Бейсенбі, 03 Қараша 2022 20:12

Жүргізуші куәлігін алып беремін деп алаяқтық жасаған ер адам анықталды

Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оны танысы жүргізуші куәлігін алып беремін деп сендірген. Содан жәбірленушіден 160 000 теңге алып, не жүргізуші куәлігін алып бермей, не ақшасын қайтармаған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.  Хабарлама келіп түскен бойда тәртіп сақшылары алаяқтық қылмысын ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Нәтижесінде күдіктіні анықтап, басқармаға жеткізді. Сезікті жергілікті тұрғын болып шықты. Ол жалған уәде беріп, тұрғыннан алған ақшаны жұмсап жіберген. Қазіргі таңда күдіктінің басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.  Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға кез келген адамға сенім артпауға кеңес береді. Айта кетйік,  Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (әрі қарай ҚК) 190-бабының 1-бөлігінде алаяқтықтың түсінігі берілген.Алаяқтық - бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену. Қарапайым сөзбен айтқанда алаяқтық -алдау және сенімге қиянат жасау жолымен бөтен мүлікті ұрлау болып табылады.  Аталған бап 4 бөліктен тұрады, соған байланысты алаяқтық үшін жаза түрлері де күшейтілген.Егерде кінәлі адам жай алақтық жасаған болса, яғни  ҚК-тің 190-бабының 1-бөлігінде көрсетілген әрекеттерді жасаса ол 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.Алаяқтықтың адамдар тобында алдын ала сөз байласуымен, адам өз қызмет бабын пайдалана отырып, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен, мемлекеттік сатып алу саласында жасалған алаяқтық үшін аталған баптың 2-бөлігіне сай 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.  Алаяқтықтың ауыр түрлері осы баптың 3-4-бөліктерінде көрсетілген. Егер алаяқтың  ірі мөлшерде, яғни 1 000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аса жасалса, алаяқтықты мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаса, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса, екі немесе одан да көп адамға қатысты жасалса немесе  алаяқтық бірнеше рет жасалған жағдайда  аталған баптың 3-бөлігінде 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.  Қылмыстық топ жасаған немесе  аса iрi мөлшерде, яғни айлық есептік көрсеткіштің 4000 есе мөлшернінен  асатын алаяқтық  жасалса, ол үшін сол баптың 4-бөлігінде 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенБарлық жағдайда да қосымша жаза ретінде кінәлінің мүлкін тәркілеу жазасы қолданылады.

Оқылды 296 рет