Түркістан облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында, Түркістан қаласында контрафактілік өнім дайындаған жасырын цехті анықтап, оның қызметіне тосқауыл қойды.
Бұл жайт ҚР ҚК 222-бабы 1-бөлігі "Тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, фирмалық атауын, географиялық көрсеткішін және тауар шығарылған жердің атауын заңсыз пайдалану" бойынша Түркістан ҚПБ-ға тіркеуге алынды.
Нәтижесінде полицейлер 4 ер азаматты анықтады. Оның бірі контрафактілік өнім дайындауды ұйымдастырушы, яғни Түркістан қаласының тұрғыны болса, қалған екеуі де Түркістан қаласының тұрғындары және 1 Өзбекстан азаматы.
Жедел уәкілдер аталмыш үйдің ауласын тінту кезінде, 40 келі қаптарға оралған ұнтақ затты тапты, олардың саны шамамен 200 дана. Сонымен қатар электронды таразылар, тығыздағыш машиналар және басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді. Ұнтақты заттың жалпы салмағы 8 тоннадан асты.
Аталған ер азаматтар қаптағы ұнтақтарды полиэтилен пакеттерге шамалап салып, яғни "Ariel", "Миф", "Tide" және "Persil" сияқты кір жуғыш заттардың белгілі брендтерін қолдан жасаған. Полицейлер жинақталған материалдарды шешім қабылдау үшін Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне жолдады.
ҚР Қылмыстық Кодексiнің 222-бабында «Тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, фирмалық атауды, географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердің атауын заңсыз пайдалану»:
1. Бөтен тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, фирмалық атауды, географиялық нұсқаманы және тауар шығарылған жердің атауын немесе бiртектес тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге арналған соларға ұқсас белгілемелерді заңсыз пайдалану, егер бұл іс-әрекет iрi залал келтiрсе, –
сексен айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сексен сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не жиырма тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Қазақстан Республикасында тiркелмеген тауар белгісіне, қызмет көрсету белгісіне, географиялық нұсқамаға және тауар шығарылған жердің атауына қатысты ескертпе таңбалауды заңсыз пайдалану, егер бұл іс-әрекет iрi залал келтiрсе, –
сексен айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сексен сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не жиырма тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
Ескертпе. Осы бапта көзделген іс-әрекетті алғаш рет жасаған адам залалды өз еркімен өтеген жағдайда қылмыстық жауаптылықтан босатылады делінген.
Ескерту. 222-бап жаңа редакцияда - ҚР 20.06.2022 № 128-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.