Атап айтқанда, егін шаруашылығында тамшылатып және жаңбырлатып суғару әдістерін қолдану арқылы еңбек өнімділігін 2-3 есеге дейін арттыру көзделіп отыр. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстармен танысу үшін Түркістан облысының БАҚ өкілдері пресс-турмен Мақтаарал ауылдық округіне қарасты Өркениет елді мекеніндегі «Хамро ата» шаруа қожалығында болды.
2025 жылы аудан бойынша жалпы көлемі 8 мың гектар жерге су үнемдеу технологияларын енгізу жоспары бекітілген. Қазіргі таңда бұл жоспар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бүгінде аудан бойынша 182 жоба іске асып, 3,4 мың гектар алқапқа тамшылатып суғару жүйесі енгізілді. Аталған жүйенің тиімділігі нақты деректермен дәлелденіп отыр. Мәселен, енгізілген технологиялар есебінен 988,7 гектарға мақта, 1 800 гектарға бақша дақылдары (қауын, қарбыз және т.б.), 520 гектарға қырыққабат, сондай-ақ 35 гектарға күріш дақылы егілген. Бұл туралы ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Баязит Әлімқұл мәлімдеді.
«Су ресурстарын үнемдеу және ауыл шаруашылығындағы шығындарды қысқарту мақсатында бұл жұмыстар ары қарай да жалғасын табатын болады. Осы ретте аудан әкімдігі мен кәсіпкерлер арасында тығыз ынтымақтастық орнатылып отыр. Атап айтқанда, «БНК групп» компаниясымен өзара келісім жасалып, су үнемдеу технологияларын ендіру бойынша нақты жобалар жүзеге асуда» - деді, Б.Әлімқұл.
Қазіргі уақытта аудан аумағында 57 шаруа қожалығы жалпы көлемі 2,3 мың гектар алқапқа арналған субсидиялар алуға өтінім жолдады. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың тиімді пайдаланылып жатқанын көрсетеді. Субсидия арқылы фермерлер заманауи суғару жүйелерін орнатып, шығындарын азайтып қана қоймай, өнім сапасы мен көлемін де арттыруда.
Сала мамандарының айтуынша, су үнемдеу технологиялары дәстүрлі суару әдістерімен салыстырғанда 70-80%-ға дейін суды үнемдеуге, ал өнімділікті кемінде 2 есе арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, топырақ эрозиясының алдын алып, арамшөптердің азаюына, тыңайтқыштардың тиімді сіңірілуіне ықпал етеді.
Аталған бастамалар аудан халқының тұрмысын жақсартуға, ауыл шаруашылығының заманауи, үнемді тәсілдермен дамуына серпін берері анық. Алдағы уақытта су үнемдеу технологияларын енгізу аясында жаңа жобалар мен инновациялық шешімдер қолға алынып, өңір агросаласының бәсекеге қабілеттілігі артпақ.