Super User

Super User

Түркістан: Оқушы мен полицей, жаяу жүргінші жолағы

Бұл көрініс баршаңызға таныс болар. Бүгіннен бастап барлық мектептердің алдында полицейлер тұрады. Яғни, білім ошағының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі ювеналды полиция инспекторлары таңертеңгісін, түскі уақытта, кешғұрым оқушылардың жолдан аман-есен өтуін қамтамасыз етіп, мектеп алдында сақадай сай орналасады.

Білім мекемесіне бөлінген полиция қызметкерлері күнделікті жол бойында орналасқан мектептерде оқитын балалардың жаяу жүргіншілер жолағымен дұрыс өтуін, жол ережесін бұзбауын және жол апатына ұшырамауы немесе себепші болмауын қадағалауда.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған мұндай іс-шараларды Түркістан қаласының сақшылары күнделікті таңғы сағат 07:45-тен кешкі сағат 19:30-ға дейін, яғни оқушылардың мектепке баруы мен шығуы уақытында іске асырады.

ТҮРКІСТАН:ОҚУШЫЛАРҒА ЖОЛ БЕЛГІЛЕРІН ТАНЫСТЫРДЫ

Полицейлер бастауыш сынып оқушыларына жол белгілерін таныстырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Түркістан облысының полицейлері «Алғашқы қоңырау» мерекесіне орай, облыстағы барлық білім ордасына барып, мектеп алдындағы көшелер мен қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында, арнайы іс-шара өткізді. Сондай-ақ полицейлер бастауыш сынып оқушыларына жол қауіпсіздігі, жол қозғалысы ережелері бойынша сабақ өтті.

Мысалы Түркістан қалалық Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Шералы Абдраманов, №15 М.Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясының 2-сынып оқушыларымен кездесіп, жол ережесін сақтау бойынша түсіндірме жүұмыстарын жүргізді. Яғни полиция полковнигі мектеп оқушыларына, бағдаршамның рөлі, ондағы үш түстің не мағына беретінін айтты.

Басқа да жол белгілерін көрнекілік арқылы көрсете отырып, жолда жүру ережелері туралы ескертпе қағаздарын таратты. Жалпы бұл іс-шаралардың барлығы оқушылардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, болдырмау, жол қозғалысы ережесінің қатаң сақталуын насихаттау болып табылады.

Полицейлер оқушыларға құқықтық білім беріп, дәріс өтті

Бүгін - Білім күні! Яғни еліміздегі барлық мектептер есіктерін айқара ашты. Оқу орнының табалдырығын енді аттаған жеткіншектен бастап, бітіруші түлектерге дейін жүздеріне қуаныш ұялап, ұстаздарымен қауышуда. Ал облыстың тәртіп сақшылары күздің алғашқы мерекесі қарсаңында, өңірдегі барлық мектептерге барып, оқушыларды, мектеп ұжымын жаңа оқу жылымен құттықтап, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.

Сонымен қатар ПД бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтың тапсырмасына сәйкес, барлық қала, аудандық полиция басқарма, бөлімдерінің басшылығы, жеке құрамы таңғы сағат 07:00-ден бастап, қызметте тұр. Полицейлер сабақ өтіп, оқушыларға түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Мәселен Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Асылжан Қалдарбеков, облыс орталығындағы №15 М.Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясының жоғары сынып оқушыларына слайдтар, көрнекіліктерді пайдалана отырып, арнайы дәріс өтті.

Лекцияда қылмыстық жауаптылықтың жасы, есірткі қылмысының алдын алу, зорлық-зомбылықтың құрбаны болып қалмау және өз құқықтарын қорғау үшін қайда жүгінуге болады?-деген тақырыптар аясында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Яғни оқушыларға құқықтарын қорғау үшін енгізілген өзгерістер, қылмыстық жауаптылық басталатын жас мөлшері, есірткі заттарын тұтынудың денсаулыққа тигізетін зияны жайында кеңінен айтылды. Дәл осындай лекция №17 Ататүрік атындағы мектепте де ұйымдастырылды. Онда Түркістан облысы ПД Тергеу басқармасының бастығы полиция полковнигі Нұрмахан Жалғасов дәріс өтіп, қылмыстың алдын алу, болдырмау, жақсы әдеттерді бойына сіңіру, жаманнан жирену секілді мән-маңызы зор әңгіме өрбітті. Жасөспірімдермен тілдесіп, ашық сұқбат өткізді.

Өз кезегінде оқушыларда, мектеп мұғалімдері де полицейлердің жұмысын жоғары бағалап, әрбір ақыл-кеңесі, құқықтық білімі үшін алғысын жаудырды. Бұл іс-шаралар туралы полиция полковнигі Асылжан Қалдарбеков: «Білім күні мерекесімен баршаңызды құттықтаймын. Оқушылар, біз Полиция департаментінен арнайы келіп тұрмыз. ҚР ІІМ полиция генерал-лейтенанты Марат Ахметжанов барлық орта білім беру мекемелерінде «Жалпы құқықтық білім беру сабағын» өткізуді тапсырған болатын.

Сондықтан Сіздер үшін, Сіздердің қауіпсіздіктеріңіз үшін білгенімізді үйретіп, заңды түсіндірудеміз. Айтарым, жаман әдеттерден аулақ болыңдар, есірткі қылмысына жол бермеңдер. Қылмыстың өтеуі – жаза! Қылмыссыз қоғам құруда, Сіздердің де үлестеріңіз мол! Біз Сіздерге сенеміз!»-деп атап өтті.

 

ТҮРКІСТАН: ШЕКАРАДАН ЕСІРТКІ АЛЫП ӨТПЕК БОЛҒАН...

Шекарадан марихуана алып өтпек болған шетелдік анықталды.

Полиция қызметкерлері шекарадан есірткі алып өтпек болған шетелдікті анықтады. Нақтырақ айтсақ, «Қарасора-2022» профилактикалық шарасын жүргізу барысында Өзбекстандық азамат «Атамекен» шекара бақылау бекеті арқылы Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасына өткен. Ер адам төлқұжатқа мөр бастырып шыққан сәтте, «Икар» атты қызметтік ит белгі беріп тоқтатқан.

Полицейлер жедел іске кірісіп, шетел азаматын тінту кезінде, оның оң аяғына киген шұлығынан полиэтилен пакетке оралған есірткіге ұқсас затты тапты. Тәркілеп алынған затқа бірден сараптама тағайындалып, нәтижесінде «марихуана» есірткісі болып шықты.

Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 286-бабы «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша тіркеуге алды.

Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Анықталғандай күдікті ер адам Қазақстанға жұмыс істеу мақсатында келген.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға есірткіні заңсыз тасымалдағанға қатаң жаза көзделгенін ескертеді. Тәртіп сақшылары шекарадан өтпек болған тұрғындарға есірткіге байланысты құқық бұзушылықтан аулақ болуға шақырады. Егерде сіз есірткі құралдарын сақтау және заңсыз айналымы туралы қандай да бір ақпаратты білсеңіз, тез арада полицияның 102 нөміріне хабарласыңыз.

Осы RSS каналға жазылу