Super User

Super User

ШЫМКЕНТ: ҚАЛА ӘКІМІ ҚЫСҚЫ МАУСЫМҒА АРНАЛҒАН ТЕХНИКАЛАРДЫҢ ДАЙЫНДЫҒЫН ТЕКСЕРДІ

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаланың қысқы маусымға дайындығын пысықтады. Алдымен Қаратау ауданы аумағының тазалығына жауапты «Жасыл жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базасына барған Мұрат Дүйсенбекұлы қала көшелерін қардан тазарту жұмыстарына арналған техникаларды арнайы шолып өтті.

Нақты айтсақ, қысқы маусымға қазір әр ауданнан 80-ге жуық техника әзір тұр. Сонымен қатар қала аумағындағы 5 аудан бойынша қар күреудің ситуациялық сызбасы әзірленген.

Нысан басында қала әкімі тиісті басқарма мен мердігер мекемелердің басшыларына көктайғақтың алдын алатын шараларға қатысты нақты тапсырмалар жүктеді. Әрі қарай техникалық базаны қосымша техникалармен күшейту, шұғыл қар күрейтін, құм шашатын көліктердің қызметі талапқа сай болу қажеттігін қатаң ескертіп өтті.

Мұнан соң қала әкімі Абай ауданындағы «КазСтройКапитал» ЖШС-інің базасымен де танысты. Әр ауданға қойылатын талап ортақ. Ең бірінші қысқы техникалардың ауа-райының кез келген төтенше жағдайларына сақадай сай тұруы. Сондықтан дайындық жұмыстары әрі қарай да жалғасатын болады.

Айта кетейік, қала әкімі Мұрат Әйтенов қаланың қысқы маусымға дайындық жұмыстарын пысықтау барысында Әл-Фараби, Тұран ауданы және Еңбекші ауданы аумағындағы жауапты мекемелердің базасын аралап, олардың техникалық қызметіндегі сапасын қадағалады.

Әл-Фараби ауданына қарасты «Таза өлке» ЖШС-інің базасында қазір 66 қар күреу техникалары іске жарап тұр. Аталған аудан бойынша қар тазалау жұмыстары 5 бағытқа бөлінген.

Ал Тұран ауданы бойынша тазалау жұмыстары 4 бағытта атқарылады. Сонымен қатар мұнда 68 арнайы техника дайындалған, жауапты мердігер мекеме «ШымкентСпецКомплек» ЖШС-і мамандары болса, Еңбекші ауданына жауапты «Группа Интекс» ЖШС-і.

Сонымен қысқы маусымдағы тазалау жұмыстары бойынша қалада 450-ге жуық көлік техникасы жұмылдырылады. Айта кетейік, қысқы кезеңге дайындық жұмыстары бойынша бес ауданда ситуациялық сызба әзірленген.

 

 

 

ШЫМКЕНТ: ҚАЛА ӘКІМІ ЖАСТАРДЫ МЕГАПОЛИСТІ ДАМЫТУҒА АТСАЛЫСУҒА ШАҚЫРДЫ

Бүгін Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңес отырысында атқарылған жұмыстар мен өзекті проблемалар қаралды. Бүгінде еліміздің жастарына үлкен қолдау көрсетіп отырған Президент тапсырмасы шеңберінде қалада осы санатқа кіретін азаматтардың жан-жақты дамуына, білім алуына, кәсіпкерлікпен айналысуына тиісті көмектер көрсетілуде.  Қазір қала аумағында бұл санатқа кіретін азаматтар саны – 363 мыңға жетті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ұлттық жоба аясында биылдан бастап жастарға жеңілдікпен шағын несие беру қолға алынды. Енді 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастар 2,5 пайызбен 5 миллион теңгеге дейін несие ала алады. Осы бағытта қала бюджетінен 261 жасқа шағын несие беру жоспарда бар. Бұл – кәсіпкерлікпен, тауар өндірумен, сатумен, қызметтер көрсетумен, өнім өндірумен айналысқысы келетін жастарға берілген үлкен қолдау.

Жастарды жұмыспен қамтуда «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» жобалары да өз нәтижесін беруде. Сондай-ақ кеңес отырысында жастар арасындағы  қылмыс пен құқық бұзушылық және нашақорлықтың алдын алу шаралары талқыланды.

М.Дүйсенбекұлы жауаптыларға жастарды қолдау шараларын сапалы, нәтижелі атқаруды тапсырды. Сондай-ақ несие алған азаматтардың жобаларына жан-жақты талдау жүргізіп, бағытталған қаржының мақсатты әрі нәтижелі игерілгеніне тұрақты мониторинг жасауды ескертті.  Сонымен қатар жастарға арнайы айына екі рет бос жұмыс орындарының жәрменкесін тұрақты түрде өткізу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

«Қаланы абаттандыруда, көріктендіруде белсенді жастардың күшін пайдалану тиімді болады. Бірлесе жұмыс істеу  жастар үшін үлкен тәжірибе. Қай істе де сапаны көздеуіміз керек. Бұл ретте жастарды қолдаудағы мемлекеттік бағдарламалардың сапалы, нәтижелі орындалуы маңызды. Бүгінде қай санаттағы жастарға болмасын, мемлекеттік қолдау жан-жақты қарастырылған.Еңбек өтілі болмағандықтан жұмысқа орналаса алмай жүрген жастарға арналған арнайы бағдарламалар жасалды. Кәсіппен айналысқысы келетін жастарға да үлкен мүмкіндіктер бар.Жас буынды баспанамен қамту шаралары да нәтижесін беруде. Тіпті кезінде білім ала алмай қалған жастарға жан-жақты көмектер көрсетіледі. Бір сөзбен айтқанда, жас буынның болашағын құруға барлық мүмкіндіктер қарастырылған» - деді қала әкімі.  

Кеңестің қорытындысында түрлі саладағы озат жастар арнайы марапатталып, сый-құрметке бөленді. Қала әкімі қоғамның қозғаушы күші – жастарды мегаполистің дамуына атсалысуға, мемлекеттік қолдауларды тиімді пайдалана отырып, жаңаша, тың жобаларды жүзеге асыруға шақырды.

 

 

ШЫМКЕНТТЕГІ ТҰРАН, БОЗАРЫҚ, АҚЖАЙЫҚ ШАҒЫНАУДАНДАРЫНДА ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Елімізде баспананы қолжетімді ету – жергілікті әкімдік тарапынан жүзеге асырылып жатқан басты стратегиялық жоспарлардың бірі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік әл-ауқаттың тұрғын үй мәселесімен тікелей байланысты екенін және тұрғын үй құрылысы әлеуметтік мәселелерді шеше отырып, экономикалық өсімнің локомотиві бола алатынын айтқан болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Шымкентте соңғы жылдарда арнайы бағдарламалар есебінен көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүргізілуде.  Үкімет қаулысымен бекітілген Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында 2023 жылы құрылыс басқармасы тарапынан мемлекеттік бюджеттен 312,4 мың шаршы метрді құрайтын 4 090 пәтерлі 98 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған. Бүгінде Тұран ықшам ауданында 18 үй, Бозарық мөлтек ауданында 54 үй, Ақжайық мөлтек ауданында 26 үй салынуда. Өндірістік кестеге сәйкес 67 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып жыл соңына дейін ел игілігіне пайдалануға беріледі. Оның 61-і кредиттік, 6-ы арендалық баспаналар.  Бұдан бөлек, жыл қорытындысымен жұмыс істейтін жастарға 900 пәтерді және халықтың әлеумкеттік осал топтарына 505 пәтерді нарықтан сатып алу жоспарлануда. Шымкентте биыл 160 нысан салу жоспарлануда. Құрылыс жобасына 98 тұрғын үй, 18 инженерлік инфрақұрылым нысандары, мәдениет және 7 білім беру нысандары, 3 төтенше жағдай кешені, 4 спорт кешені, 2 саябақ енгізілді. Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы саласында мегаполисте ауқымды жұмыстар атқарылуда. 2020 жылы тұрғын үй құрылысын жүргізу бұдан екі есеге дейін төмен болатын. Биылғы жылы 1 млн 73 мың шаршы метр үйді тапсыру жоспарлануда.Биыл Шымкент қаласында жыл соңына дейін мемлекеттік бағдарлама аясында 324 арендалық пәтер тұрғын үй кезегі келген халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына, көпбалалы отбасыларға сонымен қатар жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы азаматтарға, тұрғын үй кезегіндегі мемлекеттік қызметкерлерге, ал 888 пәтер жұмыс істеп жүрген жастарға қолдынысқа беру көзделген. Бұдан бөлек жыл соңына дейін тұрғын үй кезегіндегі әр түрлі санаттар бойынша тағы 505 отбасыны қамту жоспарлануда. Қазіргі таңда бұл бойынша тиісті мекемеге ұсыныс беріліп, жұмыстар атқарылуда. Осылайша биыл тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға табысталатын пәтер саны артпақ.Сонымен қатар биыл «Отбасы банк» арқылы несиелік негізде 1732 отбасыны баспанамен қамту жоспарланып, қазір 973 азамат ипотекалық бағдарламалар арқылы баспаналы болды. Оның ішінде "5-20-25" бағдарламасы бойынша 609 пәтер, "2-10-20 Бақытты отбасы" бойынша -293 пәтер, «Шаңырақ» бағдарламасы - 71.

 

ШЫМКЕНТ: 11 АДАМНАН ТҰРАТЫН ҚЫЛМЫСТЫҚ ТОПҚА ҮКІМ ШЫҚТЫ

 

Шымкентте таныстары мен туыстарын 340 миллионға сан соқтырған қылмыстық топ сотталды. Бұл жайында Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз орталығы хабарлады.

Шымкент полициясына ұқсас мазмұнды арыз-шағыммен 235 адам жүгінді. Олар жалған тендрмен айналысатын алаяқтардың құрбаны болғанын айтып, тәртіп сақшыларынан көмек сұрады.

Жәбірленушілердің сөзінше, өз таныстары « тендрмен айналысатын бастығына» көмек қажеттігін алға тартып, несие рәсімдеуге үгіттеген. Жасаған жақсылығы үшін тиесілі үлесін беруге және банк алдындағы қарызды толық өтеуге уәде еткен.

Көбінесе олар несиені тауарлай рәсімдетіп, алынған қымбат техниканы қайта сатып, шыққан соманың 10-12% пайызын сыйақы ретінде беріп отырған. Алайда, ай сайынғы төлем уақыты келгенде, қаскүнемдер қоңырауға жауап бермей ізін суытқан. Нәтижесінде, несие өсімі көбейіп, азаматтар қарызға белшесінен батқан.

11 адамнан тұратын қылмыстық топтың құрбандары Түркістан облысының және Шымкент қаласының тұрғындары болып шықты.

Аталған жайтты тергеушілер ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеді.

Белгілі болғандай, алаяқтар тобы 23- 43 жас аралығындағы, 4 әйел және 7 ер адамнан тұрған. Оның ішінде екі банк менеджері бар.

Олардың әрқайсысының өз міндеттері болған; кейбірі несие алатын адамдарды табумен, тағы екеуі оны рәсімдеумен, қалғандары сатып алынған тауарларды алып-сатумен айналысқан.

Келтірілген жалпы шығын көлемі 340 миллион теңгеге жуық. Арызданушылар әртүрлі банктерден 250 мың теңгеден 6 000 000 теңгеге дейін қарыз алған.

Тәртіп сақшылары жинақталған іс-құжаттарды айыптау актісімен сотқа жолдады. Айыпталушылардың әрқайсысы жасаған қылмысы үшін 5 жылға дейін сотталды.

 

 

 

 

Осы RSS каналға жазылу