Сенбі, 07 Маусым 2025 08:18

Түркістан-Самарқанд бағытындағы әуе рейсі туризмді дамыту үшін ерекше мүмкіндіктер ашады

«Түркістан-Самарқанд» әуе рейсі өз жұмысын бастады. Астана қаласынан басталған әуе бағыты Түркістан арқылы Самарқандқа ыңғайлы транзитпен ұшуға мүмкіндік алып отыр. Жаңа әуе рейсі аптасына 2 рет, бейсенбі және жексенбі күндері ұшады. Билет құны бір бағытқа 23 500 теңгеден басталады.

Жаңа бағыт - Қазақстан мен Өзбекстанға, туристік қалалар Түркістан мен Самарқандқа саяхаттауға аса ыңғайлы болмақ. Бұл Түркістан мен Самарқанд қалаларында туризмді дамыту үшін ерекше мүмкіндіктер ашады деп күтілуде. Аталған бағыттағы әуе рейстерін “Qazaq Air” әуекомпаниясы жүзеге асырады.Айта кетейік, жалпы Түркістан халықаралық әуежайы арқылы халықаралық рейстерден Ыстамбұл, Абу-Даби мен Эль-Кувейтке, ал республикаішілік Астана, Алматы, Қарағанды, Орал, Ақтөбе және Ақтау қалаларына тұрақты әуе рейстері ұшады.

Түркістан қаласында туризмді дамыту жоспарына сәйкес, туристерге жайлы жағдай жасау ерекше назарда. Түркістанда өңірдің туристік деңгейін көтеру, салаға инвестиция тарту, эко-туризмді өркендету және емдеу-сауықтыру саласын ілгерілету бағыттарына басымдық берілген. 2024 жылдың басынан бастап Түркістан мен Әбу-Дәби арасында бағасы қолжетімді әуе рейсі ашылды. Аптасына бірнеше рет қатынайтын бұл рейстің де өңір туризмі мен экономикасына айрықша үлес қосатыны сөзсіз. Тиісінше, туризмді өңірлік деңгейде ғана емес, халықаралық деңгейде дамытуға да мүмкіндік мол болмақ.

Өңірдің туризмін шет мемлекеттерге таныстыру жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр. Мысалы, былтыр наурыздың басында Берлин қаласында өтетін дәстүрлі ITB Berlin 2024 көрмесіне түркістандықтар да қатысып қайтты. Делегация құрамындағы белді ұйымдардың өкілдері өңірдің туризмінен хабар беріп, туризм саласының әлеуеті жайлы түсіндірген. Сонымен бірге, Самарқандағы форумға да, Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ресми ашылуына да Түркістан облысының өкілдері қатысты.

Қазір Түркістан қаласында туризм бағытын ілгерілетіу үшін түрлі бастамалар қолға алынған. Жаңадан салынып жатқан нысандардың келбетіне, идеологиялық мәніне, сапасына қатаң бақылау жүргізіліп жатыр. Соның арқасында сәуір айындағы көрсеткішке сәйкес, өңірге табан тіреген шетелдік қонақтардың саны едәуір көбейген. Алдыңғы жылы облыс көлеміндегі туристік жолдардың сапасын жақсарту мақсатында 10,6 миллиард теңге бөлініп, жеті жоба аске асырылған. Ал, 2024 жылы бұл бағытқа 17,6 миллиард теңге, қаралып 19 жоба жүзеге асырылды. Алдыңғы жылы облыстағы туризм саласына 53,5 миллиард теңге инвестиция салынып, жиырма бес нысан іске қосылып, 350-ден аса жұмыс орны құрылған. Ірі жобалардың қатарында жоғарыда аталған Қ.А.Ясауи кесенесі аумағындағы «Күлтөбе» қалашығы да бар. Облыс орталығында көлемі 11,8 гектарды құрайтын аумаққа аквапарк, вилла бой көтеретін 5 жұлдызды қонақ үй салу да көзделіп отыр. Аталған жобаның құны жүз тоқсан миллион АҚШ доллары. Одан бөлек, ұлттық спортқа қызығушыларды тарту үшін жүз гектарға жуық аумаққа атшабар салынбақ.

Туризмнің дамуы, бірінші кезекте, саяхаттауға ыңғайлы жерлердің пайда болу ына қатысты. Себебі әлемдегі дәстүрлі саяхат орындары бүгінде өзінің маңыздылығын жоя бастаған. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанда туризмге мол мүмкіндік бар және соның нәтижесінде әлемдік туризм нарығының биігіне көтерілуі мүмкін. Сол мүмкіндіктің бірі ретінде Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін айтуға болады.

Жылына келіп жатқан туристерге сапалы қызмет көрсететін мүмкіндік жасасақ, бұл қаланың экономикасына түсетін қаражат көлемі көбейе түсер еді. Қазіргі уақытта Қазақстан үшін экономиканы әртараптандыру және шикізаттық емес секторды дамыту негізгі бағыттардың қатарына еніп отыр. Туризмнің дамуы, бірінші кезекте, саяхаттауға ыңғайлы жерлердің пайда болуы на қатысты. Себебі әлемдегі дәстүрлі саяхат орындары бүгінде өзінің маңыздылығын жоя бастаған. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанда туризмге мол мүмкіндік бар және соның нәтижесінде әлемдік туризм нарығының биігіне көтерілуі мүмкін.

Сол мүмкіндіктің бірі Түркістан аймағындағы тарихи байлықтар мен мәдени және рухани құндылықтарды сақтаудың қазіргі жағдайы кесенелер мен ежелгі мешіттерді және қалашықтарды жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізе отырып, солардың негізінде тарихи, мәдени музей-қорықтарды қалыптастырумен сипатталады. Бүгінгі күні туристік индустрияны дамытуға ішкі және шетелдік инвестицияны тарту үшін елімізде барлық жағдай бар. Сондықтан аймақтағы инвестициялық тартымдылықты басқару мәселесі экономиканың тұрақты дамуы мәселесін шешуде өзекті болып табылады.

Қысы-жазы қыдырып, саяхаттауға қолайлы қала болғандықтан, Түркістанға келген туристерге ең бірінші қала қонақжайлылығы мен қызметтердің сапасы маңызды. Бүгінгі таңда бұл мәселеде де оң өзгерістер бар екенін байқап келеміз. Әсіресе, туристердің «орналасу орындары (қонақүйлер, хостелдер) өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға артқан» – дейді мамандар. Биылғы жылы қонақ үйлердің саны 60-тан асқан. Ал жоғары санатты қонақүйлер саны оннан асқан. Сондай-ақ, қазіргі таңда жеке инвестиция есебінен салынып жатқан қонақүйлер, демалыс орындары, ойын-сауық орталықтарының құрылыс жұмыстары да қарқынды. «Түркістан молл» сауда орталығы, «Түркістан плаза», «Отау» сауда орталығы, «Медина Палас» қонақүйі секілді сәулетті ғимараттар да тек қазақстандықтар емес, шетелдік қонақтардың да көңілінен шығып отыр.

Салауатты өмір салтын насихаттап, қала халқын іскерлікке баулу мақсатында «Теннис» орталығы салынып, Бизнес орталықтарының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек Түркістанда елімізде теңдессіз туристік-рекреациялық орталық салынды. Аталған орталық су спорт түрлерімен айналысуға және жағажай туризмін дамытуға үлкен үлес қосып, қаланы көгалдандыруға, ауа райын жақсартуға да әсер ететінін айта кеткен жөн. Әрбір келушінің көңілін баурайтын «Керуен сарай» деп аталатын туристік кешенде қонақтарға сапалы қызмет көрсетіп қана қоймай, мереке күндері атаулы іс-шаралар ұйымдастырылып, отандық және шетелдің танымал әншілері өнер көрсетіп келеді.

Қаланың қақ ортасында орналасқан айрықша орталықтың маңынан ашылған Президент саябағына да соқпай кету мүмкін емес. Тұрғындарға да қуаныш сыйлаған саябақтың жалпы аумағы 40 гектарды алып жатыр. Мұндағы сыйымдылығы 100 мың текше метрге жуық жасанды көлде қайықпен серуендеу, су спортымен шұғылдану секілді мүмкіндіктер қарастырылған. Сонымен қатар «Визит Түркістан» орталығы да қала бойынша экскурсиялар жүргізіп, саяхатшылардың уақытын қызықты әрі тиімді өткізуге үлес қосуда. Қолжетімді баға мен сапалы қызмет көрсетуді негіздейтін туристік нысандардың әрқайсысы Түркістанның болашағына, дамуына тікелей әсер ететіні анық.

Тарихи туризм ошақтары көп облыстың табиғаты әсем, шежірелі өлкелері де жетерлік. ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, көне Отырар, Сауран қалашықтары, Отырар ауданындағы Арыстанбаб кесенесі, Бәйдібек ауданындағы Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері мен Ақмешіт үңгірі, Түлкібас ауданының қайталанбас әсем табиғаты, Ақсу-Жабағылы, Қаратау қорықтары, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық-табиғи паркі көптеген саяхатшыларды тамсандырған мекендер. Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан қаласының тарихи-туристік нысандары да жұртшылыққа мәлім.Бүгінде облыс аумағында 1 754 тарихи-мәдени ескерткіш орналасқан. Бұл — Түркістанның туристік әлеуеті өте жоғары екенін көрсетеді. Тарихи туризмнің алтын ұясы десек те артық болмайды.

Түркістан қаласы былтыр ерекше туристік мәртебеге ие болса, биыл Мемлекет басшысы «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.Заңда еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретіндегі Түркістан қаласының ерекше мәртебесі бекітілген. Осыған сәйкес, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бірегейлігін сақтап қалу үшін Түркістан қаласының аумағында тарихи нысандарға айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін жұмыстарды жүргізуге тыйым салынады. Сонымен қатар кесенені қорғау аймағында биіктігі 7 метрден асатын және оның шекарасынан 100 метр қашықтықта ауқымы, түсі мен құрылыс материалдары бойынша ескерткіштермен үйлеспейтін нысандар салуға рұқсат етілмейді.

Шаһар аумағында археологиялық ескерткіштердің резерваты құрылады. Қалада жайлы орта құру, соның ішінде мүгедектігі бар адамдарға инфрақұрылымдарды қолжетімді ету және инклюзивті туризмді дамыту маңызды бағытқа айналады. Бұл жергілікті тұрғындар мен туристер үшін қаланы қолайлы әрі тартымды етуге мүмкіндік береді. Қаланың дамуын тиімді басқару үшін Түркістанның әкімдігі мен мәслихаты қосымша өкілеттікке ие болады. Сол арқылы шешімдерді қабылдау үдерісі жеделдейді, тарихи-мәдени нысандарды сақтауға бақылау күшейеді және қаланың бірыңғай дизайн коды енгізіледі. Өз кезегінде мемлекеттік бақылау қолөнер шеберлерін қолдауға, көлік транзитін реттеуге және қаланың тарихи бірегейлігін сақтауға ықпал етеді.

 «WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 23 рет