Дүйсенбі, 14 Қараша 2022 13:34

Төлеби: «Мүгедектікке шығарып беремін» деп 11 тұрғынды алдаған әйел ұсталды

Төлеби аудандық полиция бөліміне арызданып келген жергілікті тұрғын алаяқтықтың құрбаны болғанын жеткізді. Оның айтуынша, сырттай танысы «мүгедектікке шығарып беремін» деп сеніміне кіріп, 2021 жылдың желтоқсан айында 300 000 теңге ақша алады.

Содан арадан 1 жылға жуық уақыт өтсе де уәдесін орындамай, не ақшасын қайтармайды. Дәл осындай арызбен полицияға бірнеше әйелдер шағым түсіріп, алданғандарын көрсетті. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы "Алаяқтық" бойынша тіркелді.

Хабар алысымен төлебилік полицейлер жедел әрекет етті. Тұрғындарды алдап, ақшасын алып кеткен сезіктіні қолға түсіру бағытында қарқынды іздестіру шараларын жүргізді.

Алаяқтық қылмысын ашу мақсатында, жәбірленушілерден нақты ақпараттар алды. Келіп түскен ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басы анықталып, поилцияға жеткізілді. Ол жұмыссыз әйел, жергілікті тұрғын болып шықты.

Бұл алаяқтық қылмысы бойынша жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізіліп, әйелдің 11 тұрғынды алдап, 6 миллион теңгеден аса қаражат алғаны белгілі болды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысы Полиция департаментінің полицейлері тұрғындарға мүмкіндігінше сақ болып, кез-келген адамға артық сенім білдірмеу керектігін ескертеді.

Айта кетйік, бүгінгі күні кең таралған қылмыстардың бірі – ол алаяқтық. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (әрі қарай ҚК) 190-бабының 1-бөлігінде алаяқтықтың түсінігі берілген. Алаяқтық - бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену. Қарапайым сөзбен айтқанда алаяқтық -алдау және сенімге қиянат жасау жолымен бөтен мүлікті ұрлау болып табылады.   Аталған бап 4 бөліктен тұрады, соған байланысты алаяқтық үшін жаза түрлері де күшейтілген. Егерде кінәлі адам жай алақтық жасаған болса, яғни  ҚК-тің 190-бабының 1-бөлігінде көрсетілген әрекеттерді жасаса ол 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Алаяқтықтың адамдар тобында алдын ала сөз байласуымен, адам өз қызмет бабын пайдалана отырып, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен, мемлекеттік сатып алу саласында жасалған алаяқтық үшін аталған баптың 2-бөлігіне сай 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.  Алаяқтықтың ауыр түрлері осы баптың 3-4-бөліктерінде көрсетілген. Егер алаяқтың  ірі мөлшерде, яғни 1 000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аса жасалса, алаяқтықты мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаса, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса, екі немесе одан да көп адамға қатысты жасалса немесе  алаяқтық бірнеше рет жасалған жағдайда  аталған баптың 3-бөлігінде 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.  Қылмыстық топ жасаған немесе  аса iрi мөлшерде, яғни айлық есептік көрсеткіштің 4000 есе мөлшернінен  асатын алаяқтық  жасалса, ол үшін сол баптың 4-бөлігінде 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.Барлық жағдайда да қосымша жаза ретінде кінәлінің мүлкін тәркілеу жазасы қолданылады.

 

Оқылды 302 рет