Super User

Super User

Түркістан облысының полицейлері баршаңызды Конституция күні мерекесімен құттықтайды

Қазақстан Республикасының - Ата Заңы 1995 жылы 30 тамыз күні жалпыхалықтық Референдумда қабылданып, 5 қыркүйек күні өз күшіне енді. Яғни, бұл құжат - мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, әрбір тұрғынның жеке басы мен отбасы үшін де маңызды.

Осынау мерейлі мереке қарсаңында Түркістан облысының өнерлі де талантты полицейлері Түркістан қаласына экскурсияға келді. Тәртіп сақшылары облыс орталығының ең әсем, көрікті жерлерінде серуендеді.

Сонымен қатар мерекеге орай өздерінің ізгі тілегін жеткізіп, барша қазақстандықтарға, көп ұлтты елімізге бірлік, тыныштық, ашық аспан, береке мен қоғамдық тұрақтылық тіледі. Иә, осыдан 27 жыл бұрын, адам құқықтары және бостандықтарын қастерлейтін қуатты мемлекеттің сенімді іргетасына айналған негізгі құжат қабылданды.

Аталған Ата Заңның әрбір жолы қоғамның орнықты дамуына зор үлесін қоса отырып, азаматтық қоғамның қалыптасуын қадағалауға кепілдік береді.

Сондықтан, барлығына ортақ, тең қолданылатын Ата Заңымыздың күні құтты болсын! Еліміз тыныш, жұртымыз аман, көк байрағымыз көгімізде желбірей берсін! Ана тіліміздің мәртебесі көтеріле берсін! Отбасыларыңызға бақыт, қызметте табыс тілейміз!

«Конституция күні» мерекесіне орай үздіктер марапатталды

Түркістан облысы Полиция департаментінің мәжіліс залында марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараға департамент бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов арнайы қатысып, барша полицейлерді мерейлі мерекемен құттықтады. Жиын барысында қатысушыларға арнайы дайындалған бейнеролик ұсынылды.

Одан соң, облыстың бас полицейі М.Қабденов өздеріне жүктелген міндетті абыройлы атқарып жүрген үздік тәртіп сақшыларын марапаттады. Тәртіп сақшыларының еңбектеріне табыс, қызметтеріне абырой тіледі!

Полицейлер облыстағы 951 мектепті тексеріп, қажетті жол белгілерін жаңартуда

Оқу жылының басталуы қарсаңында, оқушылардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, сондай-ақ балалардың көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріп-тұру дағдыларын нығайту мақсатында, Түркістан облысында республикалық «Абайлаңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Жалпы Түркістан облысында орналасқан мектептер саны - 951. Оның 142-сі қалалық жерде болса, 809 ауылда орналасқан. Іс-шара барысында барлық мектеп тексерілді. Яғни әрбір мектептің жолы, оған жақын көшелердегі жол белгілері талапқа сай болуы үшін полицейлер жүйелі жұмыс жасап, қажет болса жаңалауға ұсыныс беруде.

Мәселен аталған мектептерде жалпы жаяу жүргінші өткелі 1286 болса, оның ішінде 238-і қайта реттеуді қажет етеді. 2022-2023 оқу жылының басталуына орай Түркістан облысы Полиция департаменті Жол-техникалық инспекциясы бөлімінің қызметкерлерімен 170-ден астам тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 126 кемшілік анықталып, 89 жол белгілері жаңартылды. 59 жаяу жүргінші жолағы жаңадан орнатылып, 19 жасанды кедергілер орнатылды. 28 шақырым тратуар жолағы жаңарып, 950 метр мектеп аумақтары жарықтандырылды.

Ал облыс орталығы - Түркістан қаласында жол бойында орналасқан 31 мектеп бар. Сол себепті полиция қызметкерлері тарапынан қала әкімдігіне 31 ұйғарым беріліп, нәтижесінде 5 жасанды кедергі, 31 «Жаяу жүргінші жолақтары», 21 дана «Абайлаңыз балалар» және «Жаяу жүргінші өткелдері» жол белгілер орнатылды.

Түркістандық тәртіп сақшылары, ұстаздар мен ата-аналарға ұл-қыздары жол қозғалысы ережесін сақтап жүруін қадағалауды ескертеді. Жеткіншек, жасөспірімдерге жолдан өтерде кез келген жерді кесіп өтпей, арнайы жаяу жүргіншілерге арналған жерлерден өтуге кеңес береді. Полицейлердің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Полицейлер қаруға қатысты 31 істі сотқа жолдады

ҚР ІІМ нұсқауына сәйкес Түркістан облысы аумағында жыл басынан бері криминогендік ахуалды жақсарту, атыс қаруы мен оқ-дәрілерінің заңсыз айналымына қарсы бірқатар профилактикалық іс-шара өткізіліп келеді.

Мәселен жыл басынан бері Түркістан облысының полицейлері ҚР ҚК-нің 287-бабымен, яғни «Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» дерегі бойынша 51 деректі тіркеп, қылмыстық іс қозғаған. Оның 31 ісіне қатысты жинақталған құжаттар айыптау актісімен сотқа жолданған.

Атап өтсек, жоғарыдағы қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтаудың 51 дерегінің ішінде: 16 калибрлі тегіс ұңғылы шолақ мылтықты сақтаудың 14 жайты, 16 калибрлі тегіс ұңғылы мылтықты сақтаудың 8 жайты, травматикалық қару бойынша 8 жайт, оқ-дәрілерді сақтауға қатысты 6 жайт, суық қаруды сақтаумен 4 жайт, аңшылық мылтық бойынша 3 жайт, 1 жайт автомат қаруына қатысты іс болып табылады.

Сонымен қатар облыс аумағында тәртіп сақшыларымен атыс қаруын пайдалана отырып жасалатын қылмыстардың алдын алуға және жолын кесуге, заңсыз сақталған, тіркелмеген қаруды анықтауға бағытталған «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезең-кезеңімен өткізіліп отырады.

Мәселен 2022 жылдың 15 қаңтары мен 25 сәуір күндері аталмыш республикалық іс-шара өткізіліп, заңсыз азаматтық айналымнан 54 қару тәркіленіп алынған. Ал 25 сәуірден бүгінгі күнге дейін тұрғындардағы тіркелмеген қаруды сатып алу республикалық акциясы аясында, түркістандық тұрғындар полицияға өз еріктерімен 167 қару тапсырған. Тамыз айының 15-19, 25-28 күндері аралығында Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлерінің бастамасы арқылы қала, аудандық полиция бөліністерімен бірге «Қару» шарасы өтті. Іс-шара кезінде 14 дерек анықталып отыр. Оған қоса полицейлердің күн тәртібінен заңсыз қару айналымымен айналысатын адамдар мен қылмыстық топтарды ұстау, қару иелерінің оны сақтаудағы ережелерді дұрыс атқарып жатқандығын тексеру жұмыстары түскен емес.

Нақтырақ айтсақ, Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында тәртіп сақшылары облыстағы қаруы бар тұрғындарды тексеріп, 650-ден астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде, ҚР ӘҚБтК-нің 482-бабы «Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленуі, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруі, тасымалдауы» бойынша 67 әкімшілік хаттама толтырылды. ҚР ӘҚБтК-нің 484-бабымен «Азаматтық, қызметтік, марапаттық, коллекциялық қаруды, оның патрондарын сатып алу, беру, есепке алу, сақтау, пайдалану, тасымалдау, Қазақстан Республикасының аумағына әкелу, Қазақстан Республикасының аумағынан әкету және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өткізу тәртібін бұзу» 400 жайт пен ҚР ӘҚБтК-нің 486-бабы бойынша «Азаматтық, қызметтік, коллекциялық қаруды тіркеу (қайта тіркеу) не оны есепке қою тәртібін бұзу» 190 тәртіп бұзушыны жауапқа тартты.

Осы RSS каналға жазылу