Super User

Super User

ШЫМКЕНТТЕ 6 АЙДА 12 БАСТАУЫШ КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫ ҚҰРЫЛДЫ

ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Шымкент қаласына жұмыс сапары аясында «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-і басшылығы және қызметкерлерімен кездесті.

Компанияда тәуелсіз кәсіподақ кәсіпорын құрылғалы бері жұмыс істейді. Қызметкерлердің еңбек шарттарын, персоналға әлеуметтік қолдау көрсету, жастарға, көпбалалы отбасыларға, өндіріс ардагерлеріне әлеуметтік кепілдік ұсыну бойынша бірқатар шаралар қабылдануда. Алдымен төраға мекеменің мұражайын, орталық диспетчерлік қызметтің жұмысымен танысты. Мекемеде 1000-ға жуық адам жұмыспен қамтылған. Онда орташа айлық жалақы – 150 000 теңге. 927 қызметкер кәсіподақ мүшесі.

– Іссапарымыздың негізгі мақсаты – өңірде қалыптасқан әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу мәселесі. Яғни, жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайы, жалақыны көтеру мәселесі, еңбек қауіпсіздігі, мекеменің кәсіподақтармен бірлесіп, әлеуметтік әріптестікті арттыру, лайықты еңбек жағдайын қарастырудағы жұмыстарымен танысу. Қазіргі таңда кәсіподақтар ретінде ең төменгі жалақыны көтеру мәселесімен айналысып жатырмыз. Экономикалық жағдайларды ескере отырып, ең төменгі жалақы мөлшерін кезең-кезеңімен өсіру мәселесі назарымызда тұр. Бұл мекеме басшылығы ендігі ретте жұмысшылардың жалақысын арттыру бойынша кешенді шаралар қабылдау керек. Талаптар-ұсыныстар хаттамасын зерделеп, бұл мәселені Үкіметтің алдында көтереміз, – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Серіктестіктің бас директорының орынбасары Жанатбек Тұрдалиевтың айтуынша, компания басшылығы жасалған ұжымдық келісімшарт аясында таңдалған әлеуметтік басымдықтарды ұстанып келеді. 2023 жылдың басында қызметкерлердің денсаулық жағдайын жақсарту мақсатында спорт кешені ашылған. Мекеме заманауи корпоративтік саясатты жүргізуде әріптестік байланыстарды жақсарту, кадр жүйесінің кәсіптік деңгейін арттыру бойынша трнеингтер және шеберлік сабақтарын ұйымдастыруда.

«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеевтің мәлімдеуінше, 2023 жылдың 6 айында қалада 12 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, оған 2043 адам тартылған. Ол мекемелердің жұмыс берушілері мен кәсіподақ ұйымдары арасында ұжымдық шарттар жасалып, Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасынан тіркеуден өтті.

ШЫМКЕНТ: АБАЙ КҮНІ МЕРЕКЕСІ КЕҢ КӨЛЕМДЕ АТАЛЫП ӨТУДЕ

Шымкентте Абай күні тойланды. Абайды ұлт болып ұлықтайтын ерекше мереке Абай саябағындағы хакімнің ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Бұл мейрам – ұлы Абайдың есімі жүрекке жазылатын күн. Ақын жырларын тебірене оқып, әндерін әуелете салатын күн. Саябақта «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» әуеледі. Махаббат пен тағылымға толы өлеңдер де оқылды. Саябаққа жиналған көпшілік Абай мұражайын аралады.

Айтулы мереке қарсаңында қала көлемінде біршама іс-шаралар ұйымдастырылған болатын. Соның бірі, Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы, Абай атындағы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі, Опера және балет театры бірлесе, қала тұрғындары арасында «Абай әлемі» байқауын өткізді.

Әлеуметтік желіде жарияланған байқауға 150-ге жуық адам қатысты. Қатысуға ниет еткен қала тұрғындары Абай өлеңін, не қара сөзін жатқа оқып, видео түсіріп, ұйымдастырушылардың парақшасына жіберіп отырған. Байқаудың шарты бойынша көп қаралым жинаған 20 қатысушы екінші кезеңге өтіп, айтулы жиында әділ-қазылар алдында өнерлерін көрсетті. Байқаудың ең кішкентай қатысушысы 6 жаста екен.

Ең көп қаралым 36000 болған. Іс-шараның мақсаты – Абай Құнанбайұлының шығармашылығын кеңінен насихаттау, көркем әдебиетті, поэзияны сүйіп оқитын қала тұрғындарын ынталандыру, қала тұрғындарының рухани танымын кеңейту, оқу дағдысын жетілдіре отырып, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, кітапхана оқырмандарының санын арттыру болды.

– Халықты білім, еңбек, өнер жолына жетелеген ұлы Абайдың шығармаларын насихаттау бәріміздің парызымыз. Өмірін жарқын, келешегін кемел еткісі келетін кез келген адам Абай өлеңдерінен нәр алады. Абай күні мерекесі халықтың, әсіресе жастардың жыл сайын асыға күтетін мерекесі болсын лайым, – деді өзінің құттықтау сөзінде Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Сәкен Шакеев.

«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан өнерпаздарды әділ қазылар бағалап, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыстады.

 

 

ШЫМКЕНТТІК ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРДЫҢ АТА-АНАЛАРЫНА КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

Шымкентте «Ерекше балалардың ата-аналары» одағының ұйымдастырумен одаққа мүше ата-аналардың жиыны өтті. Жиын барысында ерекше бала асыраушы отбасылардың мұң-мұқтажы мен шешімін таппай жүрген мәселелері тыңдалды.

–Біз ерікті ата-аналар қоғамы болып жыл сайын дәстүрлі түрде мерекелік кештер, сұхбаттар өткізіп тұрамыз. Бүгінгі жиын барысында ата-аналарға жаңа оқу жылы қарсаңында демеушіміз «Биік» кеңсе тауарлары иесі атынан 10 пайыздық жеңілдік құжаттарын тараттық. Сондай-ақ жаңадан қосылған ата-аналармен танысып, олармен сұхбаттастық. Қала әкімінің қолдауымен қазіргі таңда көптеген кәсіпкерлер және басқармалармен меморандумға қол қойғанбыз. Олар бізге қолдау көрсетіп, көмектесіп отырады. Мысалы театрларға, концерттерге тегін жолдамалар, сондай-ақ азық-түлікпен, жөргектермен, дәрі-дәрмектермен қамтып, барынша көмек беріп келеді,– дейді одақ төрайымы Гүлмира Үсенбекова.

Одаққа мүше болған ата-аналар мұнда өз тәжірибелерімен де бөлісіп отырады. Қоғамнан шеттетілгендей күй кешкен аналар ерікті қызметіне араласқалы көңіл-күйіде жақсарып, жалғыз еместігін түсінген.

–Мен көпбалалы жалғызбасты анамын. Ата-аналардың ватсап желісінде өз тобы бар. Сонда балалардың ем-шаралары, қай жерде, қалай емделіп жатқандығы туралы ақпараттармен бөлісіп отырамыз. Жасыратыны жоқ кейде баламен қайда, қандай ем қабылдау қажеттігін де түсінбей абдырап қаламыз. Сондай кездерде бір-бірімізге көмекшіміз. Заң тұрғысынан да психологиялық, медициналық көмектер бізге ауадай қажет. Осының бәрін біз есік қағып сандалмай, Гүлмира ханымға айтып кеңес сұрап отырамыз. Мен өзім осы одаққа келгеннен кейін көңіл-күйім көтеріліп, айналама қарай бастадым. Бір-бірімізді түсініп, қолдап, театр, музейлерге, табиғат аясына серуенге барып тұрамыз. Бүгінгі беріліп жатқан жеңілдік те бізге үлкен көмек,–дейді Зарина Дәуітова.

Айта кетейік, «Ерекше балалардың ата-аналары» – одағы республика бойынша көптеген өңірлерде жұмыс істейді. Оған жеке басын растайтын куәлікпен тіркеліп, ерікті болуға немесе қажетті ақпараттар алып отыруға болады. Шымкент қаласы бойынша бұл одаққа 70-тен аса ерекше балалардың ата-аналары тіркелген.

ШЫМКЕНТ: БАСҚАРМАДА СЫБАЙЛАСТЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУДА ІШКІ ТАЛДАУ ЖҮРГІЗІЛДІ

Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін және қызмет көрсету ауқымы кең бірден-бір басқарма. Әлеуметтік салада сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жолын кесу мақсатында таяуда ішкі талдау жұмыстары жүргізілді. Қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлық, құқық бұзушылық пен мүдделер қақтығысы фактілері анықталған жоқ.

Бұл туралы бүгін ішкі талдау нәтижелері бойынша арнайы ұйымдастырылған жиналыс барысында мәлім болды. Жиынға қатысқан «Зияткер-Ұстаз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмір Шыныбекұлы бірінші кезекте әлеуметтік сала мамандарына азаматтармен жұмыс жүргізгенде барынша кішіпейілділік танытып, жылы қарым-қатынас орнату керектігін атап өтті.

–Әлеуметтік саланың жұмысы ауыр екендігін түсінеміз. Бірақ, осы саланы таңдаған соң қиындығына шыдап, жоғары деңгейде қызмет көрсету басты міндеттеріңіз. Мамандар алдына келген әр адамға жылы сөйлеп, дұрыс бағыт-бағдар берулерін бақылауға алсаңыздар, – деді қоғам белсендісі.

Жиында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жолын кесуге қатысты бірқатар ұсыныстар айтылды. Басқарма басшысының орынбасары Көпжан Тұрлыбеков барлық ұсыныстар назарға алынып, алдағы уақытта артық құжаттарды талап ету немесе қызмет көрсетуде дәлелсіз бас тарту сынды түрлі құқық бұзушылық және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу жұмыстары қатаң бақылауда болатындығын атап өтті. Жалпы, әлеуметтік саланың қызмет көрсету ауқымы өте кең. Басқармаға қарасты жалпы 16 әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы, басқарманың өзінде халықпен етене жұмыс істейтін бөлімдер мен әр ауданда «Еңбек мобильділігі» орталығының «Мансаптық» орталықтары халыққа қызмет көрсетеді.

Осы RSS каналға жазылу