Дүйсенбі, 14 Қараша 2022 13:54

Сауран: Көршісінің үйіне ұрлыққа түскен ер адам анықталды

Сауран аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйелдің айтуынша, оның үйіне белгісіз біреу терезесі арқылы кіріп, 2 дана ноутбук пен алтын бұйымдарын жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 1 миллион теңге. Аталған жайт бірден ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алынды.

Тәжірибелі тәртіп сақшылары ұрлық қылмысын ашу мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Олар жақын аумақтарды түгел қарап шығып, көрген-білгендерден жауап алды. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті ретінде жәбірленушінің ауылдасы анықталды. Полицейлер оны полиция бөліміне жеткізді.

Анықталғандай, ер адам түнгі уақытта жәбірленушінің үйінде ешкім жоқтығын байқап, арам ойын іске асырған. Яғни қоршаудан секіріп өтіп, пластик терезені күшпен ашу арқылы үйге ұрлыққа түскен. Нәтижесінде ұрлаған алтындарды облыс орталығындағы ломбардтардың біріне өткізсе, ноутбуктың біреуін сатып кеткен. Ал ақшасын жаратып жіберген.

Күдіктіден айғақты зат ретінде ұрланған ноутбуктың біреуі тәркіленіп алынып, заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда ұсталған күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Облыс полицейлері ескертеді, ұрлық қылмысының алдын алу үшін үйлеріңіздің терезесіне темір тор қойып, бейнебақылау камераларын орнатыңыздар.

ҚР Қылмыстық Кодексi 188-бап. Ұрлық туралы былай жазылған.

1. Ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру – 
мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
2. Мынадай: 
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; 
2) алып тасталды - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
3) алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
4) ақпараттық жүйеге заңсыз кіру не телекоммуникациялар желісі бойынша берілетін ақпаратты өзгерту жолымен жасалған ұрлық – 
мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
3. Мынадай: 
1) ірi мөлшерде; 
2) бірнеше рет: 
3) тұрғын, қызметтiк немесе өндiрiстiк үй-жайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз кiрумен жасалған ұрлық – 
мүлкi тәркiленіп, екі жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
4. Мынадай: 
1) қылмыстық топ жасаған; 
2) мұнай-газ құбырынан; 
3) аса iрi мөлшерде жасалған ұрлық – 
мүлкi тәркiленiп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады деп.

Оқылды 275 рет