Бейсенбі, 27 Қазан 2022 20:42

Клементина атты қызметтік ит шетелдіктен есірткі табуға көмектесті

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне "Жібек жолы" шекара бақылап-өткізу бекетінде Өзбекстан Республикасына өтпекші болған шетелдіктен есірткі заттары табылғаны бойынша хабарлама келіп түсті. Полицейлер анықтағандай, Клементина есімді қызметтік ит Тәжікстан азаматының көлігінде тыйым салынған заттардың бар екеніне белгі берген. Тәртіп сақшылары күдіктіні тінту кезінде оның "ВАЗ-2107" автокөлігінің жүксалғышынан есірткіге ұқсас затты тапты. Полицейлер тәркіленген заттай дәлелдемелерді сараптамаға жіберді. Қорытындыға сәйкес оның "гашиш" есірткісі екені анықталды. Күдікті қамауға алынды.

Бұл жайт ҚР ҚК-нің 286-бабы бойынша "Айналыстан алынған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы" бойынша тіркелді. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда. Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға есірткінің заңсыз айналымына байланысты қандай да бір қылмыс жасағаны үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік барын ескертеді. Сондай-ақ тұрғындарды жаман әдеттерден арылуға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырады.

ҚР Қылмыстық Кодексiнің 286-бабында «Айналыстан алып қойылған  заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы»:

1. Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді, прекурсорларды, күштi әсер ететiн, улы, уландырғыш, радиоактивтi заттарды, радиоактивті қалдықтарды немесе ядролық материалдарды, жарылғыш заттарды, қару-жарақты, әскери техниканы, жарғыш құрылғыларды, атыс қаруын, газды пистолетті және револьверді, жарақат салатын патрондармен ату мүмкіндігі бар газды қаруды, үрлемелі қуаты 7,5 Джоульдан жоғары пневматикалық қаруды, оқсыз атылатын, белгі беретін және лақтырылатын қаруды, олардың негізгі (құрамдас) бөліктерін, оқ-дәрiлердi, жаппай қырып-жою қаруының ядролық, химиялық, биологиялық немесе басқа да түрлерiн, жаппай қырып-жою қаруын жасау үшiн пайдаланылуы мүмкiн материалдарды, жабдықтарды немесе құрауыштарды кедендік бақылаудан тыс немесе одан жасырын не құжаттарды немесе кедендiк сәйкестендiру құралдарын алдап пайдалана отырып не декларацияламаумен немесе анық емес декларациялаумен не тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарлар шығару туралы өтініште көрінеу анық емес мәліметтер көрсетумен, оның ішінде жарамсыз, қолдан жасалған және (немесе) көрінеу анық емес (жалған) мәліметтерді қамтитын құжаттар ұсынумен ұштасқан, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендiк шекарасы арқылы өткізу, сол сияқты Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы заңсыз өткізу – 

мүлкi тәркiленiп немесе онсыз, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

2. Мынадай: 

1) бірнеше рет; 

2) лауазымды адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып; 

3) шекаралық немесе кедендік бақылауды жүзеге асыратын адамға күш қолданып; 

4) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; 

5) iрi мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарға, сол тектестерге, прекурсорларға қатысты жасалған дәл сол іс-әрекеттер – 

мүлкi тәркiленiп, жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топ жасаған іс-әрекеттер – 

мүлкi тәркiленiп, он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген, есiрткi, психотроптық заттармен, сол тектестермен байланысты, аса iрi мөлшерде жасалған іс-әрекеттер – 

мүлкi тәркiленiп, он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады деп жазылған.

 

Оқылды 163 рет