Бүгін Отырар ауданында «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы» РМҚК-ның ұйымдастыруымен музейдің 45 жылдығына арналған «Отырар музейі кеше және бүгін: музей ісінің даму үдерістері мен жаңа мүмкіндіктері» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияның басты мақсаты – Отырар музейінің жарты ғасырға жуық даму жолын саралау, осы кезеңде қол жеткізілген жетістіктер мен жинақталған тәжірибені талдау, музей ісіндегі заманауи тәсілдер мен инновациялық бағыттарды талқылау арқылы болашақ дамудың стратегиялық бағыттарын айқындау.
Халықаралық деңгейде өткен шараға Қазақстанның әр аймағынан, сондай-ақ шетелден Ұлыбритания, Америка, Өзбекстан, Сервия және т.б. елдердің музей саласының жетекші мамандары, археологтар, тарихшылар, мәдениет саласының сарапшылары, музей ісінің теоретиктері мен практиктері қатысты. Жалпы саны 100-ге жуық қатысушы халықаралық тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелерді ортаға салуға мүмкіндік алды.
Конференцияның ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі Азамат Нұржауұлы онлайн құттықтауын жолдаса, Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханұлы құттықтау сөз сөйлеп, музей саласына сүбелі үлес қосқан қызметкерлерге ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің арнайы марапаттарын және Отырар музейінің 45 жылдық мерекелік төсбелгісін табыстады.
Сондай-ақ, құттықтау сөз кезегін музей саласының ардагерлері мен ғылым өкілдері жалғап, археолог, музей ісінің ардагерлері Алдабергенов Нұртаза Орынханұлы, Абдулла Жұмашев, Тұяқбаев Марат Қымызұлы өз лебіздерін білдірді. Жиында «Әзірет-Сұлтан» музей-қорығының ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Байболов Берік Қыстаубайұлы музей директорының атынан арнайы алғыс хатты табыстады.
Пленарлық отырыста Қожа Мұхтар Бахадырұлы, Салтанат Амирова, Юнусов Махмудхон Асатуллаевич баяндама жасап, тарихи өлке Отырардың шежірелі жәдігерлерін сақтауда музейдің алар орны мен ерекшелігіне тоқталды. Сондай- ақ, Философия ғылымдарының кандидаты, М.Әуезов университетінің доценті Айнұр Жиенбекова және Этномузей қылует директоры, Қазақстан дизайнерлер және суретшілер одағының мүшесі Кендебай Қарабдаловтар құттықтау сөз сөйлеп, естелік сыйлықтарын табыстады.