Super User

Super User

«Қызыңды жоғары оқу орнына грантқа түсіріп беремін деп» тұрғынды алдаған алматылық әйел анықталды

Шардара АПБ-ға арызданып келген жергілікті тұрғын алаяқтықтың құрбаны болғандығын жеткізді. Яғни танысы 2020 жылдың желтоқсан айында "қызыңды жоғары оқу орнына грантқа түсіріп беремін" деп сеніміне кіріп, 1 000 000 теңгесін алған. Аталған жайтты тәртіп сақшылары ҚР ҚК-нің 190-бабы "Алаяқтық " бойынша тіркеді.

Шардаралық тәртіп сақшылары тұрғынды алдап, ақшасын алып кеткен күдіктіні қолға түсіріп, қылмысты ашу мақсатында іздестіру шараларын жүргізді. Қажетті деп танылған барлық іс-шараларды жүзеге асырды. Нәтижесінде полиция қызметкерлері күдікті ретінде жұмыссыз, Алматы қаласының тұрғынын анықтады.

Белгілі болғандай, сезікті әйел Шардараға қыдырып келген. Ал алаяқтықпен алған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жіберген. Тәртіп сақшылары күдіктінің бұдан басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтау үстінде.

Бүгінгі таңда алаяқтық жолмен азаматтарды алдап, сенімге кіріп, соңында полицейлердің көмегіне жүгініп жатқандар көбеюде.

Сондықтан облыс полицейлері мүмкіндігінше сақ болып, кез келген адамға артық сенім білдірмеу керектігін айтады.

10 қап шекер алып, жалған түбіртек көрсеткен ер адам анықталды

Ордабасы аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, оның азық-түлік дүкенінен танысы 10 қап шекер сатып алып, жалған түбіртек көрсеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 186 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.

Тәртіп сақшылары хабарлама келіп түскен бойда, дереу іске кірісті. Олар қылмысты ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Полицейлердің жедел іздестіру шараларының нәтижесінде, күдікті жас жігіт анықталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.

Анықталғандай, күдікті жігіт оңай олжалы болуды көздеген. Ол алдын ала көлігіне 10 қап шекерді апарып салып алып, соңғы қапты алғанда кассаға жалған түбіртек көрсеткен. Ал қаптағы шекерді сатып, ақшасын жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Облыс полицейлері тұрғындарға алаяқтықтың алдын алу үшін сақ болуды ескертеді. Тұтынушылардың түбіртек көрсеткенінде, оның жалған емес екендігіне толық көз жеткізуді сұрайды.

Полицейлер жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткен ер адамды анықтады

Республика көлемінде 19 шілде мен 18 тамыз аралығында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық шарасы жүйелі түрде жүргізілуде. Осы тұрғыда Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері рейдтік шара ұйымдастырды. Нәтижесінде, сағат 02:00 шамасында Мырзакент-Атакент тас жолы бойында қауіпсіздік белдігін тақпай келе жатқан «Mersedes Benz» маркалы автокөлікті тоқтатты. Жүргізушінің құжаттарын тексеру кезінде, оның жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткені белгілі болды. Сонымен қатар, оның мас күйіне күдіктенген полицейлер, бірден медициналық сараптама тағайындады. Сараптама қорытындысына сәйкес, ер адамның алкоголдьді мас халде екендігі расталды.

Тәртіп сақшылары аталған көлік жүргізушісіне ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы 2-бөлігі «Жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау» және ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы 2-бөлігі «Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқаруы» бойынша хаттама толтырды. Сондай-ақ алкогольдік ішімдік ішіп, көлік басқарғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 6-бөлігі «Көлік құралын басқаруға құқығы жоқ адамның масаң халде көлік құралын басқаруы» бойынша іс-құжаттар жинақталып, Мақтааарал аудандық сотына жолданды.

Облыс полицейлері тұрғындарға көлік жүргізуден алдын, құжаттарыңыздың толық болуын қадағалауды сұрайды. Және де мас халде көлік басқармауға кеңес береді.

Түркістандық полицейлер алтын бұйым ұрлаған күдікті әйелді қолға түсірді

Түркістан ҚПБ-ға алтын бұйымдарды сатумен айналысатын сатушы әйел арызданды. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз біреу оның сатылымда тұрған алтын білезігін жымқырып кеткен. Келтірілген шығын 250 000 теңгеге жуық. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы “Ұрлық" бойынша тіркелді.

Қылмысты дер кезінде ашу мақсатында Түркістан ҚПБ-ның қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер шұғыл іздестіру жұмыстарын жүргізді. Куәлардан жауаптар алынып, ғимараттағы барлық бейнекамералар жіті қаралды. Нәтижесінде түркістандық тәртіп сақшылары күдіктінің ізіне түсті. Бір күн ішінде оның түр-тұлғасын анықтап, полиция басқармасына жеткізді.

Анықталғандай, күдікті жас әйел жергілікті тұрғын болып шықты. Ол оңай жолмен ақша табу мақсатында, сатушының байқамай тұрған сәтін пайдаланып, алтын бұйымды жымқырған. Бүгінде полицейлер айғақты зат ретінде күдіктіден ұрланған алтын әшекейлерді тауып, заңды иесіне қайтарды.

Түркістан облысы полиция қызметкерлері тұрғындарға ескертеді: үй-жайларыңызға, жеке ғимараттарыңыз бен нысандарға мықты құлып орнатып, бейнекамералармен жабдықтаңыздар. Сондай-ақ аулаларыңызды жарықтандырып, есік-терезелеріңізге темір тор жасатыңыздар. Егер де, сіз, осы секілді ұрлық жайтының құрбаны немесе куәсі болсаңыз, тез арада «102» нөміріне хабарлаңыз.

Осы RSS каналға жазылу