Отырысқа партияның облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, кеңес төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков, партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасарлары Қалыйма Жантөреева, Полат Тұрсынбаев Ордабасы және Сауран аудандарының әкімдері, облыстық басқарма басшылары, су саласына жауапты мекеме өкілдері, кеңес мүшелері, мәслихат төрағалары мен фракция жетекшілері, партиялық бақылау комиссиясының жетекшілері мен мәслихат депутаттары қатысты.
Жиынды ашқан Алтынсары Дүйсенбекұлы Сайлауалды бағдарламада Ордабасы және Сауран аудандарына қатысты көрсетілген тармақтардың, сонымен бірге «Ауыл шаруашылығын дамыту» бағытына енгізілген индикаторлардың орындалуы мен өзекті мәселелер талқыланатынын атап өтті. «Сайлауалды бағдарлама аясындағы әрбір тармақ – партияның халық алдындағы уәдесі. Сондықтан олардың уақытылы әрі сапалы орындалуы – біздің басты парызымыз», – деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаевтың айтуынша, 2023–2027 жылдарға арналған Жол картасында 58 іс-шара жоспарланған. Биыл 52 индикатордың 12-сі орындалған. Кейбір жобаларда орындалмау қаупі бар. Әкім оның негізгі себептеріне тоқталды.
Ордабасы ауданындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Нұрзат Ортай жыл басынан бері 3 отырыс өтіп, 6 ұсыныс берілгенін баяндады. Екі мектеп құрылысының кешеуілдеуіне байланысты құрылыс басқармасына депутаттық сауал жолданған.
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Жол картасы аясында ауыл шаруашылығы, жұмыс орындары, кәсіпкерлік, жастарға қолдау, сапалы білім мен медициналық қызмет, инфрақұрылым бағытында нақты істер атқарылғанын жеткізді.
Ал, Сауран аудандық партиялық бақылау комиссиясы 9 нысанға мониторинг жүргізіп, бірқатар мәселелер анықтаған. Бұл туралы комиссия төрағасының орынбасары Нұржол Қонқабаев баяндама жасады.
Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жорабек Жолдасбеков Түркістан облысы өнім өндіру бойынша республикада алдыңғы қатарда екенін айтып, бірқатар жетістіктерді атап өтті. Алайда республикалық бюджеттен «Ауыл аманаты» жобасына қаражат әлі бөлінбегенін жеткізіп, партия тарапынан қолдау сұрады.
Сондай-ақ, құрғақшылықтың салдарынан ағын судың тапшылығы артқаны, оны шешу үшін су нысандарының құрылысы жүріп жатқаны айтылды. Мал азығы тапшылығының алдын алу мақсатында мемлекеттен арзандатылған кебек бөлу туралы ұсыныс берілген.
Кеңес отырысында Алтынсары Дүйсенбекұлы тарапынан Ақбұлақ ауылындағы «Жайлы мектептің», Ынтымақ ауылдарындағы 200 орындық, Шұбарсу ауылындағы 600 орындық мектеп құрылыстарын бақылау барысында бірқатар кемшіліктер байқағанын, олардың жаңа оқу жылына дайын болуы аудан әкімдігі тарапынан қаншалықты бақылау жүргізіліп отырғанын сұрады. Аудан әкімінің аталған білім ордаларының құрылысы сапалы, әрі оқу жылы басталғанша тезірек бітіуіне жұмыс істеу керектігін айтты.
Ағын су мәселесінде партия Жол картасына енгізілген Бәйдібек ата және Боралдай су қоймаларының маңыздылығы атап өтілді. Боралдай су қоймасының жобасы әлі күнге шешімін таппаған. Бұл жобаның жүзеге асуы Түркістан қаласы мен бес ауданға (Ордабасы, Бәйдібек, Сауран, Отырар) кепілді ағын сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берер еді.
Ылғал үнемдеу технологиясының енгізілуі де баяу жүруде. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығындағы 7 инвестициялық жоба, каналдардың жағдайы, кооперативтер құру, газдандыру жұмыстары, қайта өңдеу саласы, жылыжай кластерінің энергия, су және логистика мәселелері қозғалды. Сауран ауданында іске асуы тиіс болған 20 МВт күн электр станциясы жобасының тоқтап қалуы, шағын су электр станциясының бүгінгі ахуалы да кеңес мүшелерінің талқысына түсті.
Жиын барысында көтерілген барлық ұсыныс-пікірлер хаттамаға енгізіліп, олардың орындалуын «AMANAT» партиясы өз бақылауына алатыны айтылды. Кеңес жұмысының басты мақсаты халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бағдарламалардың нақты іске асуын қамтамасыз ету екені тағы бір мәрте айтылды.