Дүйсенбі, 22 Мамыр 2023 21:24

Түркістан облысының су айдындарында қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Жазғы шомылу маусымында Түркістан облысындағы өзен-көлдер мен су айдындарында, бассейндерде қауіпсіздік шаралары күшейтілуі керек. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аппарат мәжілісінде осы мәселеге тоқталып, жауаптыларға тапсырмалар берді.

– Күн жылынған соң жұрт елді мекендерде шомылу маусымын бастап кетті. Балалар шомылып жүр. Ауыл-аймақтарда, қалаларда қауіпсіздік шараларын күшейтіңіздер. Ата-аналар да балаларына жауапты екенін қаперлерінде ұстағаны жөн. Бұқаралық ақпарат құралдарында бейнероликтер, жадынамалар көрсетілсін. Соңғы 3 жылда суға кеткен жағдайларға талдау жасап, суға кеткен жағдайлар көп тіркелген орындарда ескерту белгілерін орнату қажет. Шомылуға арналған арнайы орындар ашып, құтқарушылармен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдансын. Кішкентай балаларға қауіпсіз бассейндерді көбейту, оларды жүзуге үйрету мәселесі бойынша да ұсыныстар беріп, жобаларды қарастырып шығу керек, – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісовтің айтуынша, жыл басынан бері облыс аумағында 20 адам суға кеткен. Оның 15-і – ата-аналарының қарауынсыз қалған жас балалар.

Облыста жалпы 4334 су нысаны бар. Олар: 42 су қойма, 149 ірі және кіші өзендер, 25 көл, 2870 канал және 1248 қашыртқы. Осыған байланысты су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жоспары бекітіліп, бақылауға алынған.

Қазіргі таңда өңірде 11 коммуналдық жағажай ашу орындары белгіленген. Олар: Арыс қаласы – 3, Сауран – 2, Шардара – 3, Отырар – 1, Бәйдібек – 2. Аймақта 111 шомылуға қауіпті учаске тіркеліп, онда 370 дана шомылуға тыйым салу белгілері орнатылған.

Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары атқарылып жатқан шаралар судағы қайғылы жағдайларды төмендетуге септігін тигізуде. Атап айтатын болсақ, арнайы шомылатын орындары жоқ аудандарда модульді-каркасты бассейндер сатып алынып, елді-мекендерге орналастырылып, балалардың тегін және қауіпсіз шомылуына мүмкіндіктер жасалды. Бұл жұмыстар Арыс қаласы және Ордабасы, Шардара және Жетісай аудандарында ғана жүргізілді және сол аудандарда адамдардың суға кету деректері азайып отыр. Жалпы 12 млн. теңгеден астам қаржыға 43 каркасты бассейн сатып алынған.

Облыс әкімі басқа аудан, қала әкімдеріне де осы бағытта жұмысты жандандыруды тапсырды. Жалпы облыста 85 бассейн бар. Өткен жылы 33 жекеменшік бассейні бар кәсіпкерлермен меморандум түзіліп, әлеуметтік тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардың 5000-ға жуық баласын ақысыз суға шомылдыру жұмыстары жүргізілді. Өңірде судағы қауіпсіздік бойынша үгіт-насихат жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Мәжілісте мамандар су айдындарында балаларды қараусыз жібермеу, шомылуға тыйым салынған аймақтарда бақылауды күшейту, коммуналдық жағажайларды көбейту, ерікті суда құтқарушы жасақтарын құру (мерзімдік) және оларды ТЖД-де арнайы оқудан өткізу, медициналық көмек көрсету бекеттерін құру (мерзімдік), қоғамдық қауіпсіздік бекеттерін құру (мерзімдік) жөнінде ұсыныс берді.

2022 жылы Отырар ауданы және Арыс қаласы әкімдіктерінің қолдауымен жұмыспен қамту орталығы арқылы 33 адам жұмысқа қабылданып (Отырар ауданы – 25, Арыс қаласы – 8, департаменттен даярлықтан өткізілді. Бұл азаматтар судағы және өрт қауіпсіздігі бойынша үгіт-насихат жұмыстарына белсенді қатысып, үлкен үлесін қосуда. Биыл осы жұмыс басқа аудан, қалаларда қолға алынады деген жоспар бар.

Жалпы, жазатайым оқиғалардың көпшілігі суға байланысты болып табылады. Олардың басым көпшілігі өзін-өзі ұстау мен қарапайым қауіпсіздік шараларын елемеуден туындайды. Су айдынындарында суға тұншығу жағдайлары өкінішке орай өте жиі кездеседі. Белгісіз су қоймасында шомылудың соңы орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін: я боламаса су түбінде жатқан заттар сізді жарақаттауы ықтимал.  

Дененің құрысып қалу жағдайы – судағы ең көп таралған себептердің бірі. Егер сіз бір аяғыңыз тырысса екінші аяғыңызбен жүзуге мән бергеніңіз абзал.  Иә, тәжірибелі жүзгіш аяқ немесе қолдың көмегінсіз де біршама жер жүзе алады, бірақ бұл жерде құрысу өте күшті болуы ықтимиал және адам кенеттен ауырсынуды сезінуі мүмкін. Суға батудың ең басты себептерінің бірі адам су жұтып қояды. Сондай-ақ адам бірден суық суға түскенде құрысулар орын алады.  Су түбіндегі әртүрлі заттарға (бөренелер және т.б.) соқтығысу салдарынан көбінесе адамдардың батып кету жағдайлары орын алып жатады.

Ал оған адамның сасқалақтап дүрбелеңге түсуі  қауіпті күшейте түседі. Мысалы: адам алысқа жүзіп, кейіннен қорқып немесе судың тереңдігін сезініп дүрбелеңге түсуі ықтимал. Әдетте тәжірибесіз жүзушілермұндай жағдайлармен жиі ұшырасады.  

Сырт көзге жайбарақат ағып жатқан секілді болып көрінетін қарапайым судың өзінде су бұрқақтар мен су асты ағындары болуы ықтимал. Ал мұндай жағдайды топшылай бәлмеген жанға қауіп төнуі ықтимал.  Әрине су ағыны батыра қоймаса да, адамды жағадан біршама алысқа ұзатып алып кетуі ықтимал. Сондай-ақ, сіз желді күндері шұғыл пайда болатын  тұншықтырғыш алып толқындар туралы ұмытпағаныңыз абзал.

Алдымызда суға түсу маусымы тым алыс емес. Балалардың жазғы демалысы, ересектердің еңбек демалысы, серуендеу және әрине, шомылу уақыты. Яғни теңізде, бассейнде, су айдынында шомылу. Бірақ, қай жерде шомылсаңыз да, ешқашан судағы қауіпсіздік ережелері туралы ұмытпау керек.

Суға шомылу маусымы кезінде су нысандарында  қайғылы жағдайды болдырмау мақсатында  Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өзен-көлдер бойында рейд жүргізу және барлық су айдындарының жағасын аралау секілді профилактикалық іс-шараларды күн сайын жүргізуде.

Жалпы суда шомылу кезіндегі қауіпсіздік ережелері:

- Ең алдымен рұқсат етілген жерлерде ғана шомылыңыз.

- Шомылатын орынға тыйым салынбағанын тексеріңіз.

- Шомылатын орынның тереңдігін біліп алыңыз.

-Тамақтанып болғаннан соң бірден суға беттемеңіз.

-Су ішінде алысып ойнамаңыз.

-Еш уақытта қараңғы уақытта, сондай-ақ, масайған күйінде шомылмаңыз.

-Егер жалғыз шомылсаңыз, жақсылап ой таразысына салыңыз, төтенше жағдай бола қалса, сізге кім көмектесетінін ойлаңыз.

- Тым ұзақ шомылмаңыз, тоңып қалуға дейін жеткізбеңіз, аяқ – қолыңыздың тырыспауын қадағалаңыз;

-Қоршау белгілерінен алыстап кетпеңіз.

-Шомылу кезінде судың суық болмауын байқаңыз. Себебі, суық суда тоңудың әсерінен өлім саны көп болады. Суық суға түскен адам 10 – 30 минутта суық өтіп қайтыс болады. Организмнің тез салқындауы ашыққан кезде, тым тойынған кезде, шаршаған кезде және адамның мас күйінде болады.

-Балаларға көңіл бөліңіз, үлкендердің қарауынсыз жеке қалдырмаңыз, шомыла білмейтін балаларды суға мүлдем жақындатпаңыз.

Суға бату-суға батқан адамдардың демалу жолдарына сұйықтықтың толып қалуының нәтижесінде демалу бұзылып, тұншығудың болуы. Зардап шеккен адамның терісі бозарады, беті мен ерні қарайып кетеді, дем алмайды, тамыр соғуы өте әлсіз болып (немесе мүлдем болмайды), аузы мен мұрын қуыстарында көпіршіктер ағады. Бұл кезде зардап шеккенді қараусыз қалдыруға болмайды. Кез келген  сәтте жүрегі тоқтап қалуы немесе бас миының және өкпесінің ісінуі өршіп кетуі мүмкін.

Зардап шеккен адамға көмек көрсетерде өз қауіпсіздігіңізді естен шығармаңыз. Сабыр сақтап, егер суға кетуші су бетінде болса, онда оны артқы жағынан ұстау қажет. Ал суға кетсе судың астынан іздеп, шашынан не қолынан тартып, су бетіне шығару керек. Өзіңіз не айналадағылардан  «Жедел жәрдем», яғни «103-ті» шақыртыңыз. Алғашқы медициналық көмекті 4-5 минут ішінде көрсетіп үлгеру керек.  Қатерге ұшыраған адамға көмек көрсету мүмкіндігінше тездетіп оттегі жеткіліксіздігін қалпына келтіруден тұрады.

«Су - тілсіз жау». Судағы апаттан қорғанудың ең сенімді жолы - суда шомылу ережелері мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау болып табылады.Осы айтылған барлық қауіпсіздік шаралары мен ережелерін  қатаң сақтайтын болсаңыздар, өздеріңізді, барлық жақындарыңыз бен достарыңызды қауіп-қатерден аман алып қала аласыз. «Өз өмірің өз қолыңда» екенін ешқашан естен шығармаңыз.

Ата-аналар назарына! Суға шомылу кезіндегі қауіпсіздік ережелері

Жазғы мезгіл – балалар үшін нағыз демалатын шақ болса, су – балалар организімінің сауықтырылуына қажет бірден-бір құралы болып табылады. Алайда, суға шомылудың пайдасын, тек   қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаған жағдайда  көруге болады.

Осыған байланысты жазғы мезгілде суға шомылудың барлық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақыра отырып, балаларға суға шомылу барысында өздерін  қалай ұстау қажеттігін ескертіп, ата-ананың қарауынсыз қалдырмауларыңызды өтінеміз!

Өкінішке орай, ата-аналар тарапынан  жасалған  немқұрайлық  орны толмас жағдайларға  апарып жатады.

Балаларыңызды сақтаңыздар!

Қоршау белгісінен әрі жүзуге тыйым салынады!

Тыйым салынған орындарда суға түсуге тыйым салынады!

Балаларды қараусыз қалдыруға тыйым салынады!

Суда түсерде камераны, допты, тақтайшаны қолдануға тыйым салынады!

Суда ойнауға тыйым салынады!

 Жалған дабыл беруге тыйым салынады!

Өтіп бара жатырған катерге, қайыққа жақын жүзуге тыйым салынады!

Көпірден, айлақтан, қайықтан, катерден суға секіруге тыйым салынады!

Тамақ ішкен бойда суға түсуге тыйым салынады!

Суға мас күйде түсуге тыйым салынады!

Таныс емес жерге сүңгуге тыйым салынады!

- суға шомылатын арнайы орынды дұрыс таңдай біліңіз;

- суға абайсызда түсіп кететін жерлерде, көпірде, ылди жағада, кемелер тұратын жерлерде тұрмаңыздар және ойнамаңыздар;

- егер жүзе білмесеңіз, суға беліңізден төмен тереңдікке түспеңіз, сүңгімеңіз, әсіресе таныс емес жерлерде сүңгімеңіз;

- күн қатты түсіп тұрған жерлерде қыздырынбаңыз;

- судың температурасы 20 градус болуы керек, су ішінде 20 минуттан артық жүрмеңіз, бұл уақытты біртіндеп 3-4 минутқа қосылып отыруы керек;

- күнге ұзақ қыздырынғаннан кейін суға бірден түспеңіз, деміңіз бітіп, бұлшықеттеріңіз тартып қалуы мүмкін;

- белгіленген буйкалардан асып жүзбеңіз, жағадан алыс ұзамаңыз;

- кері қайту жолды ұстану қажет;

- кеме тұтарын жерлерге жақын малтымаңыз;

- кеме келе жатқан жерлерге жақын бармаңыз, кеменің толқыны сізді айдап әкеліп, астына кіріп кетуіңіз әбден мүмкін;

- қайықтан, құлама жағадан бірден суға секірмеңіз, басыңызды қатты затқа соғып алуыңыз мүмкін., бұл зат немесе ағаш тамырлары да болуы мүмкін;

- суда алысуға, бір-бірін шошытуға болмайды, егер абайсызда ойнаймын деп шошытып алсаңыз, суға тұншығып қалуы мүмкін;

- қайықты шамадан тыс толтыруға болмайды, жиегіне отыруға болмайды;

- қайыққа міндетті түрде алдыңғы жағынан міну қажет, сонда қайық тепе теңдікті сақтайды.

Тыйым салынады:

– жүрек ауруымен ауыратын адамдарға суға түсуге;

– қатты толқын кезінде суға түсуге;

– үлкендердің қарауынсыз балаларға суға түсуге;

– камерадан басқа талапқа сай келмейтін құралдармен суға түсуге;

- 16 жасқа толмаған балаларға ата-аналарынсыз қайыққа мінуге;

- салқын суда ұзақ болмау, суда ұзақ болу денені салқындатады;

Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларының жалпы ережелері

1. Осы су айдындарындағы қауіпсіздік қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) азаматтардың Қазақстан Республикасының су айдындарын пайдалану кезінде қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртібін айқындайды.

2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

1) су режимі - су объектілері мен топырақ қабатындағы су деңгейінің, шығыстары мен көлемінің уақытқа қарай өзгеруі;

2) су айдындары – өзендер және оларға теңестірілген арналар, көлдер, су қоймалары, тоғандар мен басқа да ішкі су айдындары, аумақтық сулар;

3) су пайдаланушы - өз мұқтаждарын және (немесе) коммерциялық мүдделерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен су ресурстарын пайдалану құқығы берілген жеке немесе заңды тұлға;

4) суға шомылу үшін тыйым салынған орын – адамдардың суға шомылуға арналмаған су айдындарының ықтимал қауіпті учаскелері;

5) су айдындарындағы қауіпсіздік белгілері- адамдар өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында су айдындарына жақын орнатылатын белгілер (ескерту, тыйым салу, ақпараттық және басқалар);

6) жеке құтқару құралы – суда немесе мұзда қалған кезде адамға қосымша қалқымалығы үшін жасалған құтқару құралы. Жеке құтқару құралдарына құтқару шеңберлері, күртешелер, кеудешелер, қалқыбелгілер жатады;

7) коммуналдық жағажай – жергілікті атқарушы органның қарамағындағы су айдынындағы демалу орны;

8) №1 жиынтық - жеңіл түрдегі сүңгуір жарақтарына су астында көрінуді жақсарту үшін жартылай дулығасы, басты су үстінен көтермей, атмосфералық ауамен немесе су астында жүзуге мүмкіндік беретін кеуекті қуыс түтікше түріндегі тыныс алу түтігі және аяққа кигізілетін жүзгіш түріндегі қозғаушы ретінде жүзуге арналған ескекаяқ кіреді;

9) шағын көлемді кеме – ұзындығы жиырма метрден аспайтын, бортындағы рұқсат етілген адам саны 12 адамнан аспайтын, балық аулау үшін салынған немесе жабдықталғаннан басқа жүк тасуға, жетекке алуға, пайдалы қазбаларды іздеу, барлау және өндіру, құрылыс, жол, гидротехникалық және басқа да осындай жұмыстарды жүргізуге, лоцмандық және мұз жару, сондай-ақ су объектілерін ластану мен қоқыстанудан қорғау іс-шараларын жүзеге асыратын кеме;

10) су айдынындағы жаппай іс-шара адамдар жаппай жиналатын көпшілік іс-шара (мәдени- ойын- сауық, спорттық, жарнамалық немесе ойын-сауық іс- шаралары), іргелес немесе жер учаскесі бар су айдынында (немесе оның бір бөлігінде) өткізілетін көпшілік іс-шара;

11) су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарындағы жаппай демалуға, туризмге және спортқа арналған орын – рекреациялық мақсаттар үшін (жағажай, балық аулау, емдеу, туризм, спорт және суда немесе мұзда белсенді демалу, шағын көлемді кемелерді және басқа да жүзу құралдарын жалға беру және су айдындарында жүзу орны), сондай-ақ балалардың ұйымдастырылған демалуы үшін пайдаланылатын іргелес жер учаскесі бар су объектісі (немесе оның бір бөлігі);

12) су айдынында жаппай іс-шараны ұйымдастырушы - ведомстволық бағыныстылығы мен меншік нысанына тәуелсіз ұйым, сондай-ақ су айдынында іс-шараға бастамашы болған жеке немесе заңды тұлға;

13) су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарындағы жаппай демалыс, туризм және спорт орындарын ұйымдастырушы - ведомстволық бағыныстылығы мен меншік нысанына қарамастан ұйым, сондай-ақ су қоймасын рекреациялық мақсаттар үшін (жағажайлар, балық аулау, емдеу, туризм, спорт және суда немесе мұзда белсенді демалу, шағын көлемді кемелерді және басқа да жүзу құралдарын жалға беру және су айдындарында жүзу орны), сондай-ақ балалардың ұйымдастырылған демалысы үшін пайдалану құқығы берілген жеке немесе заңды тұлға;

14) демалушылар - су айдындарында демалу, балық аулау, шомылу, шағын көлемді кемелермен серуендеу және басқа да демалу түрлері мақсатында болатын адамдар;

15) осы Қағидалардың талаптарын сақтауға жауаптылар – су айдындарының иелері, нұсқау берушілер (жаттықтырушылар), құтқарушылар, жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ су айдындарын пайдаланатын адамдар;

16) жағажай - су қоймасына іргелес және ұйымдастырылған демалуға, оның ішінде адамдардың шомылуына арналған жер учаскесі;

17) жер үсті су объектілері - шекарасы, көлемі мен су режимі бар, құрлық бетінде оның бедері нысанында сулардың тұрақты немесе уақытша жинақталуы;

18) құтқару шильцалары - өздігінен мұзға құлап кеткеннен кейін шығуға, сондай-ақ жұқа мұз үстімен жатқан жағдайда қозғалуға мүмкіндік беретін құтқару аксессуары. Бір бірімен жіп арқылы байланысқан үшкір металл ұштары бар 2 тұтқаны білдіреді;

19) "Александров жібі" құтқару құралы – суға батып бара жатқан адамға көмек көрсететін құрал, ол диаметрі 40 сантиметрлік ілмегі және екі қалқымасы бар ұзындығы шамамен 30 метрлік қалқыма түрінде жіңішке жіп болады;

20) құтқару бекеті – ведомстволық бағыныстылығы мен меншік нысанына қарамастан, ұйымдар, акваторияның белгілі бір учаскесінде заңды және жеке тұлғалар құратын, құтқарушы-жасақшылармен жасақталған, құтқару жабдығымен жарақталған, су айдындарында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі функцияларды орындайтын күзет бекеті;

21) сақтандыру жібі - белге немесе иық арқылы киілетін құтқарушының өзін сақтандыруға арналған, сондай-ақ құтқару шеңберімен немесе құтқару кеудешесімен бірге пайдаланылатын ілмектері бар орауышта ұзындығы кемінде 200 метр жүзбелі жіңішке жіп;

22) оқу орны - жүзу бойынша ұжымдық және жеке сабақтар өткізуге барынша бейімделген жағажай аумағында арнайы жабдықталған орын.

3. Қылмыстық жаза қолданылатын іс-әрекет белгілері болмаған кезде осы Қағидаларды бұзуы немесе орындамауы "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Кодексінің 412-бабына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

4. Шомылуға бөлінген су айдыны акваториясы учаскесінің түбін 2 метрге дейінгі тереңдікте тексеруді және тазартуды азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері немесе су астында жұмыс жүргізу үшін сүңгуір жабдықтары мен құрал-жабдықтары бар ұйымдар жүргізеді.

5. Су айдындарында жүзу құралдарын қолдана отырып балық аулау, жеке құтқару құралдары болған кезде жүзеге асырылады.

2- тарау. Су айдындарында, оның ішінде жағажайларда қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәртібі

6. Қазақстан Республикасының су айдындарында, оның ішінде жағжайларда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органы мынадай шараларды орындайды:

1) жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, су айдындарында төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстарды ұйымдастырады және жүргізеді;

2) Қазақстан Республикасының су айдындарында суда құтқару және сүңгуірлік-іздестіру жұмыстарын жүргізеді;

3) су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарында жаппай демалу, туризм және спорт орындарындағы радиотрансляциялық қондырғылардың және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен суда жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін демалушылардың арасында жаппай түсіндіру жұмыстарын жүргізеді;

4) жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша патрульдік полицияның кезекшілігін ұйымдастырады;

7. Жергілікті атқарушы органдар мынадай шараларды орындайды:

1) су қорын пайдалану мен қорғау, сумен жабдықтау және су бұру, қоршаған ортаны қорғау, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті органдармен келісім бойынша экологиялық талаптарды және адам өмірінің қауіпсіздігін сақтай отырып, су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарында жаппай демалуға, туризм мен спортқа арналған орындарды облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары белгілейді;

2) коммуналдық жағажайларда құтқару бекеттерін, медициналық көмек пункттерін және қоғамдық қауіпсіздік бекеттерін құрады;

3) суға шомылу және демалу үшін пайдаланылатын су айдындарына түгендеу жүргізеді және оларды нақты иелеріне бекітеді;

4) су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарында құтқарушылармен жасақталған және осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес құтқару жабдықтарымен және жарақтарымен жарақтандырылған құтқару бекеттері жоқ, кезекші медициналық персоналмен алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған үй-жаймен және қажетті құрал-сайманмен және дәрі- дәрмекпен және балалардың шомылуына арналған учаскелермен (балалар жағажайы) жарақтандырылған жаппай демалыс, туризм және спорт орындарын ашуға жол берілмейді);

5) балаларды суға шомылуға және жүзуге үйрету үшін коммуналдық және балалар жағажайларын құрады және жабдықтайды;

6) су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарында жаппай демалыс, туризм және спорт орындарына волонтерлер тартылады;

7) мұз қатқан су айдынының өтуі үшін арнайы мұз өткелдері (жаяу жүргіншілер және автомобильдер үшін) жасалады;

8) қысқы кезеңнің басында және соңында мұз үстімен өтетін өткелдің ашылу және жабылу уақыты белгіленеді;

9) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тиісті өңірдің аумағында орналасқан су объектілерінде шомылуға, ауыз су және шаруашылық қажеттіліктеріне су алуға, мал суаруға, шағын көлемді кемелерде және басқа да жүзу құралдарымен жүруге тыйым салынған орындар туралы және осындай ақпаратты берудің өзге де тәсілдері туралы азаматтарға ақпарат береді;

10) су айдындарының қауіпті және шомылу үшін жабдықталмаған учаскелерінде жергілікті атқарушы органдар осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес талаптарға су айдындарында тыйым салатын және ескертетін қауіпсіздік белгілерін орнатады;

11) білім беру ұйымдарында су объектілерінде қауіпсіздік бұрышын құруды, су объектілеріндегі тәртіп Қағидаларды зерделеуді, жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін қауіпсіздік шараларын және зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету шараларын ұйымдастырады.

 8. 2003 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Су кодексі 65-бабының 4-тармағының екінші бөліміне сәйкес облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті өкілді органдары азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында өңірдегі жағдайлардың ерекшеліктерін ескере отырып, ортақ су пайдалану қағидаларында тиісті өңірдің аумағында орналасқан су объектілерінде шомылу, ауыз су және шаруашылық қажеттіліктерге су алу, мал суару, шағын кемелерде және басқа да жүзу құралдарында жүзу тыйым салынған жерлерді айқындауы мүмкін.

9. Су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарындағы бұқаралық демалыс, туризм және спорт орындарында:

1) топырақты қазу, мұз жару, су айдынының түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу кезінде жұмыстар жүргізілетін учаскелерді қоршау бойынша, ал су айдынының түбін тегістеу жұмыстары аяқталғаннан кейін шаралар қабылданады;

2) суға шомылу маусымы басталар алдында тереңдігі 2 метрге дейінгі суға түсуге бөлінген су айдынының акваториясы учаскесінің түбін тексеру және тазарту жүргізіледі, оның қорытындысы бойынша осы жұмысты жүргізген ұйым жағажай акваториясының түбін сүңгуірлік тексеру актісі осы Қағидаларға сәйкес нысан бойынша беріледі;

3) құтқарушы-жасақшалармен жасақталған және құтқару жабдығымен және құрал-жабдығымен, кезекші медициналық персоналмен алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған үй-жаймен және балалардың шомылуына және оларды оқытуға арналған қажетті құрал-саймандар мен дәрі-дәрмекпен және учаскемен жарақталған құтқару бекеттері құрылады. Құтқарушы-жасақшылар демалушылар мен шомылушылардың қауіпсіздігін қарап отырады, осы Қағидаларды бұзу оқиғаларының алдын алады және жолын кесіп отырады;

4) жағалау жолағынан 20 метрден аспайтындай етіп, барлық бақыланатын қызмет көрсету аймағын қамтуды қамтамасыз ететін биіктігімен бақылау мұнаралары орнатылады;

5) жағажайдың барлық қызмет көрсету аймағын қамти отырып, дауыс зорайтқыш құрылғылары, телефон байланысы және бейнефиксация жүйесі орнатылады;

6) су объектілеріндегі адамдармен жазатайым оқиғалардың алдын алу жөніндегі материалдары бар, осы Қағидалардан туындайтын шараларымен, су және ауа температурасы, алғашқы көмек көрсету қағидаларын, киім ауыстыруға арналған кабиналар (50 адамға 1), жатақтар, тенттер, күн қалқалары және дәретханалар (50 адамға 1) туралы деректерімен ақпараттық стендтер орнатылады. Ақпараттық стендтер мынадай түрде болуы тиіс:

      су мен ауа температурасы, жел күшінің бағыты және ағыс жылдамдығы көрсетілген тақтайшалары бар стендтер;

      құқық қорғау органдарының, құтқару қызметтерінің және жақын жердегі суда құтқару станциясының телефондары мен мекенжайлары нөмірлерінің стендтері;

      ең үлкен тереңдігі мен қауіпті орындары көрсетілген аумақ пен акваторияның схемалық бейнесі бар стендтер;

      судағы қауіпсіздік үшін жауапты тұлғалар көрсетілген сабақтар, жаттығулар, жарыстар кестесі бар стендтер;

      7) ағынды суларды ағу орнынан ағыс бойынша кемінде 500 метр биік қашықтықта, сондай-ақ гидротехникалық құрылыстардан, айлақтардан, пирстерден, мұнай құю құрылғыларынан, паромды арқанды өткелдерден 1000 метр төмен қашықтықта жағажай құрылады;

      8) жағалау белдеуінің ені кемінде 20 метр болған кезде 2 метр тереңдікке дейін шомылуға бөлінген акватория түбіне кемерінсіз біртіндеп сырғып түсуге құрылғы орнатылады, су өсімдіктерінен, шаяндардан, қабықтардан, шыныдан, тастардан және шомылушылар үшін қауіп төндіретін басқа да заттардан тазартылады;

      9) шомылуға бөлінген орындар белгілермен белгіленеді, бір бірінен 10-20 метр және тереңдігі 1,3 метр жерден 25 метрге дейінгі қашықтықта орналасқан қызыл немесе қызылсары түсті қалқыбелгілермен шомылуға бөлінген акватория учаскесінің шекарасы белгіленеді және кеме жолы аймағына шықпайды;

      10) шағын көлемді кемелерді жалға беру пункттерінің, халықтың суда серуендеуін, сүйрейтін жүзу құралдарында серуендеуін, су объектілерінде, жүзу тақтайларындағы серуендеуін жүргізу үшін шағын көлемді кемелердің тұрақ базаларының желкеннің астында жағажайлар мен су астында жүзу үшін пайдаланылатын акватория учаскелерінің (белдеулерінің) шекарасынан 50 метрден жақын емес орналасуы қамтамасыз етіледі;

      11) мектеп жасына дейінгі және кіші мектеп жасындағы балаларды жүзуге үйрету үшін тереңдігі 0,7 метрден артық емес, үлкен мектеп жасындағы балалар үшін тереңдігі 1,2 метрден артық емес учаскелерді құру қамтамасыз етіледі. Учаскелер дуалмен қоршалады немесе арқандарға бекітілген қалқымалар сызығымен қоршалады.

      12) жағажайларда түбінің тереңдігін көрсете отырып, терең жағалары бар акваторияның табиғи учаскелерінде суға секіру үшін орындарды құру қамтамасыз етіледі. Мұндай учаскелер болмаған кезде суға секіруді орындау кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ететін тереңдігі бар жерлерге дейін ағаш көпіршелер немесе салдар орнатылады. Стационарлық су аттракциондарын пайдалану кезінде адамдардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі, ал оларды орналастыру орындары стационарлық су аттракциондарын пайдалану қағидалары және оларды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік шаралары бар стендтермен жабдықталады;

      13) биіктігі 3 және одан да көп метр суға секіруге арналған мұнаралардың платформаларына шығуы нұсқаушылардың (жаттықтырушылардың) рұқсатымен және олардың қатысуымен қамтамасыз етіледі. Мұнаралардың платформалары мен мұнараның сатылы маршы тұтқалы, биіктігі және ені құрылыс нормаларымен белгіленген мөлшерден аспайтын баспалдақтар, баспалдақтың жабыны – тайып кетуді болдырмайтын материалдардан жасалады;

      14) жер асты суларының жер бетіне, шұңқырларға, су иірімдеріне шығусыз және секундына 0,5 метрден асатын ағыссыз жағажайлар құру қамтамасыз етіледі;

      15) жағажайда судан 10 метр қашықтықта 50 метрден аспайтын аралықпен құтқару шеңберлерлері және "Александров-жібі" құтқару құралдары бар қалқан құру қамтамасыз етіледі.

      10. Су айдынында жаппай іс-шараны ұйымдастырушы жергілікті атқарушы органға су айдынында бұқаралық іс-шараларды өткізуге мына:

      су айдынында жаппай іс-шараларды өткізу күні, уақыты және мерзімін;

      су айдынындағы жаппай іс-шараға қатысушылардың санын;

      су объектісіндегі адамдардың қауіпсіздігін, қоғамдық тәртіпті және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдарды;

      су айдынында жаппай іс-шараларды өткізу орнының схемасын көрсете отырып, өтінім жолдайды. Су объектісінде жаппай іс-шаралар өткізу кезінде акваторияның учаскелері (жолақтары) қызыл немесе қызғылт сары түсті қалқыбелгілермен (ілгіштермен) белгіленеді;

- азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінде құтқарушы–жасақшыларды даярлау жөніндегі курстардан өткені туралы анықтамасы бар құтқарушы-жасақшылардың болуы;

- қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету үшін суда зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін медициналық персоналдың (санитарлық машиналардың) және полиция қызметкерлерінің болуы;

      11. Су айдындарында жаппай іс-шаралар жүргізу кезінде (оның ішінде су асты спорт және демалыс түрлерімен жалғыз айналысу) акваторияның пайдаланылатын учаскесі (белдеуі) шегінде су астындағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін адамдармен сабаққа қатысушылардың санынан кем емес сыйымдылығы бар кеме (бірнеше кеме) болады.

      12. Жабдықталмаған су қоймаларында шомылуға болмайды.

      13. Осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келмейтін су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарында жаппай демалыс, туризм және спорт орындарын ұйымдастыруға, ашуға және пайдалануға жол берілмейді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат»

Оқылды 244 рет