім беру ұйымдарында ата-аналармен және оқушылармен кездесулер өткізіліп құқықтық тақырыптарда түсіндіру жұмыстары жүргізілді»-деп атап өтті ауданның бас полицейі. Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында прокуратура, білім бөлімі және басқа да жергілікті құрылым қызметкерлерімен бірлесе білім беру орындарында, оқушылар арасында құқықтық тақырыптарда кездесулер өткізіліп, Қазақстан Республикасының Заң актілерінен түсіндірмелер берілді.

 

Оқылды 151 рет