Super User

Super User

Шымкентте «Көк тудың желбірегені» атты патриоттық форумы өтті

Қасиетті Отанға, туған жерге, өскен елге деген құрмет пен сүйіспеншілік оның рәміздеріне деген құрметтен басталды. Отанның өзі нақ осы Тудан, Елтаңба және Гимннен бастау алады. Рәміздерді жүрегіне басып, маңдайына тигізіп қадірлеу арқылы егемен елдің еңселі азаматтары, патриоттары қалыптасады.

Асық ойнаған - озар!

"Аq-qara.kz" сайт "Спорт-денсаулық кепілі" жобасын бастады. Негізгі мақсат-елімізде және Шымкентте бұқаралық спортты дамыту және насихаттау. Әр шығарылымда біз көптеген адамдарға ыңғайлы спорт туралы жазамыз. Сарапшылар ретінде табыстың шыңына жеткен танымал Чемпиондар, әуесқой спортшылар таңдалады. Бұл мақалада біз V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел құрамасы 12 мемлекеттен келген 39 спортшыдан баса озып, алтыннан алқа тағынған «Асық ату» ойынының ойнау тәртібін жариялаймыз.

Асық ату. Молжігітов Нұрқисса командалық ойын көрсетті.

Команда құрамы: 4 ер, 4 әйел, 2 бапкер,1 команда жетекшісі, 1 төреші.

Жарыстарға 18 жастағы және одан асқан спортшылар жіберіледі.

Әр команданың бірыңғай спорттық формасы болуы керек.

Жарыстар Қазақстан Республикасының «Асық ату» федерациясының ережесіне сәйкес өткізіледі.

Асық ату (ерлер) арнайы жабынмен жабылған тегіс алаңда өтеді. Шең- бердің ортасында асықтар (сүйектер) тізіліп, оларды шеңберден шығару үшін ойын алаңының екі жағында белгіленген 6 метрлік белгіден сақа (асық) лақты- рылады. Шеңбердің ортасында ұзындығы 115 см болатын сызық сызылып, оған 15 асық орнатылады. Оған параллель 15 см қашықтықта екі жағынан қосымша сызықтар сызылады. 8 асықты бірінші болып шеңберден шығарған ойыншы кездесудің жеңімпазы атанады. Командалық ойында команда 3 қатысушыдан, 1 қосалқы ойыншыдан тұрады.

Қызмет көрсететін төрешілер кездесудің ату кезегін қатысушы команда- лардың әр қайсысынан бір адам асық иіріп лақтыруы арқылы белгілейді. Кімнің асығы қарсыласының асығынан басым болып түссе, соның тобы бірінші бастайды. Кездесу ұзақтығы 15 минут. Ойын 3 кездесуден тұрады. 2 кездесуді жеңген ойыншы жеңімпаз болып танылады. Ойыншылар кезекпен шеңбердің ортасындағы сызықтың бойында бір-бірінен аралығы сақа мөлшерінде «алшы» күйінде тізілген асықтарды шеңберден шығаруға тырысады.

Лақтырылған сақаның соғуынан сызықтағы асық шеңбердің сыртына шықса, ол ұпай болып есептеледі. Егер ол шеңберден шықпаса, онда асық өз орнына қойылады да, кезек қарсыласына беріледі.

Егер ойыншы асықты шеңберден бірінші талпыныста шығарса, онда ол қысқартылған қашықтықтан, шеңбердің шетінен екінші талпыныс жасауға құқылы. Егер екінші талпыныста асық шеңберден шықпай қалса, ол бастапқы орнына қайтады.

«БЕС АСЫҚ» (ӘЙЕЛДЕР)

Әр ойыншыда бес асық (сүйек) болады.

Ойыншылар саны: 3 қатысушы, 1 қосалқы ойыншы.

Қатысушылардың кезек реті асықты иіру арқылы анықталады, кімнің асығы «алшы» күйінде түссе, сол қатысушы ойынды бірінші болып бастайды. Бірнеше ойыншы «алшы» түсірсе, ойыншылар асықты қайта лақтырады немесе жеребе тастайды. Ойынның ережесі өте жеңіл: «Бес асық» бір қолмен ойналады. Қатысушы жердегі асықтарды жинағанда, басқа асықтарға қолын тигізбеуі керек. Ереже бұзылса, кезек келесі ойыншыға беріледі. Ойыншы ойынды тоқтаған жерінен жалғастыра алады. «Бес асық» бірнеше кезеңнен тұрады.

Бірінші кезең «Бірлік». Үстелге бес асық иіріліп тасталады. Қатысушы бір асықты қолына алып, жоғары лақтырады да, ол құлағанша еденнен тағы бір асықты көтереді. Ол екінші асықты көтеріп алып үлгеріп, біріншісін қағып алуы керек. Бұл ойын үлкен ептілікті және жылдамдықты қажет етеді. Еденнен көтерілген асық шетке қойылады. Үстел үстінде жатқан басқа асықтармен де солайша қайталанады.

Ойынның екінші кезеңі «Екілік» деп аталады. Ойынның реті алдыңғы кезеңдегідей, тек үстелден бір асықтың орнына екі асықты алып үлгіру керек. Үшінші кезең «Үштік» алғашқы екеуіндей ойналады. Енді үш асық көтеру керек, ал қалған соңғы асықты біреуін көтереді.

Төртінші кезең «Төрттік». Бес асықтың бірі лақтырылады, осы сәтте төрт асықты үстелге қойып үлгіру керек. Содан кейін бірінші асықты қайтадан лақтырып, осы сәтте ойыншы төрт асықты да үстелден алып үлгеруі керек.

Бесінші кезең – «Жалақ». Мұнда қатысушылар бір асықты жоғары лақтырып, осы уақытта алақанымен үстелді 3 немесе 5 рет ұрады, содан кейін асықты ұстап алады.

Алтыншы кезең «Алақан», ережесі бірінші кезеңдегідей, тек қана көтерген жаңа асықты қатысушы алақанына салады.

Жетінші кезең «Төртбұрыш». Ойыншы төрт асықты бір-бірінен (20х20) арақашықтықта қояды. Содан кейін бесінші асықты жоғары лақтырып, осы уақытта қалған төртеуін жинайды, содан кейін төрт асық бар қолымен бесіншіні қағып алады.

Сегізінші кезең «Асық алмастыру». Қатысушы төрт асықты үстелге тастап, бесіншісін жоғары лақтырады және осы уақытта үстелден бір асықты алып,

лақтырылған асықты қағып алады. Ойыншының қолында екі асық болады. Содан кейін бір асықты қайтадан аспанға лақтырады да, сол кезде екінші асықты үстелге қойып, орнына басқасын алып үлгіру керек, осы кезде лақтырылған асықты ұстап алуы керек. Барлық асықтармен осылайша жасалады. Содан кейін асықты лақтырып, төрт асықты түгел жинап, біріншісін ұстап үлгіру керек.

Тоғызыншы кезең «Үндемес». Онда бірінші кезеңде ойнағандай, бірақ бір шартпен орындау қажет. Ойыншы бірінші асықты ұстап алған сәтте, екінші асық қолында болса, олар бір-біріне тимеуі керек, басқаша айтқанда, дыбысы шықпауы керек.

Оныншы кезең «Сарт-сұрт». Алдыңғы кезеңдегідей ойналады, тек бұл жолы асықтың бір-біріне ұрылған дыбысы анық шығуы керек.

Он бірінші кезең «Қаршу» бірінші кезеңдей, тек жоғары лақтырылған асықты алақанның тік қалпында қағып алу керек.

Он екінші кезең «Отау» (Нәби). Мұнда бәрі жеңіл. Үстелге төрт асық шашы- лады. Бас бармақ пен ортаңғы саусақтан «үңгірге» кіреберіс жасалады. Екінші қолмен Хан асықты аспанға лақтырып, үстелде қалған асықтарды бірінен соң бірін үңгірге кіргізеді.

Ұпай есептеу

1. Барлық 12 жаттығуды орындап болғаннан кейін ойыншыға берілген ұпай санын анықтайтын жаттығу орындалады. Алақанның ішкі жағына 5 асық алынады. Ойыншы оларды лақтырып, сол қолының сыртымен барынша көп асық қағып алуға тырысады, содан кейін алақанның сыртымен қағып алған асықтарды лақтырып жібереді де, оларды алақанын төменге қаратып, жоғарыдан қағып алады. Қағып алынған әрбір асық ойыншыға 10 ұпай жинайды.

2. Содан кейін ойын әрі қарай жалғастырылады. Келесі 12 жаттығуды аяқтағаннан кейін, қорытынды есеп жаттығуы орындалады. Ойын ойыншылардың біреуі 150 ұпай жинағанша жалғасады.

3. Егер ойынға берілген уақытта ойыншылар кездесуді тең аяқтаса, жеңімпаз кезеңнің нәтижесі бойынша анықталады. Жеңіс 12 жаттығуда алға шыққан ойыншыға беріледі.

Ойынның ұзақтығы 15 минут. Әр ойын барысында 1 минутқа созылатын бір үзіліс жасауға рұқсат беріледі.

Осы RSS каналға жазылу