Сейсенбі, 01 Қараша 2022 19:23

Сарыағаш:Полицейлер банкке 12 миллион теңгеден астам шығын келтірген жас жігітті қамауға алды

Сарыағаш АПБ-ға банктердің бірінен қатынас хат келіп түсті. Жәбірленуші тараптың айтуынша, белгісіз біреу банк қосымшасы арқылы 2021 жылы жалған тауар сату-сатып алумен айналысып, банкке 12 500 000 теңге шығын келтірген. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеді.

Банкке ірі көлемде шығын келтірген күдіктіні ұстап, қылмысты ашу мақсатында сарыағаштық тәжірибелі полицейлерден арнайы топ құрылды. Олар тиісті іздестіру шараларын жүргізіп, куәлардан жауап алды. Жан-жақты атқарылған жұмыс нәтижесінде, ақпарат көздері арқылы күдікті ретінде жергілікті тұрғын анықталды. Оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында, жас жігіт полицияға жеткізілді.

Белгілі болғандай, күдікті кәсіпкер ретінде тіркеліп, банк қосымша арқылы өзі сатушы, өзі сатып алушы болып, бірнеше рет сату-сатып алу операцияларын жасаған. Алайда ешқандай тауар алмай, ақшаны өз қажеттілігіне жұмсап жіберген. Қазіргі таңда ер адам қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Түркістан облысының полицейлері азаматтарға алаяқтардың айласына алданбай, барынша абай болуды ескертеді.

ҚР Қылмыстық Кодексi 190-бабында «Алаяқтық»:

 

1. Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену – 
мүлкі тәркіленіп, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

2. Мынадай: 

1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; 

2) алып тасталды - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

3) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып; 

4) ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен; 

5) мемлекеттік сатып алу саласында жасалған алаяқтық – 

мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

3. Мынадай: 

1) ірі мөлшерде; 

2) мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған алаяқтық, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса; 

3) екі немесе одан да көп адамға қатысты; 

4) бірнеше рет жасалған алаяқтық – 

мүлкi тәркiленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға, ал 2) тармақта көзделген жағдайларда, мүлкi тәркiленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жымқырылған мүліктің он еселенгеннен жиырма еселенгенге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға не үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген іс-әрекеттер, егер оларды: 

1) қылмыстық топ жасаса; 

2) аса iрi мөлшерде жасалса, – 

мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып немесе онсыз, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады делінген.

 

Оқылды 269 рет