Жайылымнан мал ұрлаумен айналысқан екеу қамауға алынды.
Төлеби ауданы полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, түнгі уақытта жайылымда жүрген 1 бас биесі мен құлынын белгісіз біреулер ұрлап кеткенін жеткізді. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 1 миллион теңгені құрады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша тіркеуге алынды. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексіне мал ұрлығына қатысты жаңа бап енгізілді. Бұл қылмыс үшін тағайындалатын жаза басқа ұрлықтарға қарағанда қатаң болмақ. Кодекстің бұрынғы нормалары бойынша мал ұрлығына байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтар жалпы ұрлық санаты бойынша бір баппен (188-бап) сараланып келген болатын. Жоғарыда аталған заң талаптарына сәйкес қазіргі уақытта мал ұрлығы өз алдына бөлек баппен (188-1-бап) сараланатын болып белгіленді. Егер, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы әрі ірi мөлшерде жасалған қылмыс болса – 7 жылға дейін, бірнеше рет және мал қораның, қашаның немесе өзге де қойманың ауласына кiрумен жасалса – 10 жылға дейін, қылмыстық топ әрі аса iрi мөлшерде жасалған жағдайда – 12 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Сонымен қатар, қосымша жаза ретінде мүлкін тәркілеу міндетті түрде тағайындау көзделген. Тағы бір ескерте кететін жәйт, осы баптың 1-бөлігі ауырлығы орташа қылмыстар санатына жататын болса, қалған 2, 3 және 4-бөліктері ауыр қылмыстар болып есептеледі. Осы бап бойынша ірі қара мал, жылқылар мен есектер, түйелер, ұсақ мал және шошқалар мал деп түсініледі, яғни, аталған жануарларды ұрлаған жағдайда Кодекстің 188-1-бабымен қылмыстық жауаптылық туындайтынын ескергеніңіз жөн. Ақпарат алысымен мал ұрыларын ұстау мақсатында жедел-тергеу тобы оқиға орнына шықты. Куәлардан жауап алып, іздестіру жұмыстарын жүргізді. Осындай жедел әрекеттің нәтижесінде, полицейлер күдіктінің ізіне түсіп ұстады. Полиция бөліміне жеткізілген екеу, Сайрам ауданының тұрғындары болып шықты. Анықталғандай, күдіктілер түнгі уақытта жайылымда қараусыз жүрген бие мен құлынды айдап әкеткен. Содан оңай жолмен келген олжаларын арзан бағада сатып жіберген. Тергеу кезінде күдіктілердің бұдан бөлек 3 жайт мал ұрлығына қатысы бары анықталды. Онда мал ұрылары үш сиыр мен 1 бас жылқыны жымқырған. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 2 миллион теңгеден асады. Ұрланған малдарды сатып, ақшаларын өз қажеттіліктеріне жұмсаған. Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынып, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.