Шымкент қаласында аға буын өкілдерінің белсенді өмір сүруіне, денсаулығын нығайтып, қоғамдық ортадан қол үзбеуіне бағытталған жұмыс жүйелі түрде жалғасып келеді. Соның жарқын үлгісі – Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты Белсенді ұзақ өмір орталығы. Орталық зейнеткерлердің өмір сүру сапасын арттырып, оларды зияткерлік, шығармашылық және қоғамдық белсенділікке жұмылдырады, сондай-ақ, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған мәдени-демалыс жұмысты дамытады.
Бүгінде орталықтың төрт бөлімшесінде күніне 800-ге жуық зейнеткерге қызмет көрсетіледі. Жыл басынан бері 3200 қызмет алушы қамтылып, 323 жаңа қатысушы тіркелген. Мұнда олар үшін 36 түрлі қызмет түрі ұйымдастырылған – емдік денешынықтыру, массаж, фитобар, психолог қызметі, тұзды кабинет, шунгит терапиясы, бассейн, иога, хореография, еңбек терапиясы, бейнелеу және қыш өнері, кітапхана, музыка, компьютерлік және қаржылық сауаттылық, ағылшын және араб тілі сабақтары бар.
Әсіресе, соңғы уақытта ағылшын тіліне қызығушылық айтарлықтай артқан. Қазіргі таңда төрт бөлімшеде екі ауысым бойынша 180 қызмет алушы шет тілін меңгеріп жатыр.
Сонымен қатар, әр апта сайын зейнеткерлер Дендросаябақта серуендеп, түрлі сауықтыру және мәдени іс-шараларға қатысады. Ж.Шанин атындағы академиялық драма театрына барып, тегін қойылымдарды тамашалау да игі дәстүрге айналған.
Орталықтың медициналық-сауықтыру бағытындағы жұмысы да нақты нәтижесін көрсетуде. Атап айтқанда:
– гипертония бойынша емделушілердің 93 пайызында,
– бронхит бойынша – 95 пайызында,
– артрит бойынша – 68 пайызында,
– артық салмақ мәселесінде ем алушылардың 82 пайызында оң өзгеріс байқалып отыр.
Бұл көрсеткіштер Шымкентте аға буын өкілдеріне жан-жақты қолдау көрсету ісі жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Белсенді ұзақ өмір орталығы қариялардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың қоғамдағы белсенділігін арттырып, өмірге деген құлшынысын күшейтіп отырған маңызды әлеуметтік алаңға айналды.