Жексенбі, 20 Қараша 2022 11:04

Түркістан: Алаяқтық қылмысының 7 жайтына қатысы бар әйел анықталды

Түркістан полицейлері алаяқтық жасаған жұмыссыз әйелді қамауға алды. Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оны жақын таныс емес азаматша алдап кеткен. Яғни алаяқ, кәсіпкерлік үшін мемлекет тарапынан қайтарымсыз 5 миллион теңге алып беремін деп сендірген. Осы қызметі үшін жәбірленушіден 200 мың теңге ақша алған. Алайда арадан жарты жыл уақыт өтсе де, сенген адамы не жәрдемақы алып бермеген, не алған ақшасын қайтармаған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.

Тұрғынды алдап, ақшасын қалтасына басқан күдіктіні ұстау үшін тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Нәтижесінде күдікті орта жастағы әйел тұрғылықты мекенжайынан анықталды. Ол жұмыссыз жүрген жергілікті тұрғын болып шықты.

Белгілі болғандай, орта жастағы әйел оңай жолмен ақша табу мақсатында, мемлекеттен қайтарымсыз несие әперемін деп, бірнеше тұрғынды алдап үлгерген. Сезіктінің жалпы 7 жайт алаяқтық қылмысына қатысы бары анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 1 миллион теңгеге жуық. Ол қаражатты өзінің қажеттілігі үшін жұмсап жіберген. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.

 

Оқылды 1602 рет