Сәрсенбі, 26 Қазан 2022 20:08

Мақтаарал:Ақшаңды көбейтіп беремін деген алаяқ әйелге сот үкімі шықты

Мақтаарал аудандық полиция бөліміне бірнеше тұрғын арызданып, алаяқтың құрбаны болғандарын жеткізді. Олардың айтуынша алаяқ әйел, «WhatsApp» желісінде чат ашып, ондағы қосылған адамдарға ақша салған жағдайда бес күнде 40 пайызға көбейтіп бере алатынын айтып сендірген. Ал оған сенім білдірген бірнеше тұрғындар түрлі көлемде ақша салып, соңында алданғандарын түсінген. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 190-бабы "Алаяқтық" бойынша тіркелді.

Хабар алысымен мақтааралдық полицейлер жедел әрекет етіп, тұрғындарды алдап, ақшасын алған күдіктіні қолға түсіру бағытында қарқынды іздестіру шараларын жүргізді. Полицейлер алаяқтық қылмысын ашу мақсатында жәбірленушілерден нақты мәліметтер алды. Келіп түскен ақпарат көздері арқылы тұрғындарды алдаған жұмыссыз, орта жастағы көпбалалы әйел екені анықталды. Күдікті әйел бұған дейін де алаяқтық жасап, бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалып, өтеп жүргені белгілі болды.

Ол өзіне сенген тұрғындармен тілдесіп, 3 жәбірленушіден 400 000 теңгеге жуық ақша алып, бас пайдасына жаратып жіберген. Полицейлер осы қылмыстық істі соңына жеткізу үшін, жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізді. Нақты дәлелдерді келтіре отырып, іс-құжаттарын жинақтады. Осылайша жинақталған құжаттар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Бүгінде Мақтаарал аудандық сотының үкімімен күдіктінің кінәсін мойындауы, шығынды өтеуі мен көпбалалы ана екені ескерілді. Нәтижесінде сот 35 жастағы жұмыссыз әйелге алдын тағайындалған жазаны ішінара қосып, түпкілікті 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Яғни әйел ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша кінәлі деп танылды.

ҚР Қылмыстық Кодексi 190-бабында «Алаяқтық»:

 

1. Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену – 

мүлкі тәркіленіп, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

2. Мынадай: 

1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; 

2) алып тасталды - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

3) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып; 

4) ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен; 

5) мемлекеттік сатып алу саласында жасалған алаяқтық – 

мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

3. Мынадай: 

1) ірі мөлшерде; 

2) мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған алаяқтық, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса; 

3) екі немесе одан да көп адамға қатысты; 

4) бірнеше рет жасалған алаяқтық – 

мүлкi тәркiленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға, ал 2) тармақта көзделген жағдайларда, мүлкi тәркiленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жымқырылған мүліктің он еселенгеннен жиырма еселенгенге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға не үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген іс-әрекеттер, егер оларды: 

1) қылмыстық топ жасаса; 

2) аса iрi мөлшерде жасалса, – 

мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып немесе онсыз, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады
делінген.

 

Оқылды 185 рет