Жұма, 27 Маусым 2025 18:20

Түркістан: Мақтааралда бақшаның экспорттық әлеуеті артуда

Күні кеше Түркістан облысның БАҚ өкілдері Мақтаарал ауданына пресс-тур сапарымен келіп, ауыл шаруашылығы саласындағы соңғы жетістіктердің куәсі болды. Тілшілер ауданға қарасты Мақтаарал ауылдық округінде орналасқан «Агрогруз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен жақынырақ танысу мүмкіндігіне ие болды.

 

«Агрогруз» ЖШС – ауыл шаруашылығына бағытталған ірі инвестициялық жоба ретінде бүгінде құрылыстың соңғы кезеңінде тұр. Заманауи талаптарға сай салынған бұл нысан қажетті инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген. Жоба аясында заманауи технологиялар мен құрал-жабдықтар орнатылған, бұл өз кезегінде өндірістің сапасы мен көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Жобаға тартылған инвестиция көлемі – 150 миллион теңге. Бұл қаражат кәсіпорынның материалдық-техникалық базасын нығайтуға және өндірісті халықаралық талаптарға сай жолға қоюға бағытталған. Атап айтқанда, серіктестік шетел нарығына бақша дақылдарын – қауын, қарбыз және өзге де өнім түрлерін экспорттауға басымдық беріп отыр. Жоспар бойынша кәсіпорын жылына 6 мың тоннаға дейін бақша өнімдерін сыртқы нарыққа шығаруға қауқарлы болмақ. Бұл жоба тек аудан көлемінде емес, облыс деңгейінде де ауыл шаруашылығының дамуына оң серпін бермек.

Бүгінде аудан көлемінде жалпы 13 005 гектар жерге бақша дақылдары егілген. Оның ішінде 12 392 гектар алқапқа қауын, ал 613,3 гектар жерге қарбыз дақылы отырғызылған. Бұл көрсеткіштер – өңірдің бақша шаруашылығына ерекше мән беріп отырғанын айғақтайды.

Егіс алқаптарында бақша дақылдары үш кезеңге – ерте, орта және кеш пісетін сорттар бойынша егілген. Қазіргі таңда ерте пісетін өнімдердің жиналуы белсенді түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, бүгінгі күнге дейін 10 мың тоннаға жуық қауын мен 3 мың тоннаға жуық қарбыз жиналып үлгерілді. Ал, орта мерзімде пісетін өнімдерді жинау жұмыстары алдағы он күн ішінде басталады деп күтілуде. Қалған алқаптардағы өнімдер пісу мерзіміне қарай кезең кезеңімен жиналып, ішкі және сыртқы нарыққа жол тартатын болады.

Айта кетерлігі, ауданда бақша өнімдерін сақтау, сұрыптау және буып-түюге арналған арнайы қоймалар мен логистикалық орталықтар құруға басымдық беріліп отыр. Бұл – өнімнің сапасын сақтап, оны тиімді өткізуге ықпал ететін маңызды қадамдардың бірі.

Жалпы алғанда, Мақтаарал ауданы ауыл шаруашылығы, әсіресе бақша шаруашылығы бойынша республикада алдыңғы қатарда тұр. Мұнда қалыптасқан климаттық жағдайлар мен жердің құнарлығы бақша өнімдерін мол көлемде өндіруге мүмкіндік береді. Ал шетел нарығына экспорттау – жергілікті шаруалардың табысын арттырып, аудан экономикасын дамытуға тың серпін бермек.

Оқылды 24 рет