Сәрсенбі, 26 Қазан 2022 20:16

Ордабасы:Бұрынғы жұмыс орнына ұрлыққа түсіп, сейфтен ақша ұрлаған жас жігіт анықталды

Ордабасы аудандық полиция бөліміне бетон өнімдерін шығаратын цех, яғни ЖШС-дан қатынас хат келіп түсті. Онда белгісіз біреу цех аумағында орналасқан қызметтік бөлменің ішінде тұрған сейфтен 1 миллион теңгеге жуық ақша жымқырып кеткенін жеткізген. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алынды.

Полицейлер ұрлық орын алған цехты, оған жақын аймақтарды мұқият қарап шықты. Бейнебақылау камераларын тыңғылықты тексерді. Мекеме қызметкерлерінен, куәлардан жауап алды. Нәтижесінде күдікті сол мекемеде жұмыс істеп кеткен жас жігіт болып шықты. Тәртіп сақшылары күдіктінің жүрген жерін анықтау мақсатында жан-жақты жұмыс жасап, оны Шымкент қаласындағы қонақүйлердің бірінен ұстап, полицияға жеткізді.

Белгілі болғандай, күдікті цех аумағына жасырын кіріп, сейфтің есігін бұзу арқылы ішіндегі қаражатты жымқырған. Содан оңай жолмен келген ақшаға «iPhone» маркалы бағалы ұялы телефон мен өзіне киім-кешек сатып алған. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға өздеріңізге тиесілі сауда орындарын, басқа да ойын-сауық мекемелеріне арнайы дабылқаққыш пен бейнебақылау камераларын орнатуға кеңес береді.

ҚР Қылмыстық Кодексi 188-бапта «Ұрлық» былай деп жазылған:

 

1. Ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру – 
мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
2. Мынадай: 
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; 
2) алып тасталды - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
3) алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
4) ақпараттық жүйеге заңсыз кіру не телекоммуникациялар желісі бойынша берілетін ақпаратты өзгерту жолымен жасалған ұрлық – 
мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
.

 

Оқылды 260 рет