Түркістан қалалық Полиция басқармасының ювеналды полиция инспекторлары рейдтік іс-шара ұйымдастырды. Оған Адами әлеуетті дамыту бөлімі мен Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері де ат салысты. Полицейлер түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде жүрген кәмелетке толмағандардың ата-аналарын жауапкершілікке тартты.
Оның ішінде ҚР ӘҚБтК 442-бабының 2-бөлігі "Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуы" бойынша 12 хаттама толтырылды. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол бергені үшін 1 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Оған қоса ювеналды полиция инспекторлары ата-аналарға балалардың түнде үйден тыс жерде болуына жол бермеу керектігі туралы түсіндіріп, құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертті. Осы ретте тәртіп сақшылары ата-аналарға мұндай түнгі рейдтер күнделікті жүргізілетінін атап өтті. Ал кәмелетке толмағандарға түнгі сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейін заңды өкілдерінсіз үйден тыс жерде болуға тыйым салынатыны ескертілді.
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 442-баптың «Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы» былай жазылған:
Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР 29.12.2014 № 272-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
1. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 22-ден таңғы 6-ға дейін ойын-сауық мекемелерінде болуы – заңды өкілдеріне үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде сағат 23-тен таңғы 6-ға дейін болуы – заңды өкілдеріне ескерту жасауға әкеп соғады.
3. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер –
заңды өкілдеріне жеті айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескерту. 442-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 272-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 28.12.2017 № 127-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.